Медицина • 12 Ақпан, 2021

Аты жаман аурудың алдын алу маңызды

445 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүкіл әлемдегідей дүниежүзілік онкологиялық аурулармен күрес күнін атап өткен елімізде жыл сайын 30 мың адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады екен. Деректерге жүгінсек, өңірде онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі, өкпе, асқазан, жатыр мойны және тоқішек қатерлі ісіктері алдыңғы орында тұр. Бүгінде отандық медицина ауруды ерте сатысында анықтауға, науқастардың өмір жасын ұзартуға күш салуда.

Аты жаман аурудың алдын алу маңызды

Түркістан облысының барлық аудандық ауруханалары мен емханаларында онколо­гия­лық аурулармен күрес күніне орай қа­­терлі ісіктің алдын алу мақсатында «Ашық есік күні» өтті. Мысалы, облыстық кли­­ни­калық аурухананың құрамындағы №5 онко­логиялық емханада өткен шарада облыс және қала тұрғындары онколог, маммолог, онкогинеколог мамандарынан кеңес алып, тегін тексерулерден өтті. Сондай-ақ облыстық клиникалық ауруханасының онкологиялық қызмет жөніндегі жауапты дәрігері М.Төлегенов бастаған онкохирургия және химиотерапия бөлімшелерінің қызметкерлері аталған диаг­ноз бойынша емделіп жатқан пациенттерді қолдау іс-шарасын өткізді. Ал Төлеби аудандық ауруханасында өткен шарада білікті дәрігерлердің тексеруінен 57 тұрғын өткен. Жалпы, анықталған патологиялар саны 45 болса, 8 тұрғын қатерлі ісікке күдіктелді. Жергілікті дәрігерлер қатерлі ісікті ерте анықтап, алдын алу мақсатында тұрғындарға дер кезінде тексеруден өтіп, өз денсаулықтарына жауаптылықпен қарауға кеңес берді. «2018-2022 жылдары қатерлі ісік ауруларымен күресудегі кешенді жос­пар­дың» нәтижесінде онкологиялық ауруға күдігі бар науқастар компьютерлік томография мен магниттік-резонанстық томографиядан тегін өтуге мүмкіндік алды. Со­нымен қатар ісікті терең молекулярлық-генетикалық тексерістен өткізу, шетелдік мамандармен «телепатология» көмегімен кеңес алуға мүмкіндік жасалды. Бұл отандық онкологтерге дертпен күресуде үлкен көмек. Ке­шен­ді жоспар аурудың соңғы саты­сын­дағы науқастарды да қамтыған, онда паллиативтік көмек көрсету үшін мобиль­ді топ­тар құрып, олардың міндеттері көрсе­тіл­ген.

– Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен аудан­дық ауруханаларда 20 мобильді топ құрылып, науқастарға үй жағдайында жан-жақты көмек көрсетуде. Кешенді жоспар арқылы облысымыз онкологиялық аурулар бойынша республикада соңғы 17-орында, ал қатерлі ісіктен өлім-жітім бо­йынша 16-орында тұр. Біздің басты мақсатымыз – аурудың алдын алу немесе дер кезінде анықтау. Былтыр Түркістан облысы бойынша сүт безі қатерлі ісігінен 72 210 әйел, жатыр мойны ісігінен 67 453 әйел, ал тік ішек қатерлі ісігінен 82 533 адам скринингтен өтті. Скринингпен қамту – 100%. Бірақ бұл алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін мекемелердің орасан зор еңбегі арқылы жүзеге асты. Әрбір емханада әйелдерді және ерлерді қарау бөлмелері ұйымдастырылған, яғни биыл емханаға бірінші рет келген әрбір адам, осы дәрігерге дейінгі бөлмелерден тексеруден өтуге мін­дет­ті. Бұл профилактикалық тексеру көзге көрінетін қатерлі ісіктерді уақ­ты­лы анық­тауға мүмкіндік береді, – дейді Түр­кіс­тан облысының штаттан тыс бас онко­логі Қарлығаш Омарова.

Өңірдің барлық емдеу мекемелерінде өткен акцияның нәтижесінде 360 адамға онколог, маммолог, гинекологтің кеңесі берілген. Сондай-ақ 152 адамға УДЗ жасалса, 25 адамға асқазанға эндоскопиялық тексеру жүргізіліп, 47 әйелдің жатыр мой­нынан жағынды алынды. Тексерілу жұ­мыс­­та­рының қорытындысы бойынша 30 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігі анық­тал­са, өкінішке қарай 92 әйелден сүт безі­нің қатерлі ісігі нақтыланып отыр. Са­ла­ға жауап­ты мамандардың дерегінше, облыс­тың онкологиялық диспансерлерінде 8 436 науқас тіркеуде тұр. Пациенттердің 5 жылдық өмір сүру ұзақтығы – 53,2 па­йыз­ды құрайды. Облыс скринингтік қамту жұ­мыс­тары бойынша республиканың үздік бес өңірінің қатарында. Өткен жылы 11 аудандық аурухана мен емхананың мам­мог­рафиялық паркі жаңарған. Бұл қауіпті дерттің алдын алуға үлкен септігін тигізуде.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45