Пікір • 05 Ақпан, 2021

«Бір сәт – бүкіл ғұмыр» мақаласына орай...

874 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде жария­ланған «Бір сәт – бүкіл ғұмыр» (№9, 14 қаңтар, 2021 жыл) атты мақаланы оқи отырып, тарихи тұл­ға­лар түскен сурет бол­ғандықтан және кей­бір ақпараттарды нақтылап, анықтап кету мақсатымен осы пікір жазбаны жол­дап отырмыз. Себебі Дінмұхамед Қонаев­тың Абай жері­не келуі туралы естелік әңгімені ба­ла кезімнен әкем мен анамнан ес­тіп өсіп едім. Себебі ол кісілер аудан­ның, ауылдың басшылығымен бірге Жидебайда Д.Қонаевқа түскі ас беру шаруаларына араласып, тіпті қоштасарда анамның қасына келіп: «Рахмет, сау бол, қарындасым», деп қолын ұстап, сосын: «Қарындасым-ау, өзің жаурап қалыпсың ғой», деген ағалық ықыласы мен пейіл білдір­генін үнемі айтып отыратын. Сол кезде құралай ерте түсіп, күн салқын болған екен.

«Бір сәт – бүкіл ғұмыр» мақаласына орай...

Біріншіден, мақалада айтылған­дай фото Абайдың 125 жылдық мерей­тойы қарсаңында емес, 1974 жылы, нақтырақ айт­сақ, 14 ма­мы­р күні түсірілген. «1974 жыл­дың мамыр айында Абай ауда­нына Д.Қонаев келіп, Қарауылда мә­дениет үйінде халықпен кездесу жасап, түске таман Абай музейін ара­лап, зира­тына келді. Түскі ас Жиде­байда берілетін болғандықтан, Абайдың 125 жылдығына арнайы­ жасалған киіз үй тігіліп, түскі ас­қа жауапты Бірлік совхозы (Қазір­гі Көкбай ауылы) болды. Мен Қонаев­қа түскі ас беруге қатысқан бо­ла­тынмын», деген еді әкем Әубәкір­ұлы Мағаз.

Екіншіден,  Абай ескерткіші қасында түскен фотодағы адамдарды қарай отырып, қаншама тарихи сәттерді еске түсіруге болады. Д.Қонаевпен бір­ге Абай ауданына кімдер келіп еді, фото­дағылар кімдер деген сұрақтар жауабын тосқандай...

Осы сапарда Д.Қонаевпен сол кез­дегі Семей облыстық партия коми­те­ті­нің бірінші хатшысы Н.Е.Морозов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Е.Қашағанов, Орта Азия әскери окру­гінің қолбасшысы, армия генералы Ля­щен­ко бірге келген еді.

Фотодағы кімдер екенін нақтырақ айт­сақ, сол жақта бірінші тұрған сол кез­дегі ҚазССР-нің Мемлекеттік қа­уіп­­сіздік комитеті төрағасының бірінші орын­баса­ры­ болған, генерал-майор Әбдіманап  Тлеулиев. Қонаевпен оны тек жеке достық емес, сонымен бірге өз халқына және ұлы бабалардың туған жеріне деген сүйіспеншілік байланыстырған екен. Екінші тұрған – генерал Лященко, үшінші – Шәкәрімнің баласы Ахат Құдайбердиев, одан кейін, әрине, Д.Қонаев, бесінші – Е.Қашағанов және одан кейінгі тұрған Бәтташ Сыдықұлы.

Осы ретте бірер тарихи сәтті айта кетсек...

Д.Қонаевты сол кездегі Абай ауда­ны­ның бірінші хатшысы Н.Сембаев пен екінші хатшы Бәтташ Сыдықұлы «Еңлік пен Кебек» ескерткіш-мемо­риалының алдынан тосып алыпты. Бәтташ аға мемлекет басшысының алдында ауданның бай тарихы мен әдебиетін, ұлылар топырағының ерекшелігін жан-жақты көркем, әсерлі түрде баяндап береді. Д.Ахметұлы Бәтташ ағаның шешен­дігінен әсер алғандығы туралы белгі­лі журналист Д.Сейсенұлының есте­лік әңгімесі осы сәттің шындығын айғақ­тап тұрғандай:

«1974 жылдың 14 мамырында Абай еліне Димаш Ахметұлы Қонаев келді. Ел болып, «Еңлік-Кебек» ескерткішінің басында қарсы алады. Мәртебелі қонақ­тар­дың алдында елді таныстыру үшін Бәкең сөз бастайды.

«Абай ауылы – шежіреге кең ауыл, Абай жұрты – мол мұралы, сырлы жұрт. Бір сәтке төңірекке көз жүгір­тіңізші:

Сонау Қоңыр жотаны

Қалқаманның қасы ма деп қаласыз,

Ағып жатқан бұлақты

Мамырдың көз жасы ма деп қала­сыз,­

Селдіреп тұрған селеуді

Еңлік қыздың шашы ма деп қаласыз,

Жазықта жатқан жалғыз тасты

Ер Кебектің басы ма деп қаласыз.

Иә, сол ер Кебек пен ару Еңліктің зираты осы»,  дей жөнелгенде, Димаш ағамыз ерекше риза болған екен...

Бұл әңгіме Алматыға жетеді. Алтай мен Атыраудың арасында қазақтың бірінші басшысы Абай еліне барғанда, бәленшекең былай деп таныстырыпты деген әңгіме тарайды».

«Еңлік-Кебек» ескерткіші басын­дағы тағы бір қызық жағдайды осы ретте айта кеткен жөн болар. Д.Қонаев келеді деп тігілген киіз үйлердің жанына стендтер орналастырылып, оған ауданның цифрлық көрсеткіштері жазылып қойылыпты. Д.Қонаев осы жоспарларға арналған ақпаратқа назар аударып, ел мен жердің тарихын айтып болған Бәтташ ағаға қарап: «Біздің құда­ларымыздың аулының биелері егіз табады екен ғой», деп жымиған екен. Сөйтсе, стендіде «100 биеден 102 құлын аламыз» деп социалистік жоспарларын жазып қойыпты...

Осыдан кейін Бәтташ аға көп ұзамай, екінші хатшылықтан Семей облыстық телерадиокомитеттің төрағалығы қызметіне жоғарылапты.

«Egemen Qazaqstan» газетіндегі мақалада «Алайда суреттің авторы көр­сетілмеген еді» деп көтерілген ке­ле­сі бір маңызды дүние – фотоны кім түсірген деген сұрақ. Мақалада Қали­ғұмар Қабдешұлына хабарласып, бірақ ол кісінің бұл суретті түсірмегендігі айтылады.

Біз суретті түсіруші – Оразбай Хасе­нов деп айтамыз. Д.Қонаевтың фотографы және сонымен бірге жеке күзетшісі болған Горянов Анатолий Ива­нович түсірсе, ол деректер Қонаев­тың музейінде болса керек-ті. Ал осы сапар кезіндегі Қарауылда және Жи­де­­байда түскен суреттердің Абай ауда­нында таралуына орай, жергілікті фотографтың түсіргендегі анық. Олай болса, сол кездері ауданға келген сыйлы қонақтарды фотоға түсіруші болған Саржал ауылының тумасы Оразбай Хасеновтің осы суретті де түсіргендігі айқын болады.

Осы ретте Д.Қонаевтың Шәкәрімнің баласы Ахат Құдайбердиевке жоғары пейіл білдіргенін баса айта кеткен жөн. Негізі Ахат ақсақал сыйлы қонақтарға арнап тігілген үлкен қазақ үйдегі түскі асқа кіретіндер тізімінде болмапты. Д.Қонаев ақсақалды Абай ескерткіші жақтан бірге ертіп әкеліп, ортадағы үлкен креслоға отырғызып, бір жағына өзі, бір жағына Н.Е.Морозовты отырғызады. Ал Лященко мен тағы басқа­лар одан төмен отырып қалыпты. Бұл – Абай, Шәкәрім ұрпақтарына Д.Қонаевтың үлкен құрметпен қарағандығының айқын көрінісі. 

 

Жандос ӘУБӘКІР,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

Абай академиясының директоры,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент