Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Қазақстан Комиссияның шешіміне вето қойды
Айталық, Қазақстан ұзақ жылдан бері Ресей аумағы арқылы көмірді тасымалдау мәселесін шеше алмай келеді. Бұл мәселеге келгенде, одақтың комиссия алқасы үнсіздік танытуды құп көрсе керек. Десек те елімізден металл сынықтарын шығаруға байланысты шектеу шараларына тоқталғанда, ұйым бұл шешімді сауда-логистикалық қатынасқа кедергі келтіретін «тосқауыл» деп таниды. Осындай қос стандарттардың сақталуы одақтағы тең жағдайлардың қалай ескерілетінін байқатады.
«Металл сынықтары мәселесіне тоқталсақ, бұл 2018 жылдан бері айтылып келеді. Металл сынықтарын автокөлік құралдарымен тасымалдауды шектейтін бұйрық шыққанда бұл мәселе жиі талқыланып, темір жол арқылы да тасымалдауға тыйым салынғанда проблема өрши түсті. Бұл мәселе көп уақытты қажет ететін күрделі жағдайлардың бірі. Көмір транзиті туралы айтсақ, мүдделі тараптардың өтінішіне сәйкес, ол бірнеше рет кейінге қалдырылды. Тиісті келіссөздер екіжақты деңгейде талқыланып жүріп жатты. Нарықта қандай да бір кедергі бар екенін хабарлауды көздеп отырғанымыз жоқ. Керісінше, кез келген мәселе келіссөз деңгейінде шешілгенін қалаймыз. Күрделілігіне байланысты түрлі проблемалар орын алады», деді ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі алқа мүшесі Гегам Варданян.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, металл сынықтарына байланысты шектеу шаралары «көлеңкелі экономиканы» тежеу үшін қолданылған амал.
«Қазақстан металл сынықтарын автокөлік құралдарымен шығаруға шектеу қойды. Бұл шара металл сынықтарының көлеңкелі айналымына қарсы кешенді күрес және тиісті шартта көрсетілген талаптарға мүлдем қайшы келмейді. Жыл сайын металл сынықтарының көлеңкелі айналымы 3,5 млрд теңгеден асып, мемлекеттік бюджеттің жоғалуына әсерін тигізеді», деді Б.Сұлтанов.
Осылайша, еліміздің жауапты ведомствосы Еуразиялық экономикалық комиссияның аталған шешіміне қарсылық танытып, вето қойды.
Министрдің сөзіне сүйенсек, бүгінде ЕАЭО елдері қара металл сынықтары мен қалдықтарының экспортына қатысты шектеудің түрлі тетіктерін қолданып жатыр. Мәселен, Беларусь Республикасында металл қалдықтарын экспорттау үшін осы елдің үкіметінің арнайы рұқсаты қажет болса, Армения мен Қырғызстан бұл шикізатты жарты жылға дейін шығаруға тыйым салды.
Қазақстан металл сынықтары айналымының нарығын реттеу үшін экспорттық ағынды мүше мемлекеттердің қайта өңдеу кәсіпорындарының қажеттіліктеріне қайта бағыттау есебінен жүргізілуі тиіс деген ұстанымда.
«Егер де ішкі нарықта тапшылық байқалса, елдеріміз бірлесіп, нарықтағы ахуалды теңестіруге қарекет ете алады. Бірақ та жекелеген мемлекеттер өздерінде металл сынықтарының тапшылығы бола тұра оны үшінші елдерге саудалап, өз кәсіпорындарының жүктемесін қанағаттандыру үшін ЕАЭО-ғы серіктестерінен металл қалдықтарын жеткізуді талап етуге хақы жоқ», деді Б.Сұлтанов.
Құзырлы орган басшысының осылай деп айтуына ресейлік металл сынықтарының алыс шет мемлекеттерге саудалануы түрткі болды. Сәйкесінше Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстанның металл сынықтары теріскейдегі көршімізге тасымалданады. Қазір Ресей өз шикізаттарын үшінші елдерге экспорттауға тосқауыл қоя бастап, 180 күнге дейін сынықтарды экспорттауға кедендік баждың жоғарылатылған мөлшерлемесі іске қосылды.
Мұнай-газ саласындағы талаптар қаншалықты ескерілді?
ЕАЭО аясында ортақ газ нарығын құруға байланысты мәселе де біраз уақыттан бері талқыланып келеді. Әйтсе де ЕЭК алқасының энергетика және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Эмиль Кайкиевтің айтуынша, көгілдір отынның нақты ортақ құны туралы айту әлі ерте.
«Бүгінде газдың бағасы қандай болатынын айту қиын. Бізде ортақ газ нарығын құру жөніндегі бағдарлама бар. Соған сәйкес, екіжақты халықаралық шарттарды іске асыруға арналған келісімдерді қоспағанда, нарықтық бағада газды тасымалдауға байланысты шарттар жасалуы тиіс. Әзірге газ тасымалдау тарифтерін анықтау тетіктері жоқ. Қазір ортақ газ нарығы туралы халықаралық шарт дайындалып, оның аясында транзиттік тарифті қалыптастыру жөніндегі қағидаттар белгіленбек. Бұл шартқа 2022 жылы қол қойылады деп жоспарланып отыр. Ол 2025 жылдан кешіктірілмей күшіне енуі тиіс. Сол кезде ғана газ транзитіне байланысты баға туралы сөз қозғауға болады», деді Э.Кайкиев.
К-5 стандарты енгізілсе, бензин қымбаттай ма?
Сондай-ақ спикер мұнай өнімдері нарығындағы жаңашылдықтары жөнінде айтты. Алқа мүшесі К-5 талабының енгізілуімен нарықта қандай өзгерістердің орын алатыны жөнінде тоқталды.
«Бұл талап одақ шеңберіндегі техникалық регламентке сәйкес келеді. Қазір Ресейде, Арменияда және Беларусь елінде К-5 экологиялық санатындағы бензин мен дизель отынының қолданылуына рұқсат берілген. Қазақстанда К-4 және К-5 санатындағы өнімдер қолданылып жүр. Қырғызстанда биылғы 12 тамызға дейін кез келген экологиялық кластағы отынды сатуға рұқсат етіледі. Бұл Қырғызстанның одақтың мүшелігіне кіру жағдайларына байланысты. Олардың К-5 санатына ауысуға уақыты бар. Мұнай экспорттаушы елдер үшін К-5 талабына көшу тиімді. Жанармай бағасының көтерілуін күтуге болады», деді ЕЭК алқасының энергетика және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі.
Э.Кайкиев 2019 жылы одақ аясында электр энергиясының жалпы нарығын құруға бағытталған хаттамаға қол қойылғанын, сондай-ақ бұл құжатта нарықтың жұмыс істеу ережелері, реттеуші өкілеттіктер мен басқа да маңызды мәселелер қамтылғанын жеткізді.
«Энергия ресурстарына кедергісіз жағдай жасап, ашық бағаларды қамтамасыз етуге бағытталған сауда тетіктеріне көп көңіл бөлінбек. Электр энергиясының жалпы нарығы құрылғаннан бастап, көтерме саудагерлер мен сатып алушыларға, сол секілді басқа мүше елдердің сатып алушылары және саудагерлерімен тікелей келісімшарттар жасасуға жол ашылады. Демек, электр энергиясын өндірушілеріне бұл сату нарығының ұлғаятынын білдіреді», деді алқа мүшесі.
Кедендік бақылау тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделуі қажет
Одақта кеденге байланысты проблемалар да аз емес. Атап айтқанда ЕАЭО келісімшартына сәйкес, алыс-берісті нығайту үшін ішкі кедендік шекаралар болмауы тиіс еді. Әйтсе де іс жүзінде солтүстіктегі көршіміздің кеден қызметінің мобильді топтары шекаралық өңірлерде жөнсіз тексерістерді көбейтіп, сауда ағынына кедергі келтіретін көрінеді. Бұл мәселеге ЕЭК-нің Кедендік ынтымақтастық жөніндегі алқа мүшесі Олег Панкратов былай деп жауап берді.
«ЕАЭО туралы шартының 25-бабында тауарларды еркін өткізуді қамтамасыз ету Кеден кодексінде көрсетілген. ЕАЭО-ның ішкі шекараларында, яғни бірыңғай кеден аумағында қандай да бір кедендік бақылау қарастырылмаған. Бірақ Кеден кодексінің 331-бабына сәйкес, егер де тауар заңсыз тәсілмен әкелінген немесе тауарға қатысты қандай да бір арнайы кедендік режімдер қолданылғаны анықталса, кеденнен кейінгі бақылауды жүргізуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар бұл бапта бақылаудың іріктемелі болуы және тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделуі тиіс екендігі айтылған», деді О.Панкратов.