Өңірде ең бірінші кезекте медицина қызметкерлері вакцина алып жатыр. Бүгінге дейін 365 дәрігерге Ресейдің «Спутник V» вакцинасы егілді. Ресейден әкелінген 1200 вакцина таусылған соң, «Қарағанды фармацевтік кешені» шығарған «Гам-КОВИД-Вак» пен БҒМ Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми институтының «QazCovid» вакцинасы пайдаланылатын болады.
Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында облыстың бас санитарлық дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев мәлім етті.
«Қазір 18 жасқа толмаған және 65 жастан асқан тұрғындарға вакцина салынбайды. Мұның «Спутник V» вакцинасының сапасына еш қатысы жоқ. Статистикалық мәліметтердің аздығынан осындай ұйғарымға келіп отырмыз. Статистиканы талдауға бірнеше ай уақыт кетеді, тек содан кейін ғана балалар мен егде тартқан азаматтарға вакцина егу туралы шешім қабылданады», деді бас санитар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Рүстем Айтбаевтың сөзінше, ақпан айында тек медицина қызметкерлеріне екпе жасауға мүмкіндік бар. Өйткені дәрігерлер күнделікті жұмыста вирус тасымалдаушылармен кездесуі мүмкін. Сондықтан оларды мейлінше сақтандырып, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз еткіміз келеді. Ал контингентті кеңейту мәселесі мамыр айында шешіледі.
Облыстың бас санитарлық дәрігері Қытайдан Pfizer вакцинасын алдырту жөнінде келісім жүріп жатқанын айтып қалды.