Қазақстан • 15 Ақпан, 2021

KZ және «ҚАЗ»: Отандық домен қауіпсіз бе?

450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Цифрлы технологиялар бағытындағы жаңашылдықтар отандық домендердің қауіпсіздігіне оң әсер етіп, заманауи ақпараттық шешімдер интернет ресурстарды қорғауға мүмкіндік береді. Айталық, қазақстандық WebTotem жүйесі, сондай-ақ республика көлемінде белсенді түрде іске қосыла бастаған ақпараттық қауіпсіздік орталықтары отандық провайдерлердің жұмысын жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға жол ашып отыр.

KZ және «ҚАЗ»: Отандық домен қауіпсіз бе?

175 мыңнан аса домен тіркелген

Десе де әлі де домендік атау­ды қазақстандық хостингке ауыс­ты­руға күмәнмен қарайтындар бар. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі минис­тр­лігінің дерегіне сәйкес, бүгінде қаз­нетте 175 мыңнан аса kz және «қаз» домендік атау тіркеліп, оның 99 632-сі жұмыс істеп тұр.

«Былтыр министрлік ақпарат­тандыруға қатысты заң талаптарын сақтау мақсатында Қазақстандық желілік ақпарат орталығына хабар­лама жолдап, тіркеушілерге 45 мыңнан астам домендік атауға бай­ланысты талап бұзылғаны жай­лы ескертіп, жағдайды 2020 жыл­дың 30 қарашасына дейін реттеу үшін мерзім берілген болатын. Алайда бұл мерзімді кейінге ауыс­тыру туралы шағымдар мен өті­ніштер түсе бастады. Өйткені бұл рәсімді іске асыру қаржылық және технологиялық тұрғыдан қиын­ға соқты. Жоғарыдағы ахуал мен коронавирус пандемиясынан туын­да­ған тәуекелдерді назарға алып, ми­нистрлік тиісті талаптардың орын­далу мерзімін 1 ақпанға дейін ұзар­ту туралы шешім қабылдады. Биылғы 8 ақпандағы жағдайға сәй­кес, қазір 18 623 домендік атау қал­ды. Демек, домендердің үш­тен екісі қазақстандық хостингке көшті. Оның ішінде 5,6% Қазақ­стан­ның резиденттері емес», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-ми­нистрі Асхат Оразбек.

Ведомство өкілі интернет ре­сурс­тарды еліміздің аумағына көшіру үдерісі шетелдік домендері бар танымал сайттардың жұмысына кері әсерін тигізбейтінін айтты. Құ­зырлы орган kz және «қаз» домен­деріне ие әлемдік контент про­вайдерлерімен тең құқықты жағ­дайда ынтымақтасуға дайын екен­дерін жеткізді. Мәселен, Google.kz-
тің бірнеше қызметі Қазақстанда орналасқан.

 Талапты бұзғандардың жұмысы тоқтатылады

Жүйелік кемшіліктердің алдын алу мақсатында жауапты ведомство домендік атауларды тіркеушілер мен Компьютерлік тәуекелдерге әрекет ететін қызметпен (CERT) бірлесіп, анықталған бұзушылықтарға байланысты талдау жүргізіп келеді. Оның нәтижесінде қолданыстағы талапты бұзған kz және «қаз» до­мендік атауларға ие интернет ресурс­та­ры­ның қызметі кезең-кезеңімен тоқ­татылады.

«Барлығының қызметін тоқта­тып, жаппай жазалау жоспарда жоқ. Министрлікке домендік атаулар­дың иелері тоқтату туралы шешімді 15-30 күнге кейінге шегеруді өтініп жатады. Көп жағдайда әр өтініш бойынша министрлік оң шешім қабылдап, кейінге қалдыруға мерзім береді. Бұл орайда кейбіріне көп уақыт қажет екенін түсінеміз. Қазір 3 мыңнан астам домендік атауды Қазақстан аумағына көшіруге байланысты жұмыс жүргізіліп жатыр», деді А.Оразбек.

 Қорғау қызметі тегін ұсынылады

Вице-министрдің айтуынша, қолға алынған жұмыстың ар­тық­­­­­шылығы көп. Айталық, Web­Totem отандық жүйесі арқы­лы қазақстандық интернет ресурс-­
тарды ақысыз негізде қорғау бо­йынша қызмет түрі ұсынылмақ. Осы ретте kz және «қаз» домендік атауы бар хостинг иеленушілері ақпараттық қауіпсіздік комитетіне тегін қызмет алуға өтініш жіберуге құқылы. Бар­лық қазақстандық домендік атауды республиканың аумағына кө­шіру үдерісі аяқталған бойда ми­нистрлік байланыс операторларымен бірлесіп, қазнетті еліміздің азаматтарына тарифсіз күйінде қолжетімді етуді жоспарлап отыр.

«Еліміздегі шынайы жағдай­мен бетпе-бет келген клиенттермен тығыз жұмыс істеп келеміз. Сөзсіз хостингтің орналасу мемлекетін ауыстыруымыз керек. Іс жүзінде техникалық себептерге байланыс­ты доменді Қазақстанға ауыстыра алмайтын клиенттердің белгілі бір саны бар. Олар kz доменінен басқа бір доменге бағыттау жүйесін іске қосады. Алайда клиенттердің 90% мұны эмоционалды түрде қа­былдайды. Домен тіркеуші ком­пания ретінде адамдармен сөй­лесеміз және мұны көреміз. Менің ойымша, басқа доменді пайдала­нуды қалайтындардың үлесі 5-10% деңгейінде қалар. Бірақ іс жү­зіне келгенде клиенттердің kz доме­ні­мен қалатынын байқап отырмыз. Өйткені бұл ресейлік немесе ше­телдік атау емес. Шетелдік бала­маға қарағанда kz доменіне сенім жоғары», деді «Hoster.KZ компаниясы» ЖШС директоры Денис Сухачев.

Сонымен қоса еліміз латын қарпіне ауысқан жағдайда бұл до­мен атауына қалай әсер ете­тіні белгілі болды. Ақпараттық қауіп­сіздік комитетінің сарапшысы Айда­на Алтаеваның айтуынша, бұл мә­селеге қатысты халықаралық ұйым­дармен тиісті келіссөздер жүр­гізіліп, qaz және qz домендік атаулары елімізде тіркелген. Ал латын қарпіне толық ауысқан жағдайда барлық ресми процедураны Сауда және интеграция министрлігі жүр­гізетін болады деді комитеттің өкі­лі. А.Алтаева домендік атауларды ауыст­ыру кезінде бюджеттен қаражат бөлінбейтінін айтты.