Үш күнге созылған іс-шара барысында облыс полицейлері саяжай үйлерін, гараждарды, қорықтар мен шалғайдағы шаруа қожалықтарына рейд жүргізді. Сондай-ақ, тиісті орындарға жеке қаруын тіркеткен азаматтардың мекенжайына барып, қару тұрған орынның заң талаптарына сәйкестігін тексерді.
Қылмыстың алдын алу шараларының нәтижесінде, заңсыз сақталған тегіс ұңғылы қару тәркіленді. Сондай-ақ, полиция бұрыннан іздестіріп жатқан 5 қару табылып, Ресейге қоныс аударған қару иелері тіркеуде тұрған қаруларын полицияға тапсырмай кеткені анықталды.
Қостанай қаласы ПБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Елена Семиволова облыс тұрғындарына азаматтық қаруды сақтауға және алып жүруге берілетін рұқсат құжаттың мерзімін өткізіп алмау керектігін ескертті.
- Рұқсатты ұзарту туралы өтініш полиция органдарына рұқсат мерзімі аяқталғанға дейін бір ай бұрын беріледі. Өтініш ЭЦҚ арқылы, «Е-лицензиялау» интернет-порталына беріледі. Өтінім берген кезде тұрғындар қару құжаттарына қоса медициналық қорытынды, қаруды қауіпсіз жағдайда ұстау ережелерін білетіні туралы анықтама және мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртек әкелуі керек. Бұдан кейін полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы бойынша қарудың сақталу шарттарын тексереді, - деді Е.Семиволова.
Бөлім бастығы тіркелмеген қару мен оның оқ-дәрілерін өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын атап өтті.