Қоғам • 11 Ақпан, 2021

Өзенді кептіру оңай, толтыру қиын

595 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары еліміздегі ірі су бассейндерін қоректендіруші далалық өзендер арналарының күрт төмендеп, бұл тұтас экожүйеге кері әсер ете бастауы Ақтөбе облысының тұрғындарын да алаңдатып отыр. Ор, Ембі, Жем, Ойыл, Ырғыз, Елек, Сазды өзендерінің суы мүлдем азайып, ағыстары да баяулады.

Өзенді кептіру оңай, толтыру қиын

«Қазгидромет» РМК мәлі­метіне қарағанда, бүгінде баста­у­ын Мұғалжар тауынан алатын Жем өзенінің орташа жылдық ағы­ны 201 млн текше метрге (58%), Ойыл өзені 233 млн текше ­ме­трге (25%) төмендеген. Ал «Қаз­гидрометтің» Ақтөбе филиа­лы мамандарының дерегіне қа­ра­ғанда, Ойыл өзені аумағындағы су ағынының бесжылдық орташа көрсеткіші 127 миллион текше метрге тең болыпты. Таратып айтқанда, 2018 жылы осы көр­сеткіш 118 млн текше метрді көр­сетсе (92,9 пайыз), 2019 жылы 18,3 млн текше метрге (14,4%) күрт азайып кеткен. Бір жылдың ішінде су ағыны мөлшерінің 118 млн текше метрден 18 мил­лион 300 мың текше метрге күрт түсуі өте алаңдатарлық жағдай болып отыр.

 Былтыр Ойыл өзені тасыған жоқ, ал Жем ортасынан бөлініп қал­ған шалшық суға айналып бара­ды. Негізінен, қар суымен қо­­рек­­тенетін екі өзеннің мұн­дай жағ­дайға жетуіне ылғал­дың аз түсуі деген құзырлы меке­ме­баянлердің жауабы дайын. «Қаз­гид­­ромет» мекемесінің жергі­лік­ті филиалының қорытын­ды­­сы­нан аңғарғанымыз, Ойыл өзені айналасындағы атмос­фе­ралық жауын-шашынның түсу көрсеткіші мен өзендегі су дең­гейінің көлемі бір-біріне сәйкес емес. Мәселен, Ойыл өзені ай­наласында 2019 жылы түскен жа­уын-мөлшері 62%-ды, 2020 жылы 57 %-ды құраған. Бір сөз­бен айтқанда, қыста қар жет­кі­лікті жауып, мұз қатса да, көк­темде өзенде су өте аз болды.

Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және та­биғатты пайдалануды реттеу басқар­масының басшысы Жақсығали Иманқұлов­тың хабарла­уынша, Ақтөбе облысының аума­­ғынан ағып жатқан далалық өзен­дердің гид­­ро­геологиялық режімін зерттеу мен реттеу бағ­дар­ламасы­ның техника­лық-экономикалық не­гіз­демесін әзір­леу күн тәртібінде тұр. Жақын уақыт­та дала өзендерінің мәсе­лесін көтеріп жүрген табиғат жанашырларымен, ауыл аза­маттарының қатысуымен бір­­лескен жұмыс тобы құрылатын болды.

Өкініштісі сол, дала өзендерінің ахуалын зерделеу жұмыстары 10 жыл бұрын басталуы керек еді. Ол уақыт­та өзен бойында дәл қазіргідей бей­берекет болған жоқ. Қазіргі уақыт­та су белдеуі әркімнің жекемен­­шігі­не айналғандай. Қаптаған шаруа қожа­­­лықтарын көшіру, егіс егетін суармалы ша­руашылықтарды аластату ұзаққа созылатын әрі құқық қор­ғау органдарының араласуынсыз бітпей­тін түрі бар. Бү­гін­де ешкім де өзен бойынан ер­кімен кетуге ықтияр емес.

Жақсығали Иманқұлов өңіріміз­дегі дала­лық өзендер арнасының күрт азаюының бірнеше себебін ата­ды. Ол жақында Ойыл, Қобда, Мұ­ғал­жар, Темір аудандарына барып, ауыл азаматтарымен кездескенде, жұрт­шы­лық Ойыл арнасының азаюы­на, су сапасы­ның нашарла­уына әкелген бірнеше себепті көр­сеткен. «Біріншіден, өзенді қорек­тен­діретін жауын-шашын мөл­шері өте аз болды. Екіншіден, Су кодексіндегі жағалауда 50 метрге де­йін құрылыс болмауы керек деген ереже сақталмайды. Үшін­шіден, кейбір шаруа қожалықтары елсізде, су арна­сының тартыл­ған тұстарында қоршау жасап, мал ұстайды. Төртін­шіден, өзен бойындағы кей ауыл тұр­ғындары қыстан шыққан күл-қоқыстарын өзенге тастайды. Ал Ойыл өзенінің бойында 20-дан астам елді мекен орналасқан. Малдың қиы, ауылдағы үйдің күлі – ағы­ны әлсіз өзенге үлкен жүк. Бесіншіден, ша­руа қожалықтары өзеннің кез кел­ген тұсын малдың суат көзіне айнал­дыр­ған. Табиғат жанашырлары Ойыл өзенінің кішігірім салаларының бо­йында заңсыз тұрғызылған бөгет­тер болуы мүмкіндігін жоққа шы­ғар­­майды. Сол үшін көктем шы­ғып, жер қарайған кезде өзен бойын түгел зерттеп, заңсыз бөгет тұрғыз­ған тұлғаларды анықтау керек. Алтын­шыдан, облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды рет­теу басқармасы ауыл шаруа­шы­лығы басқармасымен бірлесе отырып, мал суаруға өзеннің белгілі бір тұсын белгілеуді жоспарлап отыр. Бұл жерде құдығы жоқ, не ұң­ғымамен су шығару мүмкіндігі бол­­маған шаруа қожалықтарына ғана өзеннің белгілі бір тұсынан мал суа­­руға рұқсат етіледі. Өйт­кені өзен бойын шабындыққа пайда­ла­нуға болады, бірақ малдың суатына емес. Жетіншіден, табиғат жа­на­­­шыр­ларының айтуынша, ауыл малының өрісі – өзен жағасы. Көп ауылдың малы бүгінде бейберекет жа­йылады, өйткені бақташы жоқ. Біз­діңше, су белдеуі ала жаздай малдың тұяғымен тапталмас үшін ауыл әкімдері көктем шы­ға жеке тұрғындардың малын бағуды ұйым­дастыруды өз қолдарына алған жөн. Жаз бойына әр елді мекенде аналық малды қалдырып, басқаларын ауылға жолатпау керек. Осындай жолмен өзенге түсетін салмақты азайтамыз», дейді Жақсығали Иманқұлов.

Бұл жағынан ауыл әкімдері Әйтеке би ауданының Аралтоғай ауыл­дық ок­ру­гінен шеберлік сабақ­тарын үйрен­се де, артық етпей­ді. Ол жақта мал бей­берекет жүрмейді, көктем туа бой­дақ малдың бәрі қырда бағы­лады да, ауылда тек сауын сиырлар қалды­рылады. Аралтоғай кооперативі осы ша­руаны тап-тұйнақтай етіп ұйымдас­тырған.

Ендігі жұмыс еліміздегі ғы­лы­ми-зерттеу институттарымен бір­лесе, су арналарын гид­рология­лық және гидрохимиялық кешенді зерт­теуді кешіктірмеу керек. Дала­лық өзендердің неге құрып бара жатқан­дығының бір ұшы осы кешенді зерт­теуден анықталады. Жобалау жұмыс­тарын жүргізу алдында оның тех­никалық негіздемесін әзірлеу қажет. Жем мен Ойыл неге тартылды деген сұрақтың негізгі жауабы – Орал-Каспий бассейні мамандарының тіке­лей жауапкершілігінде болуы тиіс.

Жазық өзендердің жағдайын рет­теу олар­ға құйылатын шағын өзен­дерді қалпына кел­тіруден басталады. Мәселен, Ойыл өзені­нің арнасын толтыратын шағын өзендер – Ша­ғырлы, Құмды, Бабатай, Кенжалы, Шиелі, Жарлының құрғап жат­қан арнасына қар тоқтату мен айналасына ағаш отырғызу арқы­лы су келтіруге мүмкіндік бар. «Далалық өзен­дердің ша­ғын арналарына қар тоқтату жұмыс­тарын тұрақты жүр­гізу керек. Өйткені ағаш көп болса, жаз шыққанша көлеңкесінде қар жатады, оның тереңдеген тамыры суды ұстайды. Жасыл желек белдеуін көбейт­сек, құрғаған арналарға су толады. Осы жа­ғы­нан Мұғалжар, Темір аудандарының же­ріне ағаш түрлерін көптеп отырғызуға бо­лады», дейді орман шаруашылығының арда­герлері.

Осы жағынан бастауын Мұғалжар тауларынан алатын Ырғыз өзенінің ахуалы да Ойылдан асып кеткен жоқ. Ырғыз өзенінің биыл ағысы болмады, арналары тым жіңішкеріп, өзен түбі тайызданып кетті. Бастауын Мұғалжар тауынан алатын Ырғыз Торғай өзеніне қосылатын тұста, Жайсаңбай елді мекенінің жанында Қыл деген бөгеттен өтіп, Құрдымға барып жоғалады. Бұл – Ырғыз-Торғай резерватына тиесілі аумақ, ежелден құстардың көш жолы. Сібірден әрі-бері ұшқан құстар көктем мен күзде осы маңдағы көлдерге аялдайды. Бұл жақта бір-бірімен жерасты суымен жалғасқан ұсақ-ұсақ 80 көл бар. Өлке табиғатының ерек­шелігі сол, сансыз көлшігі көктемде толып, күзде тартылады. Бірер жыл бұрын Құрдымға баратын жолдағы суды ұстап қалу үшін Қылдың түбіне бөгет салынды, бірақ су бөгеттен айналып, қайтадан Құрдымға құйылып жатыр. Су бәрібір өз арнасын тауып ағады деген осы. Қылдың жыры бір бөлек. Жергілікті тұрғындар Құрдымға барып құритын суды ұстап қалу үшін бөгетті Қыл­дан жоғарырақ, көктемде толып, күзде солып қалатын шағын-шағын көлшіктер тұсына салу керек деген ұсыныс айтқан. Құстардың көш жолындағы осы көлдер толса, тіршілік жанданады, балық та болады, су жайылған жерге өсімдік те шығады.

Ақтөбе облысының тұрғындары дала­лық өзендердің тартылуы аймақ­тың эко­жүйесіне ауыр соқ­қы әке­летінін жақсы сезі­неді. Бұл жерде адамның табиғатқа шын жана­­шыр­­лығы мен атқарылатын істер­дің сөз жүзінде қалып қой­мауы өте маңызды болып тұр.

 

Ақтөбе облысы