Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Қостанайда «Отбасы help» фронт-кеңсесі жұмысын бастады

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының бастамасымен Қостанайда  «Отбасы help» фронт-кеңсесі жұмыс істей бастады.

Қостанайда «Отбасы help» фронт-кеңсесі жұмысын бастады

Орталықтың мақсаты – әңгімесі таусылған ерлі-зайыптыларды татуластыру, жас отбасыларға психологиялық көмек көрсету және отбасы құндылықтарын жандандыру болып табылады. Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының бастамасымен Қостанайда  «Отбасы help» фронт-кеңсесі жұмыс істей бастады.

Орталықтың мақсаты – әңгімесі таусылған ерлі-зайыптыларды татуластыру, жас отбасыларға психологиялық көмек көрсету және отбасы құндылықтарын жандандыру болып табылады. Қазіргі заңнамаларда отбасы мәселелерін реттеудің баламалы әдістеріне басымдық беріліп отырғанын сот орындарының өкілдері де отбасылық терапия аясында жұмыс істейтін мұндай орталықтардың әр шаңырақтағы тұрақтылық пен татулықтың сақталып қалуына тигізетін ықпалы мол деп біледі.

Қостанай қалалық сотының төрағасы Қанат Шақаровтың айтуынша, соңғы жылдары жергілікті сот органдарының жұмысында ажырасқан отбасыларға қатысты сот отырыстары жиілеп кеткен. Мәселен, қалалық сотқа 2019 жылы неке шартын бұзу туралы 1400, ал 2020 жылы 1100 арыз келіп түскен. Сот төрағасы «Отбасы help» фронт-кеңсесінің іске қосылуы мұндай арыздарды азайтады деген сенім білдірді.

- Біз қиын жағдайға душар болған отбасыларға психологиялық көмеккөрсетеміз. Ерлі-зайыптылардың арасындағы өзара сүйіспеншілік пен сыйластықты тірілтуге тырысамыз. Мұндай отбасы мүшелері көбіне күйзеліс үстінде жүреді. Сондықтан оларға психотерапевт мамандардың, дәрігер-наркологтардың, заңгерлердің көмегін ұсынамыз. Жас отбасыларға, жас әкелерге, келіндерге арналған түрлі тренингтер ұйымдастырып, олардың жұмысқа орналасуына дейін көмектесеміз, - деді фронт-офис жетекшісі Несібелі Бикенова. 

«Отбасы help» фронт-кеңсесі өзара әріптестік туралы меморнадум аясында қазірше Қостанай қалалық сотымен тізе қосып жұмыс істеп жатыр. Фронт-кеңсе жетекшісінің сөзінше, «Отбасы help»  келешекте отбасылық мәселелерге қатысы бар өзге де мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастық орнатпақ. 
Қостанай облысы