Аймақтар • 07 Ақпан, 2021

Қостанайда қоғамдық көліктер тоқтап қалуы мүмкін

123 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өздерін қоғамдық көлік жүргізушілері деп таныстырған бір топ ер адам Қостанай тұрғындарына «8-ақпан күні жұмысқа шықпаймыз» деген үндеу таратты.

Қостанайда қоғамдық көліктер тоқтап қалуы мүмкін

Жыл басында қала әкімдігі қоғамдық көліктерге валидатор орнатылып,  9-ақпаннан бастап автобустар жолақы қабылдаудың жаңа тәртібіне тегіс көшетінін мәлімдеген. Әкімдік төлем карталарын алмаған жолаушылар үшін 150 теңге мөлшеріндегі қолма-қол жол ақысын белгілеп отыр.

Әлеуметтік желіні шарлап кеткен бейнежазбада автобус жүргізушілері  жолақы төлемінің жаңа жүйесіне наразылық білдірді. Жүргізушілер өздеріне лайықты еңбекақы тағайындап, жұмыс істемей қалған валидатор үшін жауапкершіліктен босатуды талап етеді. Сондай-ақ, кондукторлық міндеттен бас тартып отыр. 

Қоғамдық көлік жүргізушілері қолма-қол жол ақысының негізсіз қымбаттауы туралы да мәселе көтерді. «Жолға 150 теңге төлеу қала тұрғындарының көбіне, әсіресе студенттерге, жастарға, қарапайым жұмысшы адамдарға ауыр тиеді», - деді бейнежазбадағы ер адамдардың бірі.

Қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Касимов бұл жағдайдан хабардар екенін айтты.

«Жүргізушілердің 8-ақпан күні наразылық танытуы екіталай. Өйткені біз, біріншіден, тендерді ұтып алған заңды тұлғалармен жұмыс істеп жатырмыз. Келісім-шартқа сәйкес, олардың автобусы міндетті түрде маршрутқа шығуы тиіс. Егер келеңсіз жағдай орын алатын болса, қолымызда конкурстық құжаттар мен жолаушылар тасымалы туралы келісім-шарт бар. Мәселенің бәрін заң шеңберінде шешеміз, - деді әкім орынбасары.