Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Алғашқы ондыққа кіреді
Ресми мәліметтерге жүгінсек, еліміз пайдалы қазбалардың көптеген түрінің расталған қорының көлемі жағынан үздік мемлекеттердің алғашқы ондығына кіреді. Айталық, вольфрамның әлемдік үлесінің 63%-ы, хромның 48%-ы, уранның 12%-ы, күмістің 6%-ы, сондай-ақ мыстың 4%-ы Қазақстанға тиесілі. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингіне сәйкес, бүгінде еліміз бизнес жүргізудің қолайлылығы жағынан 3 жыл ішінде 41-орыннан 25-орынға көтерілді. 2018 жылы республикада жер қойнауын игеру бағытында реформа жүргізіліп, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекс қабылданды. Нәтижесінде Фрейзер институтының инвестициялық тартымдылық рейтингінде еліміз 73-орыннан 24-орынға көтерілуге мүмкіндік алды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сәйкес, 2000-2018 жылдар аралығында 600 нысанға жер қойнауын пайдалану құқығы берілсе, жаңа кодекс күшіне енген соң 3 жылға жуық уақыт ішінде жер пайдаланушылар 1 107 лицензияға ие болды.
Зерттелмеген кен орындары жеткілікті
«Еліміздің жер қойнауы әлі толық зерттелген жоқ. Бұл бағытта әлі де ізденуге тура келеді. Қуантарлығы, бұл салада айтарлықтай перспективалық жобалар бар. Мысалы, көмірсутек шикізатына байланысты геологтер шамамен 76 млрд тонна балама отын ресурсты құрайтын 15 шөгінді бассейнді анықтады. Олардың зерттелу дәрежесі әртүрлі, атап айтқанда, 5-еуі дамыған болса, тағы 5-еуі аз зерттелген және соңғы 5-нің болашағы жоқ деп бағаланды. Бүгінде мұнай-газ өндірісі 5 игерілген бассейнде жолға қойылған. Оның ең ірісі – Каспий аймағында орналасқан, оған еліміздегі ресурстық базаның шамамен 80%-ы тиесілі», деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев.
Жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік бюджет есебінен Солтүстік Торғай, Ертіс маңы, Арал және Сырдария, сондай-ақ Шу-Сарысу секілді аз зерттелген бассейндерде зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазір өңірлік геологиялық зерттеулердің нәтижесінде пайдалы қазбалардың алуан түрі, нақты айтқанда, қара, түсті, асыл металдардың, кенді емес және көмірсутек шикізаты кен орындарының перспективалы көздері анықталса керек. Моношаһарлардың минералдық-шикізат базасын нығайту мақсатында 25 нысанға қатысты болжамды ресурстардың әлеуетін нақтылау үшін 2025 жылға дейін геологиялық зерттеулерді іске асыру көзделмек.
Сирек кездесетін металға басымдық беріледі
Геология саласын 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасына сәйкес, минералдық-шикізат базасын тұрақты толтырып, бәсекелестікті дамыту арқылы саланы жандандыру жоспарланып отыр. Құзырлы орган хабарлағандай, жоғарыдағы аз зерттелген аумақтарға байланысты Қызылорда, Қостанай, Түркістан және Павлодар облыстарының ресурстық базасын кеңейтуге бағытталған іс-шаралар кешені әзірленді. Мәселен, Ақмола және Қостанай облыстарында, сондай-ақ еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік өңірлерінде жаңа алтын кен орындарының перспективалы көздерін ашу қарастырылуда. Бұған қоса жаңа қорғасын-мырыш кен орындары орталық, шығыс және оңтүстік өңірлерде, сол секілді шекара маңындағы аумақтарда ашылуы мүмкін. Сонымен қатар вольфрамның, молибденнің, алюминийдің, қалайының және басқа да сирек кездесетін минералдардың кен орындарын ашу жоспарда бар. Соңғы жылдары әлемдік нарықтағы заманауи үрдістер сирек кездесетін металдарға, оның ішінде литийге деген сұраныстың артқанын көрсетіп, шикізаттың осы түрін барлауға ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен Шығыс Қазақстандағы Ахмер учаскесінде іздестіру-бағалау жұмыстары жүргізіліп, бұл ашық әдіспен пайдалы қазбаларды өндіруге тиімді болады дейді сала мамандары.
Ұлттық деректер банкі тың серпін әкелмек
«Әлбетте, 2030 жылға дейінгі геологиялық саланы дамыту тұжырымдамасы аясында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру бірінші кезектегі мәселе. Биыл 70 нысанға жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеуді, ресурстарды іздеу және бағалау жүргізуді жоспарлап отырмыз. 2022-2025 жылдар кезеңінде салалық инфрақұрылымды құру көзделіп, ол зертханалар мен керн қоймаларын дайындауды қамтып отыр. Қазір министрлік «Қазгеология» АҚ-пен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі «Ақпараттық жүйесін құру және енгізу» жобасын іске асырып келеді. Оның мақсаты – еліміздегі геологиялық зерттеу мен барлау жұмыстарын ұлғайтып, салаға инвестициялар тарту. Бұл бағытта қажетті құқықтық база дайындалды. Ұлттық деректер банкі жүйесінің енгізілуімен өтініш берушілерге «Бірінші өтінім» қағидаты арқылы барлық аумақ қамтылған интерактивті картадан учаскелерді таңдау құқығы мен жер қойнауын пайдалануға лицензия алу мүмкіндігі беріледі», деді С.Брекешев.
Аталған жүйе paperfree тұжырымдамасына негізделетінін айта кеткен орынды. Демек, мемлекеттік деректер базасымен біріктіріліп, заманауи ақпараттық құралдарды қолдану арқылы құжаттарды қағаз түрінде ұсыну қажетсіз болады.
Жаңа портал іске қосылғаннан кейін жер қойнауын пайдаланудың негізгі 21 процесі автоматтандырылады деп алға тартты жоба авторлары. Қанатқақты жоба биыл қолданысқа енгізіледі деп жоспарланған.