Қоғам • 05 Ақпан, 2021

Зейнетақы жинақтарын жеке компаниялар басқара ма?

831 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде зейнетақы жүйесін жаңғыртуды ашық жүргізу мен салымдарды тиімді басқарудың тетіктері үнемі айтылып келеді. Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің инвестициялық портфельді басқару қағидаларын дайындауы саланы жетілдіруге бастаған маңызды қадамдардың бірі болса игі деген ойға жетелейді. Ереже осы жылдан бастап, қазақстандықтардың зейнетақы активтерін жеке компаниялардың басқаруына байланысты қадамдарын айқындауы тиіс.

Зейнетақы жинақтарын жеке компаниялар басқара ма?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке сенімгерлік басқаруға беру туралы өткен жылдың соңында мәлімдеген-ді. Осыған орай биыл азаматтардың инвестициялық портфельді басқарушыларға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке сенімгерлік басқаруға өткізуіне мүмкіндік берілмек. Ендігі кезекте аталған агенттік зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға беру тәртібін белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сүйенсек, жұмыс істеп жүрген азаматтар басқарушы компанияны дербес таңдай алады. Зейнетақы активтерін реттеушінің лицензиясы бар, жұмыс істеп тұрған компаниялар ғана басқара алады. Жеке басқаруға берілген қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету үшін тиісті реттеу талаптары белгіленеді. Басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің кірістілігіне кепілдік беру құқығы жоқ, алайда оның іс жүзіндегі кірістілігі белгіленген деңгейден төмен болса, салымшыларға өз қаражаты есебінен бұл айырманы өтеуге тиіс. Қарастырылған мерзім ішінде салымшылардың қаражатты Ұлттық банкке қайтару немесе басқа компанияға аудару мүмкіндігі сақталады. Бұл шара азаматтардың өзінің зейнетақымен қамсыздандыруын жоспарлау жөніндегі жауапкершілігін арттыруымен байланысты. Қажет болған жағдайда салымшылар өз жинақтарын жылына бір рет басқарушы компаниядан келе­сісіне аудару мүмкіндігі бар. Зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру инвесторлардың институционалдық сегментінің нығаюына және еліміздің қор нарығының дамуына оң ықпал етеді деп болжануда.

Осы орайда Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымдарды негізсіз жұмсап отыр деген пі­кірімен бөліскен қаржыгер Айдар Әлібаев салымдардың бір бөлігін жеке басқару компанияларына беру мәселесімен келісетінін айтады. Сарапшы атап өткендей, бүгінде БЗЖҚ қаржы институты ретінде Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің бақылауында болғанымен, зейнетақы активтерінің Ұлттық банктің басқаруында болға­ны дұрыс емес. Өйткені Ұлттық банк қаржыны пайда әкелмейтін квази­мемлекеттік компанияларға салып, банктерді қолдауға, ал жартысын мемлекеттік құнды қағаздар нарығына жібереді. Міне, осылайша, салымшылардың салымдары талан-таражға түсуде. Ал жеке басқару компаниялары мұндайға жол бермес еді. Жеке компаниялар салымдардың пайдасына мүдделі болғандықтан, негізсіз қадамдарға бармайды деуге негіз бар. Сондықтан салымдарды бақылауды тиісті агенттіктің қарамағында қалдырып, зейнетақы активтерін БЗЖҚ мен жеке басқару компаниялары арасында бөлу қажет.

Ал қазіргі жағдайға байланысты Айдар Байдәулетұлының айтуынша, зейнетақы салымдары кәрілікті қамтамасыз етуге арналғандықтан, оны қандай да бір мақсаттарға жұмсаған дұрыс емес. Ендігі кезекте көптеген салымшылар қаражаттарын балалары мен немерелеріне үй алуға жұмсай бастайды да, зейнет жасына жеткен тұста қорсыз қалуы мүмкін. Сонымен бірге қазіргі кезде нарықтағы ахуалды сараптайтын болсақ, жылжымайтын мүлік нарығында баға күннен-күнге шарықтап барады. Бұл – салымдарды мерзімінен бұрын шешіп алудың алғашқы әлеуметтік салдары. Сонымен қатар денсаулық мекемелерінде жемқорлыққа жол берілуі ықтимал. Өйткені салымшы қаржысын алу мақсатында анықтама алуы тиіс. Қазіргі жағдайда салымшылар зейнетақы салымдарын емделуге жұмсаған тиімді екенін айтқан қаржыгер Айдар Әлібаев мұндай қадамдардың әлемдік тәжірибеде де бар екенін айтады. Сондай-ақ ресми белгіленген 5 пайыздық инфляция жағдайында теңге салымдары долларға шаққанда өз құнын жоғалтады. Ал шындығында нарықтағы ахуалмен бағамдағанда нақты инфляция деңгейі шамамен 25-30 пайызды құрап отыр.

БЗЖҚ-дан зейнетақы жинақтарын пайдалануға рұқсат беруді әу бастан қателік деп санайтын қаржыгер Расул Рысмамбетов: «Бұл – тез шешілмейтін жағдай. Өйткені көптеген қазақстандықтың ұрпағы өздерінің жарқын зейнет жасын қамтамасыз ете алмайтын болады. БЗЖҚ қаржыны бюджетке, квазимемлекеттік сектор мен банктерге үлестірмей, кәсіби түрде инвестициялауы қажет еді. Әрине, тегін ақшаны пайдалану оңай, ал зейнеткерлердің құқығын кім қорғайды?» деп алаңдаушылық білдіреді.

Ал қаржыгер зейнетақы салымдарын жеке басқару компанияларына беру мәселесі тұрғысында «олардың бүгінде бірқатары банктер жанында жұмыс істейді әрі осы қаржы институттарының мүддесін көздейді» деген пікірде.

«Қалыптасқан ахуалға сәйкес зейнетке шыққан азаматтар өз са­лымдарын дұрыс пайдалана алатындай болуы керек. Мұны ел билігінің әлеуметтік қадамға әрекет жасауынан туындап отырған жағдай дегенімізбен де, азаматтардың болашағына қамқорлық ретінде қарастыра алмаймын. Бұл алған ақшаларыңды қалай жұмсасаңдар да өздерің біліңдер деп отырғанға саяды. Қаржы ғылымы тұрғысынан қарағанда кәсібилікке жатпайтын қате қадам. Өйткені азаматтардың барлығы бірдей өз салымдарын басқара алатындай қаржылай сауаты жете де бермеуі мүмкін. Олар негізгі инвестицияны тұрғын үйге салады. Ендігі кезекте тұрғын үй сататын құрылыс компаниялары мен ипотека үлестіретін банктердің мүддесі үстемдік құрғалы тұр», дейді Р.Рысмамбетов.

Сарапшының айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымдарын басқарып отырған Ұлттық банк болғанымен, бастама Үкіметтен шы­ғып отыр. Ал БЗЖҚ Ұлттық банкке мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу туралы үнемі айтып отырды. Бүгінде БЗЖҚ салымдарының 50 пайыздан астамы мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған. Сонымен қа­тар БЗЖҚ басқарушылары қазіргі экономикалық жүйеде теңгемен салынған инвестициялардың құнсызданатынын да түсінуі керек еді. Бағалы мемлекеттік қағаздар бюджеттік дефицитті қамтамасыз ету үшін шығарылады. Дағдарыстың туындап отыру себептерінің де негізі осында.

«Сонымен бірге елімізде жүзеге асып жатқан көптеген ірі жобалар мемлекет есе­бінен жүзеге асуда, ал бюджеттік жүйемізде тәртіп жоқ. Егер де қаржыны осылай оңды-солды пайдасы жоқ, шығыны көп жобаларға сала беретін болсақ, Ұлттық қор қаражатының өзі жетпей қалуы мүмкін. Ал тесік шелектің түбін жамамай, жағдай осылай жалғасын таба беретіні сөзсіз. Бұл жерде Норвегияның классикалық қорын негізге алсақ, оларда тұрақты табыс бар. Әртүрлі акцияларға салады, аз болса да, көп болса да пайда табады. Олар өзінің ұлттық қорынан бюджет дефицитін қаржыландырмайды. Ал біздің елімізде бюджет дефициті салықтың аз жиналып, көп шығын жасаудың салдарынан туындап отыр. Бұл әлсіз елдерге тән құбылыс. «Барында батып іш, жоғында сатып іштің» кері. Мемлекеттің шығыны көп. Ал көптеген шенеуніктердің қалай өмір сүріп жатқанын күнделікті өмір өзі көрсетіп отыр. Осылайша, бюджетті үнемдей алмағаннан кейін БЗЖҚ ақшасына қол салуға тура келді. Ендігі кезекте салымшылардың 80 пайызы баспана сатып ала алмайтыны анық, тек жалға ала бастайды. Егер де жоғарыда атап өткендей, тесік шелектің түбін жамамайтын болсақ, жағдай жақсарады деп айту қиын», дейді Р.Рысмамбетов.

Ал салымшылар үшін маңыздысы – емделу, яғни қаржыны денсаулыққа жұмсау. Қазір қолда ақша пайда болғаннан кейін эконом­сегменттегі үй бағасы көтеріледі. Енді бәрі баспананы қымбатқа алатын болады. Қазірдің өзінде үй бағасы 17-18 пайызға, ал құрылыс шығындарындағы импорт үлесі 40-50 пайызға қымбаттаған. Ал жалақы шамамен 11 пайызға өскен. Азаматтар Үкіметке сенбейді, сондықтан да салымдарын үнемі алып отыруды тұрақты үрдіске айналдырады. Ал білімге, оқуға жұмсау жағына келетін болсақ, бұл саланың көкейкесті мәселесі өз алдына. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің басым көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жұмыссыз жүрген дипломды жастар көп.