Өнер • 12 Ақпан, 2021

Сазгердің сахналық бейнесі

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халық мәдени кештерге сусап қалыпты. Санитарлық шектеу алынса, Шәмші туралы «Өмір-өзен» музыкалық қо­йы­лымының тұсаукесерінде ине шаншыр орын болмас еді.

Сазгердің сахналық бейнесі

Шәуілдірде шыр етіп дү­ние есігін ашқан Шәмшінің өмір жолы, шығармашылығы сурет­телген қойылымды сах­наға облыстың Жастар теат­ры алып шықты. Сазгердің өмірі мен өнерін жымдастыра отырып жазылған драмада оның әндерінің шығу тарихы көрерменге әдемі жеткізілген.

Спектакль желісі бойын­ша, Нәзипа есімді қызға ға­шық бозбала әке-шешесінің қала­уымен мал дәрігерінің оқуы­на аттанады. Оқуға кет­кен ол әскер қатарынан бі­рақ шығып, еліне оралады. Ән­ге әуес жігіт әскерде жү­ріп, дауысын жоғалтып алыпты. Ал ауылда қалған Нәзи­пасы өмірден озыпты. Шәмшінің ветеринарлық оқуы­на қарсы болып, әнмен айналыс деген де сол қыз еді. Қаралы хабарды естіген бой­да жас жігіт өмірін әнге ар­намақ ниетте Ташкентке оқуға барады. Кейін сол жақ­тан Жамал Омарованың кө­мегімен Алматыға оралған. Өнер ордасында жас композитор шығармашылыққа бір­жола ден қойып, Нәзипаға арнаған (кейбір деректерде тарихы бұрмаланған деседі) «Қайықта» әнін жазады. Әуезді әнге ақын іздеп, Нұрсұлтан Әлімқұловтың есігін қаққаны да спектакльде көрсетіледі. Әндері қазақтың аспанында әуелеген сайын Шәмшіден бақытты адам жоқ еді.

Қойылымның тәрбиелік мәні де зор. Жалынды жас­тық­тың буымен шығарма­шылықтың ортасында жүрген Шәмші жақындарын бір сәт естен шығарып алып, анасына топырақ сала алмай қалғаны да көрініс тапқан. Жалпы спектакль көрерменді күлдірді, жылатты, қуантты. Патриоттық сезімін де жаныды. 1959 жылғы Кеңес өкіметінің солақай саясатына наразылық ретінде Шәмші елдің рухын көтеретіндей марш жазуым керек деп «Ме­нің Қазақстанымды» дү­ниеге келтірді. Сол үшін оқудан да шығып қалған...

– Мынау карантиннің кесірінен мұндай мәдени шаралардан көп уақыт қол үзіп алдық. Бүгін міне, вальстің королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай сахна шымылдығы түріліп, «Өмір-өзен» қойылымын көрдік. Алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Жастар да шынайы орындады. Талаптарына нұр жаусын! – дейді көрермен Есенбол Нақтыбай.

Иә, жастардың рөлдерді ойнауы, ырғақты билері, Шәм­шінің әндерін орындауы өте әсерлі болды. Сахна декора­циясы да сол заманның рухын сезіндірді. Қойылым со­ңында жиналған халық ұзақ қол соғып, өнерлі өрендерге қо­шемет көрсетті.

 

ӨСКЕМЕН