Ана тілін меңгере бастағаннан ол бірте-бірте ортаның ұлттық қасиеттерін бойына сіңіреді, оның ойлау жүйесі де, ақыл-ой өрісі де, ұлттық нышандары да айқындалады. Сондықтан адамның ана тілі – оның ата-анасының тілі емес, оның өскен, тәрбиеленген санасына сіңген тіл. Адам қай тілде сөйлеумен бірге сол тілдің грамматикасын, дыбыс ерекшелігін, сөз байлығын, әдебиетін игеріп, сол тілде ойлау әдісін де меңгереді. Бұл психология, әсіресе шетелде тұратын эмигранттарға, отарланған халықтарға тән.
Отарлаушы ұлттың тілін, мәдениетін зорлап таңу екі жақты психология туғызады. Бір жағынан, гипертрофиялық ұлттық идея, шовинизм, басқа тілдерді менсінбеу, ығыстыру болса, екінші жағынан, ол атрофия, бағынышты халықтарды ұлтсыздануға, ұлттық қасиеттердің, тілдің әлсіреуіне әкеледі. Атрофияға ұшыраған ұлт өкілдерінің басым көпшілігі бөтен тілді, мәдениетті де терең қабылдамай, өз құндылықтарынан да біраз қол үзіп, құлдырауға ұшырағандар аз емес. Олар интеллектуалдық та, моральдық жағынан да кемшін. Бірақ ұлтсыздану індетіне шалдыққан өздерінің құл болғанын сезе бермей, өмірден өте береді.
Сондықтан Кеңес Одағы сияқты ірі державаның күйреуі барлық одақтық республикаларда тіл төңірегінде әрқилы психологиялық көңіл күй туғызды. Байырғы халықтар дербес мемлекеттілікке қол жеткізіп төбелері көкке жетіп, эмоциялық жағдай асып-тасып, кейде ұлттық жауапкершілікті де ұмыттырды. Мысалы, Молдовада мемлекетік тіл молдован (румын) тілін жариялаған тұста славяндар басым аймақтың халқын шошындырып, олар бөлініп кетті. Енді бүгін Приднестровье – Ресейдің ықпалындағы халықаралық мәртебесі жоқ аумақ.
Тәуелсіздік алу тілдердің еркіндік алуынан басталып, ең өткір саяси мәселеге айналып, бүгінге дейін тиянақты шешімін таба алған жоқ.
Эстония, Латвия, Грузия сияқты елдерде орыс тіліне шетелтілі мәртебесі беріліп, орыс тілі тек мемлекеттік емес мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылады. Балтық жағалауындағы елдер ағылшын тілін білуге зор мән береді. Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінде орыс тілі төңірегінде проблема жоқ деуге болады, оларда славяндар 5-6%-ы құрайды. Бірақ олар бүгін орыс тілін білуге мүдделі, ақылы курстарға барып, орыс тілін үйренуде, себебі Ресейде еңбек етіп, табыс табады, ал тапқандары елдерінің бюджетінің үлкен қаржы көзі болып отыр. Украинаның Ресеймен шекаралас аймақтары халқының басым көпшілігі орыс тілін басымырақ қолдаса, батыс аймақтары түгелге жақын орыс тілін қолдамайды. Тіл мәселесі елдің бірлігі мен тұтастығына зор ықпал етеді. Бірқатар постсоветтік елдерде орыс тілін отарлаушы ұлттың тілі деп бағалап, оның үстемдігінен арылуды рухани тәуелсіздіктің кепілі, құлдықтан еркіндікке жетудің амалы деп есептейді. Әрине, өзінің құл болғанын сезінген ұлт қана азаттыққа, тілдік тәуелсіздікке ұмтылады, сонымен бірге отарлаушы ұлттың өркениетінен алыстамайды.
Тіл саясаты әр елдің тарихына, демографиялық және діни құрамына, геосаяси жағдайына, білім мен мәдениетінің ерекшеліктеріне, елдегі саяси биліктің ұстанымына байланысты. Көп жағдайда тілдік ахуал диаспоралардың саны мен сапасына, ұстанымына, тарихи отандарының жақын-қашықтығына байланысты. Тілдердің өзіндік өмірбаяны мен географиялық аумағы да бар. Мысалы, Қазақстандағы алпысқа жуық диаспоралардың тарихи отаны, мемлекеттік тілі бар, олар тарихи отанына оралып та жатады. Сонымен бірге, бірқатар диаспораның мемлекеттілігі, бір жерде шоғырланған аумағы жоқ. Сондықтан болар, біздегі кейбір диаспора өкілдері бірыңғай қоныстанған аумақты меншіктегісі келеді, кейде ол дау да туғызып жатады. Ондай диаспоралардың Қазақстанда саны қырыққа жуық.
Этнолингвистердің тілдер пирамидасы деген сөзі бар. Конституция бойынша барлық тілдер тең дегенмен, мемлекеттік тіл пирамиданың төбесінде, онан төмен басқа тілдер орналасады. Осыған сәйкес пирамиданың төрінде қазақ тілі, онан төмен сан жағынан көп орыс диаспорасы, онан да төменгі сатыда жеті ірі диаспоралар – украин, өзбек, неміс, татар, ұйғыр, белорус, корейлер, ең төменгі сатыда 124 этностық топ орналасады: олардың 86-сының саны мыңнан, 42-сінің саны 200-ден, 53-інің саны 100-ден аспайды. Ал егер тілдердің қолдану аясы тұрғысынан сараласақ, пирамиданың басында орыс тілі тұрады. Бұл – көптеген отарланған ұлттардың тағдыры.
Бүгінде қай елдің де ұлттық бейнесі күрделі. Әр елдің тілдер мәселесін реттеуінің өз моделі, қайталанбас үлгісі бар, сонымен бірге ортақ заңдылықтары, қағидалары да бар. Оның ең бастылары: тыныштықты қаласаң, өз тіліңді сақта, бөтен тілді сыйла, сонымен бірге әділетті болу; мемлекеттік тілді саяси да, лингвистикалық та, экономикалық та, құқықтық тұрғыдан да қорғау; тіл тілге жау емес, бірақ тіл тілге бәсекелес. Сондықтан оларды қорғаудың деңгейі, әдісі, жолдары әрқилы.
Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттілік қалыптастыру жолында жас мемлекеттер ұлттық идеяны негізге алды. Қазақстан да ұлттық идеяны ұстанды. 1993 жылы қабылданған бірінші Конституцияда елдің конституциялық құрылыс негіздерінің бір маңызды қағидасы былайша баяндалады: «Өзін өзі билейтін қазақ ұлты мемлекеттлігінің түрі ретінде Қазақстан Республикасы өзінің барлық азаматының құқық теңдігін, қамтамасыз етеді». Бұл байлам Қазақстанның қазақ ұлтының мемлекеті екендігін айқын тиянақтады. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Орыс тілі «ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады» деп бекітті.
«Ұлтаралық тіл» дегеннің мәні әрқилы. Мысалы, АҚШ-та ағылшын тілі, Германияда неміс тілі, Ресейде орыс тілі, Францияда француз тілі – ұлтаралық тіл. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін Әзербайжанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда орыс тілі ұлтаралық тіл деп қабылданды.
Ұлтаралық қарым-қатынас тілдерінің мемлекеттік тіл қызметін де, мемлекеттің ішіндегі әртүрлі этностардың қатынас тілі функциясын да атқаратындығы бұл ұғымды әрқилы қабылдауға негіз болды. Қазақстандықтар арасында әлі де орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі деп те түсінушілер көп. Ал 1995 жылғы референдуммен қабылданған Конституцияда «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деген сөздермен басталады. Енді Қазақстан қазақтардың ғана емес, қазақстандықтардың да мемлекеті болып танылды. Ал «байырғы қазақ жерінде» деген, ел, жер қазақтікі, ал мемлекет барлық ұлтқа ортақ, барлығының қорғаны, ал «мемлекет құраушы ұлт – қазақ» деген концепцияға кейінірек келдік. Сол кезде қазақтардың көбі мемлекетіміздің ұлттық негізінің өзгергенін байқамаған да болар, пікірталастар да айтарлықтай өрбімеді.
Референдум арқылы қабылданатын заңдарды халық зер салып үңіліп оқи бермейді. Француз президенті Франсуа Миттеран (1981-1995) айтты деген сөз бар: «Референдум тамаша және демократиялық дүние, бірақ мәселе мынада, француздарға бір сұрақ қойсақ, олар екінші сұраққа жауап береді». Бұл тек француздарға ғана емес, Конституцияны қолдағанда елдің басым көпшілігі онымен мұқият таныса бермейді. Олар мемлекеттің саяси бағытын ғана қолдады. Дегенмен қазақстандықтар жаңа Конституцияны қолдап қателеспеді. Себебі бірұлттық, біртілді мемлекеттің ұлттық идеяға негізделуі қисынды, ал көпэтносты топтардан тұратын мемлекетті жалпы азаматтық идея біріктіреді. Біз Конституция дайындау барысында француздардың тәжірибесіне сүйендік. Тіл мәселесінде де олардан үйренетін, үлгі тұтатын мәселелер көп-ақ. Әрине, Франция – отарлаушы ел. Француз тілі ХVІ ғасырдан дипломатия мен білім тілі болған. Академия сөзі – біздің түсінігімізде ғылым, білім шаңырағы. Францияда Академия француз тілінің шаңырағы, 1635 жылы оның негізін қалаған кардинал Ришелье – Людовик XIII тұсындағы премьер-министр. Ол француз тілін: «барынша ұқыптылық және ынтамен біздің тіліміздің ережелер жинағын дайындап, сонымен бірге оны тазалап, одан да сыпайы өнерлер және ғылымдар туралы пікірлер айтуға икемдеу» деп тапсырма берген. Жергілікті диалектілерде сөйлеуге тыйым салынып, оны орындамағаны үшін мектеп оқушыларын таяқпен ұрған. Кейін француздар отарланған халықтарды да француз тілінде сөйлемегені үшін ұрып-соққан.
Француздар үшін ана тілі – әрі өнер, әрі мәдениет, әрі ұлттық намыс, сондықтан тіліне үлкен кұрметпен қарайды. Әсіресе, жазба тілге аса зор назар аударады: грамматиканы дұрыс білу, орфография және пунктуацияны меңгеру, ең бастысы – тілдің барлық байлығын пайдаланып ойын сауатты жеткізу.
Ал Қазақстан Конституциясының 7-бабының бірінші тармағындағы «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп, екінші тармағында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінеді. Осы «тең» сөзіне әсіресе орыс диаспорасы зор мән береді. «Тең», бірдей деген қазақ және орыс тілдері мемлекеттік тілдер деп қабылдайды.
Тағы бір жиі кездесетін қателік – «ресми» сөзін қолдану, орыс тілі ресми тіл деп түсіну. Тіл саясаты төңірегіндегі терминдерді біздің халық ажырата бермейді.
ІІ.
«Татулықтан артық жол жоқ»
Абай
Қай елде де тіл мәселесін шешу оңай болмаған. Үндістанның тіл саясаты – 1625 тілден, оның ішінде 33 тілдің әрқайсысында миллионнан астам адам сөйлеген азапты қақтығыстың нәтижесі. Көптеген қиындыққа қарамастан, Үндістанда тіл мәселесі сәтті шешілді. Өз тілдерін заңмен қабылдаған соң аймақтар арасында қайшылықтар тыйылды. Ал бұрынғы отаршылдардың тілі – ағылшын тілі уақытша пайдалану мен саяси және әкімшілік тұтастықты сақтаудың жалғыз амалы болды.
Мемлекеттік тілді жариялау оны міндетті түрде бірден пайдалану дегенді білдірмейді. 1963 жылы Алжирде Франциядан тәуелсіздік алғаннан кейін классикалық араб тілі дара ресми (мемлекеттік) және ұлттық болып жарияланды. Француз тілі отарлаушылар тілі ретінде үзілді-кесілді қабылданбады. Француз отаршылығына байланысты дүниелердің барлығы мақұлданбады. Дегенмен Алжирде француз тілі мемлекеттік тіл болмаса да бүгінде кең қолданылуда, ал классикалық араб тілі діни тіл болып келе жатыр. Осындай жағдай Тунисте, басқа да елдерде бар. Отарлаушы ұлттар отарланған ұлттарды өз мәдени, саяси, тілдік ықпалынан шығармауға тырысатыны да әсер етеді.
Ал Ирландияда ирланд тілі жарты ғасырдан астам мемлекеттік деп жарияланғанымен, оны ұлттық интеллигенцияның кейбір өкілдері пайдаланады, ал мемлекеттік тіл қызметін негізінен метрополия тілі – ағылшын тілі атқарып келеді.
Кеңес мемлекетінің ыдырауы этностар арасында әрқилы этнопсихологиялық көңіл күй туғызды. Байырғы отарланған халықтар рухани тіректі өздерінің бай тарихи мұрасынан, имандылық дәстүрінен іздеді. Көптеген этностар, ұсақ этностық топтар арасында күйзеліс, абыржу айқын сезілді, республикалардағы жаңа билікті сол ұлттың билігі деп қабылдады, бұрын сыйлап үйренбеген ұлттық тілдерге бейімделу де қорқытты, бұрынғыдай қорғайтын орталықтың жоқтығы қынжылтты. Енді олар өздерін қысым көретіндей, болашағы жоқтай сезінді. Мәскеушілдік, жалған да болса санаға сіңген интернационалистік идеологияның орнын толтыру қажеттігі туды. Ортақ кеңестік қоғамдық сана-сезім, ортақ намыс, ортақ тіл ұлтсызданғандар үшін ыңғайлы мінез-құлық туғызған, ұлы мемлекеттің азаматымыз деп оның жеңістерімен мақтанатын сезім ұялады. Жазушы, ұлты чукча Ю.Рытхеу (1930-2009) «сіздің шығармаларыңыз орыс тілінде шығады» деп қызығушылық танытқан қазақ әріптесіне, «ол біздің сорымыз, ана тілімізде оқушы жоғалып барады» депті. Бүгінде бұл – ресейлік көптеген автордың тағдыры. Барлық этностың орыс тілінде білім алуы, сөйлеуі теңдіктің белгісіндей көрінді. Ұсақ этностарға дейін басқа мемлекеттің халықтарына менсінбейтін астамшылдық психология дәріптелді. Ұлттық сана-сезімдері жалпыкеңестік идеологияға сіңіскен диаспоралардың байырғы ұлттың тәуелсіз мемлекеттігіне көзқарастары жағымды бола бермеді.
Бұрынғы одақтас республикаларда, Қазақстанда да күрделі этносаяси жағдай қалыптасты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі мемлекеттің заңдылығын, ұлылығын, маңыздылығын паш етті. Қазақстан қазақтың атамекені екенін, ортақ тарихи құндылығы, ұлттың тілегі, ықыласы болып келгенін көрсетті. Қазақ тілінің қазақтардың құқықтық жағдайы басым көпшілігіне романтикалық, қиялдаған арманның орындалғанын көрсетті. «Қазақ тілі» қоғамы ең ықпалды тіл саясатын айқындайтын ұйымға айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қазақ тілі орыс балабақшалары мен мектептерінде де міндетті пән болуы, жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің ашылуы, республикалық газет-журналдарда қазақ тілі мәселелерінің талқылануы, мемлекеттік басқару органдарының қазақ тілінде қызмет ете бастауы, қазақ тілі курстарының жұмыс істеуі, қазақ тілінде әдебиеттердің басылуы қуантты. Бұл кезеңде қандай күрделі қиындықтар күтіп тұрғанын әлі де сезбедік, проблемалар оңай шешілетіндей көрдік.
Заң нормаларымен қазақ тілі мемлекеттік тіл деп бекітілгенімен, жеке адамдардың тіл қатынастарында өз заңдылығы, тіл таңдау құқы бар, оны заңмен реттеу мүмкін емес, тек атқарған қызметіне қарай тілді меңгеруді талап етуге болады. Сондықтан адамдардың тілдік мінез-құлқын кейде ауа райына теңейді. Тілдік орта ғана тілге икемдейді.
Шынында да қазақстандықтардың тіл саясатына ықыласы, зейіні, түсінігі бірдей еместігі түсінікті. Генетикалық жағынан жақын диаспоралардың көзқарасы бір бөлек те, ал генетикалық тегі өзге диаспоралардың психологиялық шекарадан өте алмай жүргендері баршылық. Сондай-ақ тарихи отаны бар диаспоралар мен тарихи отаны жоқтардың көңіл күйі өзгеше. Қоғамдық пікірде орыс тілінің тағдырына байланысты алаңдаушылық, қорқыныш пен үрей де, қазақ тілі мемлекеттік тіл қызметін атқара алатынына сенімсіздік те орын алды. Бұлай шүбә келтіру де негізсіз емес еді. Сонымен бірге орыс тілді қазақтар төңірегінде де оң пікір қалыптаса бермеді, басқа диаспора өкілдеріне қазақ тілін әуелі қазақтар білсін деуге бүгін де себеп болады.
Ал қазақтар арасында тілдік, ұлттық саясатты жеке бастың пайдасымен байланыстырып, мемлекеттік органдарда жұмысқа тұруға, жоғары оқу орындарына оқуға түскенде жеңілдіктермен пайдалануға, жекешелендіру барысында, жер бөлісінде артықшылыққа қол жеткізуге тырысатындар болды. Израильде ивриттің жандануына байланысты билікке иврит тілін білетін еврейлер келсе, біздің элитаның бірқатарын ана тілі емес, табыс, ақша, мүлік қызықтырды. Олардың көбі өз ұрпағына бүгін ағылшын тілін білгізіп, шетелде білім алуға, жұмыс істеуге тәрбиелейді. Осылай ұлт бірлігі, тіл тұтастығы проблемасы одан әлі күрделенді.
Мемлекеттік институттар, қоғам қайраткерлері, қазақ интеллигенциясы, жазушылар, бірқатар ғалымдар, сондай-ақ орыс тілінің үстемдігін қолдайтын, қазақ тілінің болашағына сенбейтін орыс интеллигенциясы, орыстілді бірқатар қазақ интеллигенциясы, диаспоралардың өкілдері әртүрлі ұстанымда болып, көбіне ана тілдерін сақтауға тырысады, тарихи отандарына қоныс аударуды ойлайды, тарихи отаны жоқ диаспоралардың бірқатары психологиялық күйзеліс жағдайында болып, сыйлап үйренбеген қазақ тілін көбі жатырқауда, негізінен орыс тілін қолданады. Көптілді ортада тіл мәселесін реттеу елдің тұрақтылығына үлкен сын болды. Осы өткір жағдайда орыс тіліне ресми қолданыста қазақ тілімен қатар мәртебе берілуі және басқа да диаспоралардың тілдерін қолдау елімізде тұрақтылықты сақтау үшін және әлемде еліміз туралы жағымды имидж қалыптастыру үшін саяси компромисс міндетін атқарып келеді.
Мемлекеттің тіл саясаты әлемдік тәжірибеге сүйеніп, әртүрлі салаларда жұмыс ұйымдастырып келеді: құқықтық тұрғыдан реттеу; қаржыландыру; әкімшілік басқару; білім жүйесі; мамандарды аттестаттау; бұқаралық ақпарат құралдары.
Тіл саясатының басты мақсатының бірі – халықты қазақ тілінде сөйлету. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстандағы түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 95,5%-ы, ұйғырлардың 93,7%-ы, қырғыздардың 92,7%-ы қазақ тілін тұрмыстық деңгейде, ал 12%-ы жоғары деңгейде меңгерген. Славян этностар өкілдерінің арасында ауызекі қазақ тілін орыстардың 25%-ы, украиндардың 21,05%-ы, белорустардың 19 %-ы, поляктардың 20,9%-ы,
сондай-ақ немістердің 24%-ы түсінеді. Олардың ішінде қазақша оқып, жаза білетіндердің үлесі 2,9%-ды құрайды. Қазақ тілін енгізудің ең бір ықпалды әсері білім саласында көрініс алды. Соңғы деректер бойынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілде тәрбиеленушілер 73,6%-ды құрайды. 2018 жылғы мәлімет бойынша жалпы білім беретін 7 393 мектеп бар, оның 3 797-сі қазақ, 1 312-сі орыс, 2 255-і қазақ-орыс, 12-сі өзбек, 11-і ұйғыр, 1-еуі тәжік тілдерінде білім береді. Барлық оқушылар санының 66%-ы қазақ тілінде білім алады.
Дегенмен, қазақы қоғамдық пікірде әртүрлі ойлар айтылуда. Оларды шартты түрде оптимистік, пессимистік және байсалдылар деуге болады. Қолжеткен нәтижелер, сөз жоқ, оптимистік көңілге жетелейді. Ең бастысы, қазақ тілі төңірегінде психологиялық ахуал өзгерді, қазақ тілі мемлекеттік тіл қызметін атқара алатын тіл екендігіне көз жетіп, жаңа тілдік мінез-құлық қалыптасып келеді. Сонымен бірге нәтиже күткендей болмады, ойдан шықпады деп қынжылыс білдіретіндер, үміт ақталмады, қазақтар жаппай сөйлеп, оқып, жазып, кеткен жоқ, көптеген депутат пен министр қазақ тілін меңгермеген, іс қағаздары, негізінен, аудармашылар арқылы қазақшалануда, басқа да орынды кемшіліктерді айтып түңілуде. «Он бес жыл өтті, міне жиырма жыл өтті, міне отыз жыл болды, қазақ тілі тұғырына қонған жоқ» деп торығып жақсылықты күтпейді.
Қызу сезімге бой алдырғандар бірте-бірте бәсеңдеп келеді. Байсалды, саясаттанудан аулақ, тілдік ахуалды бұра тартпай салиқалы бағалайтын ұстанымды қолдайтындар да ел ішінде көп. Тілді саналы түрде меңгеру қажетін түсінетіндер көбеюде. Дегенмен, әлі де аңғырттық, тіл саласында оңды өзгерістер өзінен өзі шешілетіндей көретіндер бар. Мысалы, орыс тілінің ресми түрде қолданылатынын Конституциядан алып тастаса, барлық проблема шешілетіндей көреміз. Рас, осылай болса, мейіріміз де тасып қалар. Бірақ мемлекеттік тіл мәселесін заңмен, қаулылар шешімдерімен енгізуге болмайтынына көзіміз жетті. Тілдің қызметін нығайтудың мерзімін де нақты айқындау, нәтижесін де дәл болжау қиын. Оның ұтымды, ықпалды жолы – қоғамның барлық мүдделі әлеуметтік, этностық топтардың қолдауы, тілдің иесі қазақ ұлтының қуаттауы мен қорғауы, тілге сұраныс туғызу. Егер тілді мұхиттағы кемеге, мемлекеттің қолдауын кеменің құрал-жабдықтары десек, сол кеменің қозғаушысы – ұлттық мақсат пен мүдде, ниет пен амал-әрекеттер.
ІІІ.
«Өзің құрметтемеген нәрсеге, бөтеннен қайтып құрмет күтесің».
Абай
Қазақстан халқының ана тілін меңгеру деңгейлері әртүрлі. Қазақтардың 98,9%-ы, орыстардың 98,8%-ы, өзбектердің 95,4%-ы, ұйғырлардың 85,0%-ы, дүнгендердің 96,3%-ы, чешендердің 77,8%-ы, тәжіктердің 92,4%-ы, тағы да бірқатар этностық топтар ана тілім деп өзінің ұлттық тілін атаған. Бірақ бұл деректер ана тілін меңгерген дегенді білдірмейді. Бұл жерде этнопсихологиялық факторлар да ықпал ететіні сөзсіз, өз ұлтының тілін білмесе де, санақ жүргізушілерге білмеймін деп айтуға намыстанатындар да аз емес. Дегенмен Қазақстан халқының 6,5%-ы өз ана тілім деп басқа ұлттардың, негізінен орыс тілін атаған.
Нақтылап айтсақ, қазақтардың 1,1%-ы, орыстардың 1,2%-ы, өзбектердің 4,6%-ы, украиндардың 84,2%-ы, ұйғырлардың 15,0%-ы, татарлардың 49,0%-ы, немістердің 83,0%-ы, корейлердің 64,0%-ы, белорустардың 87,0%-ы, басқа диаспоралардың 61,1%-ы басқа тілге ауысқан. Сонымен 2009 жылы ел халқының 23,7%-ы орыстар және 6,5%-ы орыс тілін ана тілім деп танығандар. Соңғы он жылда осы үрдісте сан жағынан өзгерістер болғанымен, сапалық жағынан сақтала береді.
Халықтың тілдік таңдауына діни сенімі де әсер етуде. Қазақстан халқының 70,3%-ы ислам дінінде, 26,3%-ы христиандар, 0,1%-ы буддистер, 2,8%-ы дінді ұстанбайтындар, 0,5%-ы жауап бермеген. Қазақтардың 98,3%-ы ислам дінін ұстанады, 0,4%-ы христиандар. 1%-ы дінде жоқтар, 0,3%-ы жауап бермеген.
Орыстар 1,4%-ы ислам дінінде, 91,6%-ы христиандар, 6,1%-ы дінде жоқтар, 0,8%-ы жауап бермегендер. Украиндардың 0,9%-ы исламда, 90%-ы христианда, 7,3%-ы дінде жоқ, 0,9%-ы жауап бермегендер, немістердің 1,6%-ы исламда, 81,6-ы христиандар, 14%-ы дінде жоқтар, 2,7%-ы жауап бермегендер. Корейлердің 5,2%-ы ислам дінін ұстанады, 49,4-ы христиандар, 11,4%-ы буддистер, 11,4%-ы басқа діндерде, 0,2%-ы иудаизмде, 0,1%-ы басқа діндерде, 28,5%-ы дінде жоқ, 5,2%-ы жауап бермегендер. Татарлардың 79,6%-ы исламда, 10,2%-ы христиандар, 8,1%-ы дінде жоқтар, 2%-ы жауап бермегендер. Дініне қарай адамдардың ұлттық мінез ойлау жүйесі, тіл таңдауы да өзгереді.
Ал қазақ тілін білмейтіндер, шала білетін қазақтар үшін қазақ тілі ұлттық символ болып қала береді. «Ана тілім рухыма күш береді» дейтіндер көп. Ана тілін меңгермегенін үлкен өкінішпен мойындағанымен де оны білуге ұмтылмайтындар да аз емес. Ана тілін білмегені үлкен ыңғайсыздық тудырып, жақын-жуықтарынан алыстап, күйзеліске ұшыраған маргиналдар да бар. Ал орыс сөздерін араластырып сөйлейтіндер қазақ тілінің сөз байлығы тапшы болғандықтан, орыс сөздерін қосуға мәжбүрмін деп ақталады. Тек орыс тілінде сөйлейтіндер төңірегінде жағымсыз пікір басым. Олардың ұрпақтары да орыстанады деп есептейді. Бір студенттік аудиторияда «Қазақ тілін білмейтіндерді қазақ деуге бола ма?» деген сауал үлкен пікірталас туғызды. Пікірлер алуан түрлі: «тілді білмесе де қазақ болып қалуы керек», «тіл білмегені ата-анасының кінәсі»; «әлемде тарыдай шашылған еврейлер арасында ондайлар көп, тіл білмесе де дінін сақтайды»; «жаным қазақ дейтіндер ана тілін білуге тырысу керек»; «бұл – бақытсыздық, оған адамның өзі кінәлі»; «сөз жоқ, ол – қазақ емес»; «ол – толық қазақ емес». Қала жастарының арасында қазақ тілін білмейтіндерді қазақ емес деушілер ауыл
жастарына қарағанда көп емес. «Бүгін ана тілін білу маңызды емес» дейтін бірен-саран жастар бар. Жаһанданудың салқын лебізі біздің арамызда анық сезіледі. Бірақ бір ақиқат бар: тіл, дәстүр ұмытылса да ұлттық сана-сезім, тегі ұмытылмайды.
«Қазақ тілі бар ма? – деп ашына сөйлейді тіл жанашырлары, – теледидар, радио, әлеуметтік желіге қосыла қалсаң, бұзылған, бұрмаланған жартылай қазақ тілін естисің, ал көшедегі былапыт сөздерді естігенде түңілесің. Әрине, тіл де өзгеріске ұшырайды, бірақ осындай бүлінуді, қазақ тілінің төлтума сұлулығынан айырылуы оның дағдарысы демеуге амал жоқ».
Мемлекет білім, мемлекеттік басқару, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, басқа да кейбір салаларды тікелей реттей алады. Ал тұрмыстық, отбасылық қатынастар, жеке азаматтардың қарым-қатынас тілін реттеу қиын, ол адамдардың тіл мәдениетіне, ұлттық намысына байланысты. Мемлекеттік тілді білу бүгінгі медицина саласында міндетті. Аяқ астынан ауырып қалған немересін әжесі жедел жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізеді. Кезекші дәрігер бес жасар балаға «открой рот» десе, бала аузын ашпайды. Сол кезде ұлты қазақ қазақша білмейтін дәрігер «он невменяемый» (ес-түсін білмейді) деп, әрекеттер жасауға кірісе бастағанда, әжесі араласып «айналайын, аузыңды аша ғой» десе, немересі аузын ашады. Содан қазақ тілін білетін дәрігер шақырылады. Бұл депутаттың немересі еді. Белгілі ақтөбелік хирург Намаз Ізімбергеновтің «қазақ тілін білмегендіктен, дәрігерлер талай адамды өлтіруі де мүмкін» дегені бар.
Қазақ тілін білу – ұлттық намыстан. Балтық жағалауы елдерінің байырғы халықтары орыс тілін біле тұра, славяндармен орысша сөйлеспейді. Ол «орыс тілі отарлаушы ұлттың тілі болған, енді менің елімде менің тілімде сөйле, мені сыйла» дегені. Бізде ондай ұлттық мінез көп көрінбейді. Керісінше, біз эстондық, литвалық, латыш, украиндықтарды орысша сөйлемейді деп айыптаймыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласында: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», деді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының ниет мәселесіне назар аударуының астары терең. Қазақ ұлттық дүниетанымы да – ниет, мақсатқа жетудің қозғаушы күші. Бірақ ниетті іске асыру адамдардың көңіліне, ойының тазалығына, ықыласына байланысты. Сондықтан жақсы ниетпен ойға алған игі іс орындалмай да жатады. Пиғылы жаман, көңілі бұзық, ықыласы теріс адамдар қарсылық та көрсетеді. Болмаса ниеті таза, бірақ интеллектуалды, психологиялық, кәсіби жағынан дайындығы жоқ, алған істің қисынын тауып, жүзеге асырудың жолын білмейтіндер де аз емес.
Ел Үкіметі тіл саясатын іске асыруға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, оның орындалуын қадағалап келеді. Негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, тіл мәдениетін арттырып, тілдік капиталды дамыту. Қазақстандағы тіл саясатына байланысты жүргізілген қоғамдық сауалдама мына жағдайды анықтайды. Олардың 45,3%-ы «толықтай байыпты, ойластырылған, ұлттық келісімді қалыптастыратын дұрыс саясат» деп есептейді. Респонденттердің 13,0%-ы «қазақ тілін саналы түрде қолдау, басқа тілді елемеу және оларға қысым көрсету басым» деп есептейді. Бұл тіл саясаты қарсыластарының пікірі болса керек. Ал 8,2%-ы тұрақтылықты сақтау мақсатында қазақ тілінің мүддесі ескерілмейді» деп санайды. Респонденттердің тек 2,9%-ының жүргізіліп жатқан тіл саясатына көңілдері толмайды. Өкініштісі, бұл сауалдамаға қай этностар және қаншасы жауап бергендері белгісіз.
Лингвист ғалымдар «ХVI-XVII ғасырларда еуропалықтар ғылым мен өнердің ортақ тілі – латын тілінен неге бас тартып, жергілікті француз, неміс, ағылшын, итальян, басқа да тілдерге ауысты?», «Неге әлемдік тіл – француз тілінен халықтар ағылшын тіліне Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ауысты?», «Неге мемлекеттердің көпшілігі тіл саясатында жұмсақ бағыт ұстанса, Франция бұлжымайтын қатаң саясат ұстанады?», «Неге бір елдерде заңмен бекітілген мемлекеттік тіл болмаса да, басқа тіл барлығына ортақ тіл қызметін ресми атқарады?», «Неге бір тілді заңмен мемлекеттік тіл деп бекіткенмен оның функциясын көбіне-көп басқа тіл атқарады?», «Неге бір мемлекетке отарлаушы елдің тілі, мысалы Үндістанда ағылшын тілі ресми тіл болып саналады?» деген және осы сияқты басқа да сауалдарға жауап іздеген ғалымдар тіл проблемасы саяси, әлеуметтік, қаржылық-экономикалық, басқа да мәселелермен байланысты екеніне назар аударады.
Біз мемлекеттің тіл бағдарламаларына шамадан тыс мән беріп, тіл төңірегіндегі мәселелерді терең қарастыра алмай келеміз. Мысалы, сауалдамаға жауап бергендердің 8,2%-ы «тұрақтылықты сақтау мақсатында қазақ тілінің мүддесі ескерілмейді» деп санаған. Орынды сын. Тіл саясатында ішкі және сыртқы факторлардың ықпалын сылтау етіп, мемлекеттік тілдің қолданылуына шектеу қою бар. Әлі де болса тіл саясатын жүргізгенде қазақ елінің тілдік, демографиялық, экономикалық, тарихи (отарланған ұлт), саяси, мәдени жағдайлары бір-бірімен байланысты ұштастырып қарастырылмайды. Диаспорлардың көбінің тіл проблемалары тарихи отандарында шешіліп жатқанын да есепке алған жөн. Кейде тілдердің тең құқықтығын абстракті түсініп, орыс тілінің деңгейін осы күйінде сақтау керек деген пікір айтылады, ал ол оның үстемдігін осы күйінде сақтау дегенді білдіреді. Орыс тілінің деңгейін жасанды көтеру де, оған қысым жасау да жөнсіз. Диаспора тілдеріне қанша сұраныс болса, сонша жағдай жасалуы тиіс.
Мемлекеттік тіл саясатын жүргізу барысында жаһанданудың қай елдің де дербестігін халықаралық нормалардың күшімен, тәуелсіздігін шектеп, олардың экономикалық саяси, мәдени өмірін бақылайтынын естен шығармаған жөн. Бұл саясат ұлттық тіл, мәдениет, дәстүр шартты дүниелер деп, еуропалық, америкалық стандарттарға икемдейді. Бұл бүгін тәуелсіздік алған жас мемлекеттердің төлтума ерекшеліктеріне қауіп төндіріп тұр. Бүгін тіл тәуелсіздігін мемлекет тәуелсіздігінен бөліп қарау мүмкін емес. Тіл саясатын жаңғырту барысында жаһандану заманының ерекшеліктеріне Үкімет тереңірек мән беруі тиіс.
Мемлекеттік тілді шектеудің әдетке айналған тағы бір көрінісі – еліміздің маңызды мемлекеттік мәселелеріне арналған үлкен жиындары негізінен орыс тілінде жүріп, кейін қазақ тіліне аударылады. Әлі де жалтақтық, салғырттық, кеңестік психология жалғасып келеді. «Қашанғы өзгенің аруағына табына береміз?» деген сауалдар орынды.
Еуропарламент 27 тілде жұмыс істейді, 400-ден астам жұп аудармашы қызмет атқарады. Оларға Одақтың бюджетінен біраз қаржы да жұмсалады. Жан басына шаққанда әр еуропалық өз қалтасынан 3 еуро жұмсайды. Еуропарламенттің ортақ тілі – ағылшын тілі. Бірақ әр елдің халқы үшін өз ұлттық тілін Еуропарламент мінберінен есту мақтаныш, мерейін асқақтатады. Себебі әр ұлттық тіл – ұлты үшін ұлы тіл. Өз атамекенінде қазақ тілі де асыл құндылық.
Аттестат, диплом алу үшін де көп жағдайда мемлекеттік тілді білу міндетті емес. Осылай тілдің, ұлттың беделін өз қолымызбен түсіреміз. Әлі де Президент айтқандай тілімізге деген адал ниет, түзу пиғыл жетпей тұр.
Бүгінде тіл мен экономика байланысы өткір мәнге ие. Бір кезде АҚШ ағылшын тіліне инвестиция құю арқылы өз тілінде сөйлейтін, оқитын, жазатын, бірақ ел бірлігіне тосқауыл болған испандықтар мен афроамерикалықтардың басын біріктіріп, экономиканы өрлетті. Ортақ мемлекеттік тіл болмағандықтан да алауыздық қоғамның ілгерілеуіне кедергі болады. Біртілді мемлекет бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өндірісте ұйымшылдық пен бірлесе іске кірісуге, күш біріктіруге, тіл табысуға жағдай жасайды. Ортақ тіл ортақ намысқа негіз болады. Бұл біздің күшіміз көпэтностықта деген ұранға күдік туғызады.
Тіл саласында шығындар мен пайда проблемасы жөнінде де пікірлер үйлеспей жатады. Мысалы, қазақ тілді балаларға арналған кең таралымды қолжетімді ғылыми, ғылыми-көпшілік, көркем әдебиет басып шығаруға қазақ халқының басым көпшілігі мүдделі, ал мемлекеттік органдар үшін бұл – қайтарымсыз шығын. Осылай нарықтық экономика көптеген салада мемлекеттік тілдің дамуына қаржылық шектеулер қоюда. Мемлекеттік органдар «қосымша қаржы талап етеді, көптеген шығынға әкеледі» деген уәжін жиі айтады. Ұлттық құндылық, ана тілі қаржыдан да қымбат екенін әлі де түсіне алмай келеміз. Бұл бір ғана мысал.
Тілдің мәртебесін ұлттың беделінен, абыройынан бөліп алып қарауға болмайды. Қазақ тілінің беделінің төмендігі қазақтардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына байланысты. Кеңес заманында қазақ тілі ресми, іскерлік пікір алмасу салаларынан шеттетілді. Ол ұлттың психологиясына салған үлкен жарақат еді. Оның орнын тек тілдік амалдармен емдей алмайтынымызға көзіміз жетіп келеді. Қазақ тілінің абыройы қазақтың қоғамдағы сапалық орнымен, әлеуметтік күш-қуатымен өлшенеді. Әлеуметтану тұрғысынан қарағанда, Қазақстан халқының кейбірі жемқорлыққа шалдыққан олигарх, шенеуніктер, сонымен бірге әскерилер, құқық қоғау органдарының қызметкерлері, жаңа қалыптасып келе жатқан орта, кіші кәсіпкерлер, айлықтары шайлығына жетпейтін жоғары, орта мектеп мұғалімдері, медицина, мәдениет қызметкерлері, жалданбалы жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтитындар, зейнеткерлер, оқушы жастар, қаңғыбастар мен қылмыскерлерден тұрады. Жұмыссыздар, өзіне өзі жұмыс берушілер, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, әртүрлі сырқатқа шалдыққандар, қылмыскерлердің басым көпшілігі негізінен қазақтар.
Ғылыми-техникалық интеллигенция әлі де қазақтардан қалыптаспады, қазақтардан мақсатты түрде жоғары маман жұмысшылар, инженерлер мен менеджерлер өсіп, шетел мамандарын алмастыра алмай жатыр. Шетел компанияларында жұмыс істейтін қазақтарды қай жағынан да кемісту жалғасуда. Өз елінде өз өндірісіне өзі қожа бола алмаған ұлттың тілі де басым бола алмайды. Мәселе шетелдіктердің барлығын қазақша сөйлетуде емес, қазақ мүддесінің экономикалық, әлеуметтік жағынан жоғары болуында. 2018 жылы Атырау қаласында өткен экологиялық конференцияда мұнай өндірісіндегі қара қызметтегі қазақтардың ауру-сырқауы шетел мамандарымен салыстырғанда бірнеше есе жоғары екендігі көптеген дерекпен дәлелденді. Қазақ тілді интеллектуалдар, ұлттық деңгейдегі ықпалды лидерлер әр салада әлі де көп емес. Әлеуметтік жағынан әлжуаз, адал, кәсіппен айналысатындардан гөрі, тілін сыйлай бермейтін шенеуніктері басым ұлттың тілін басқалардың құрметтемейтіні белгілі.
Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде прагматизм мәселесін көтерді. «Прагматизм – өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз», деді Елбасы.
Прагматизмнің басқа жағымсыз тұстары да баршылық. Соның бірі – пайдакүнемдік. Өмірден тек пайда табу, табыс, жеке басының қамы үшін, қажетті нәрсе үшін әрекет ету психологиясы нарық заманында етек алды. Керегіне пайдалы, жарамды іспен ғана айналысып, ұлттық құндылықтарды да жеке пайда әкелетін мүдде тұрғысынан бағалау, тірлігі өз басынан аспайтындар ана тілінен гөрі, бүгін орыс, ағылшын тілдеріне артықшылық береді. Прагматизм ысырапшылдыққа жол бермес, бірақ қазақ мүддесіне де жаны ашымас. «Ана тілі – ана тілім ғой, оны құрметтеу – парыз, бірақ ол орыс, ағылшын тілдеріндей қызмет ете алмайды» дейтіндер көп. Қазақ тілінің бәсекеге қабілетсіздігінен туған бұл ұстанымдағылар қазақ тілін сүйсіне, қуана мадақтағанымен, күнделікті өмірде, тұрмыстық жағдайда тілге деген жоғары көңіл күйден пайда бағалы, оны өмір де, тіл саясаты да қолдайды. Еңбекақысы адамның біліміне, тәжірибесіне, мамандығына, тағы да басқа жағдайларымен қатар, қазақ тілі емес, орыс, ағылшын тілдерін білуіне де байланысты. Қазақ тілі осылай кейінге ысырыла береді, бара-бара оған сұраныс туғызбаса, жойылу қаупі де төнеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өткір, тіпті шиеленісті ахуал біраз уақыт өткен соң басылды, себебі тіл саясаты басқа тілдерді қолдауға көбірек назар аударды.
Шет тілдері кеңес заманында мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылды. Кейбір деректер бойынша оқығандардың бір пайызына жуығы ғана шет тілін өз қызметтерінде пайдаланған. Республика тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдерде ондаған елшілік ашылды, елге инвесторлар келді, жастар шетелдерде білім алуға мүмкіндік алды. Бірақ шет тілдерін, негізінен ағылшын тілін оқу төңірегінде түсінбейтін жағдай қалыптасты. Ағылшын тілін білу тіпті міндетті болып, қазақ тілі, физика, математика, басқа да пәндерді ығыстырды. Ағылшын тілін балабақшадан бастап енгізген соң, оны оқытатын мұғалімдер тапшы болғандықтан, миллиардтаған қаржы жұмсап, тіл үйрететін тиімсіз қысқа мерзімді курстар ашылды, ағылшын тілін оқытатын мұғалімдерге қосымша үстемеақы төленді. Осылай мемлекеттік тілдің мәртебесі төмендетілді. Әрбір оқушыға, әрбір студентке ағылшын тілін тықпалаудың тиімсіздігіне енді көзіміз жете бастаған сияқты. Шетелде білім алуға мүдделі оқушылар арнайы мектептерде, сондай-ақ қосымша ақылы сабақтар алып тілді меңгеріп жатыр. Сонымен бірге қай тілде оқыса да шетелде жұмыс табуына кепілдік бермейді. Бірқатар жастар аудармашы болу үшін шет тілдерін оқиды. Жаңа технология енді тілмаштарды жұмыссыз қалдырады. Электронды жүйе қай тілді де аудара береді.
Тар прагматизм ұлттық намыстан, ана тілінен жоғары болып барады. Батысеуропалық неміс, француз және басқалар ұлттық тілімізді жоғалтамыз деп қорықпайды, тілдерінің тазалығын сақтайды, ағылшын терминдерін француздандырып, немістендіріп жібереді, халықаралық қатынастарда өз тілдерінің мәртебесін жоғары қояды. Ең бастысы, осы отарлаушы елдер өздерінің мәдениет, кино, театрын, музыкасын басқалардың ықпалды идеологиялық әсерінен сақтандырады. Отарланған, ұлттық тілі мемлекеттік тілге айналмаған Қазақстан сияқты елге шет тілдердің ашық озбырлығынан сақтану жөн.
IV
«Асығыс түбі – өкініш»
Абай
Тілдің әлеуметтік, саяси, діни-мәдени және идеологиялық астары терең жүйе екені белгілі. Оның барлық қырларын жан-жақты есептемей, тар шеңберде қарастыру қателіктерге ұрындырады. Бұл әліпби алмасу мәселесінде көрінеді.
Әлемде 400-ге дейін жазулар болған, олардың ішінде көбірек тарағандары латын әліпбиі, қытай иероглифі, үнді әліпбиі, кириллица, араб әліпбилері. Әліпбидің басты қызметі тілдің дыбыстық келбетін беретіні, жазу таңбалары (графика) және емле, жазу ережелері (орфография). Бірақ әліпби саяси, мәдени жағдайға тәуелді. Қазақ халқының тарихында талай әліпбилер болғаны белгілі. Ауызекі тілдің де, әдеби тілдің де бірлігіне қарамастан, саясаттың ықпалымен Қазақстандағы қазақтар – кириллица, Түркиядағы – латын, Қытайдағы араб графикасы үлгісіндегі әліпбилерді пайдаланады.
Президент жазғандай, қазақ тілін елімізді біріктіруші факторға айналдыру – басты мақсат. Жазуды латын әліпбиіне көшіру ол жай ғана мәселе емес, мәдени, ұлтаралық қатынастар, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне ықпал ететін реформа.
Бізде кеңес заманынан жалғасып келе жатқан бір психологиялық үрдіс бар. Жоғары билік бір пікір айта қалса, оны Құран сөзіндей көріп, талдамай қолдай кетеміз, байсалды ойға бара бермейміз. Осындай жағдай латын әліпбиіне ауысу мәселесі басталғанда көрініс алды. Біз қандай елде, қандай тілдік-мәдени ортада, қандай географиялық кеңістікте өмір сүріп жатқанымызды ойламадық. Екінші ой айтылмайынша, бірінші ой ақиқат бола алмайды дегенді ұмытып кеттік.
Ең бір өкініштісі, әліпби ауыстыру мәселесімен негізінен орыс тілді қазақ шенеуніктері айналысты, ғалымдармен, әсіресе тіл, әлеуметтік лингвистика, тіл социологиясы, этнопсихология мамандарымен есептесе бермедік.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселеде елді сабырлыққа шақырғаннан кейін ғана елде ахуал бәсеңдеді.
Әліпби ауыстырғанда қазақ халқының мол рухани мұрасын, мұражайдағы хаттаулы ақпаратты, оқулықтар мен оқу-әдістемелік, көрнекі құралдарды аудару уақыт пен қаржыны талап етеді. Орыс тіліндегі ғылыми-техникалық әдебиеттер өз алдына бөлек проблема. Бұл ойландыратын әлеуметтік-экономикалық жағдайлар. Латын әліпбиіне көшкен біздің орталықазиялық көрші елдер үшін де бұл ең қиын проблема болып тұр.
Ең күрделісі – адами фактор. Бүгін мектеп оқушыларының 34,5%-ы, колледжде оқитындардың 41 %-ы, жоғары оқу орындарының 33%-ы негізінен орыс тілінде білім алады. Латын графикасына ауысқан жағдайда оқушылар «латыншылар» мен «кириллицашылар» болып екіге бөлінері хақ. Аралас мектептерде 1 млн 380 мың оқушы білім алады. Олар да бір мектептің ішінде екіге бөлінеді. Болашақта халық саны өсуіне қарай сандық өзгерістер болар, бірақ жалпы жағдай түбегейлі өзгермес.
Әліпби ауыстыру туралы сөз болғанда Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан елдерін тілге тиек етеміз. Бұл елдерде байырғы халық 95%-ға жуық, ана тілдерін толық меңгерген. Қазақстандағы жағдай ерекше. Соңғы статистикалық деректер бойынша орыс тілді қазақтарды айтпағанда, диаспоралар 32%-ды құрайды. Олар кириллица жазуында қала береді. Шығыс Қазақстан облысы халқының 40%-ы, Алматы қаласының 40%-ы, Қарағанды облысының 48%-ы, Павлодар облысының 46%-ы, Солтүстік Қазақстан облысының 65%-ы, Қостанай облысының 59%-ы – славян, еуротектілер, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан басқа облыстарда диаспора өкілдері баршылық. Біздің солтүстік, шығыс облыстар негізінен кириллица аймағы, оңтүстік аймақтар латын әліпбиі аймағы, батыс облыстар аралас аймақтар деп шартты түрде айтуға болар. Латын әліпбиі артында қазақтар, кириллица әліпбиінің артында орыс, жалпы славяндар және қазақ, басқа да орыс тілділер тұрғаны да белгілі. Әліпби алмастыру еліміздің тұтастығына қалай әсер етеді, жік-жікке бөлінбейміз бе деген ой туады. Осы пікір басқосуларда айтылғанда «көш жүре түзеледі» дегенді жиі естиміз. Бірақ сол көштің компасы орыс тіліне қарай бағыт ұстамас па екен деген күдік бар. Бір жағынан, латын әліпбиінің жағымсыз салдарынан сақтанып, екінші жағынан, балаларын ресейлік университеттерге оқытамыз деп орыс мектептеріне беретін ата-аналар көбейіп барады.
Кириллица – славяндар, православ дініндегілердің басын қосатын әліпби. Сонымен бірге кириллица – басқа халықтарды орыс әлемінің ықпалында ұстаудың да саяси-идеологиялық құралы. Латын әліпбиін қабылдау – біз үшін ұзақ мерзімді стратегиялық мұрат, тіліміздің табиғи қасиетін жаңғыртудың, ұлтсыздану дертінен арылудың маңызды амалы. Қазақ ұлты тұтастай ана тілін меңгеріп, елде қазақ тілі басым тілге айналғанда ғана жаңа әліпбиді де бүтіндей қабылдайтын уақыт келеді.
Демограф ғалымдар посткеңестік кезеңдегі халықтарды шартты түрде төрт ұрпаққа жіктейді: сталиндік жеке басқа табынуды көргендер, тоқырау заманының куәгерлері, қайта құрудың замандастары және бүгінгі ұрпақ. Бірінші ұрпақ өмірден түгелге жақын өтті, одан кейінгілер өтіп барады, үшінші буынның бірқатары әлі де еңбек етуде, атынан түссе де, қатардан қалмағандар бар. Бұл үш буын кеңестік тіл саясатының зәбірін көрді. Олар ұлттық нигилизмнің де вирусын таратты. Бірақ жас ұрпақтың басым көпшілігі әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, қазақ мектебінде оқығандар, қызметте де, отбасында да қазақша сөйлейді, балаларын да негізінен қазақ мектептеріне береді, орыс, ағылшын тілдерін де меңгерген, енді оларға жол ашу, мүмкіндік туғызу керек. Тіліміздің болашағына сенім мол.
Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры
АҚТӨБЕ