Аймақтар • 12 Ақпан, 2021

Мүгедек ана баспаналы болды

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алға қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана, ІІІ топтағы мүгедек Маржанай Түйешинаға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының «Зекет» қоры «Ел үлесі – пәтерге» акциясы аясында екі бөлмелі пәтер кілтін тапсырды.

Мүгедек ана баспаналы болды

Денсаулығындағы кінәратқа қарамастан ел қатарлы еңбек етіп, перзентін де өсіріп, барлық ауыртпалықты нәзік иығымен кө­те­ріп жүрген Маржанайдың жағдайына алаңдаған сыныптастары баспана мәселесін шешудің жолдарын іздеді. Өйткені Алғада пәтерден пәтерге көшіп жүрген жалғызбасты мүгедек ананың басындағы қиындықты оның жақын жолдастарынан басқа ешкім білмеді. Қанша жүгірсе де, жалғызбасты, мүгедек анаға өз күшімен баспана сатып алуға мүмкіндігі жоқ екенін түсінген жолдас­тары көптің көмегіне жүгінуді жөн көрген. Олар Алға қалалық мешітінің бас имамына барып, қайырымдылық шаралары арқылы баспана мәселесін шешіп беруді өтінген.

«Маржанай көрген қиындығын жақын­да­рына да, жолдастарына да айтып шағынбаса да, соңғы уақытта іштей қатты күйзеліске түсіп жүргенін сезетінбіз. Жалғыз баласын қатарынан кем қылмай өсіріп, жақсы тәрбие беріп отырған құрбымызды қиын сәтте қолдауды жөн көрдік. Біз де жас емеспіз, әрқайсымыздың отбасымыз, бала-шағамыз бар, көпшілігіміз пандемияның кезінде жұмыссыз қалдық. Десек те, осы істі бастаған соң аяқсыз қалдырмайық деген ниетпен аудандық мешітке барып көмек сұрадық», дейді Алға қаласының тұрғыны Руслан Тәжіғұлов.

ҚМДБ қарасты «Зекет» қорының еліміз бойынша берген 346-шы баспанасы осылайша Алға қаласының тұрғыны, III топтағы мүгедек Маржанай Түйешинаға бұйырды. Айта кету керек, осыған дейін де «Зекет» қоры көп балалы отбасыларға, ата-анасыз қалған жасөспірімдерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған Ақтөбе облысының тұрғындарына 13 баспана кілтін табыстаған еді. Маржанай Түйешинаға пәтер кілтін Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан тапсырып, Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов сыйлықтарымен келді. Мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлап жүрген «Ел үлесі – пәтерге» жобасы алдағы уақытта да жалғаса береді.

 

Ақтөбе облысы,

Алға ауданы