Экология • 12 Ақпан, 2021

Экологиялық сауаттылық мектеп жасында қалыптасады

722 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр мектеп білім беру және тәрбие беру бағытында белгілі бір басымдықтарды таңдайды. Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Березовский ауылында орналасқан Ж.Аймауытов атын­дағы орта мектебі басым бағыттың бірі ретінде оқу­шылар­дың экологиялық дүниетанымын қалыптастыру­ды анықтады. Бұл бағытта оң нәтижелер мен жетістіктер де бар.

Экологиялық сауаттылық мектеп жасында қалыптасады

Алдағы уақытта жұмыс сапасын бұдан да жоғары деңгейге көтеру жоспарда бар. 300-ден аса оқушы білім алатын оқу ордасы 2013 жылы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы ұсынған шағын грантты жеңіп алып, поликарбонаттан көлемі 24 шаршы метр жылыжай салынды. Бұл жылыжайдың оқу процесіне, оқушылардың ғылыми жобаларына қосқан үлесі орасан. Олар энергияны үнемдеу, өсімдіктерді гидропоникалық және хемопоникалық тәсілмен өсіру бойынша жобаларын жүзеге асырып келеді. Мәселен, мектеп түлектері Д.Овчаров пен И.Орынбасаров биология­дан ғылыми жобалар қорғап, гид­ро­поника және баламалы энер­гия көздерін зерттеу арқы­лы қолданбалы технология са­ласындағы жобаларымен халық­аралық жарыстардың жеңім­паздары атанды. Марапат ретін­де Ұлыбритания мен Ресейдегі халықаралық жастар лагерь­леріне жолдама алды. Сондай-ақ Д.Овчаров 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің жас дарындармен кездесуіне қатысып, өңір басшысынан сыйлыққа ноутбук алды.

Мектеп – экологиялық се­ми­­нар­лар мен түрлі шаралар өткізуге арналған таптырмас алаң. Рес­публикалық әлеуметтік ма­­ңыз­ды бастамаларды дамыту қоры мұндай фестивальдарды бір­неше рет өткізді. Оқушы­лар­дың қоршаған ортамен тығыз байланыста болып, жан-жан­уар­­лар, құстар мен өзге тірі ағза­­ларды күтіп-баптауына да жағ­дай жасалған. Мектепте арна­йы бұрышта құстар, балықтар тір­ші­лік етеді. Жануарлар әлемі­нің басқа да өкілдері бар. Эколо­гиялық үйірме мүшелері оларға қамқорлық танытып баптайды.

1

Мектеп оқушыларын табиғат­ты қорғап қана қоймай, энергия көздерін, шикізатты тиімді қолдануға жастайынан тәрбиелеу аса маңызды. Экологиялық са­уат дәл осы мектеп қабырғасында қалыптасады. Олардың макулатура мен пластикалық бөтел­ке­лер­ді қайта өңдеуге өткізуі осы бағыттағы жетістіктердің бірі деуге болады.

Экология мәселесінің өзекті­лігін жіті түсінген жастар бо­лашағын биологиямен байланыстырып жатады. Түлектер өз тәжірибесін өзінен кейінгі оқу­шыларға беріп, бірлескен жоба­ларды жүзеге асырады. Жы­лы­жай­да гидропоника әдісімен өсім­діктерді топырақсыз, жасан­ды әдіспен өсіретін стартапты жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Ж.Аймауытов атындағы мектеп Березовский ауылында табиғаты тамаша жерде ор­­на­ласқан. Әр көктем сайын оқу­шылар мектеп пен қа­йың­­ды тоғайдың айналасын қо­қыстардан тазартады. Өкініш­ке қарай, кейбір демалушылар мен ауыл тұрғындары жауапсыз­дық танытып, ауыл айналасын қоқысқа толтырып кетеді. Жас экологтар қоршаған ортаны ластайтын бұзақыларды анықтау үшін дрон сатып алуды да жоспарлап отыр.

Аймақтағы өзге де мектеп­терді өскелең ұрпақ арасында экологиялық сауаттылық мәсе­лесін қолға алып, оқушыларды жастайынан қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелесе екен дейміз.

 

Қабділришат ҚАРАХАНОВ,

мұғалім

 

СЕМЕЙ