Алқалы жиынға қатысушылар еліміздегі барлық мектептердің маңдайшаларына, олардың тілдік ерекшеліктеріне қарамастан, Ыбырай атамыздың жастарды оқу мен білімге шақыратын «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуін жазып қою керек. Мұны биыл ұлы ағартушының 180 жылдық тойына орайластырып, жұмыла жүзеге асырсақ игі деген бастама көтерді.
Арқалық педагогика институты ұйымдастырған ғылыми конференция ұлы ағартушының 180 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Ғылыми жиынды аталмыш жоғарғы оқу орнының басшысы Сейітбек Қуанышбаев ашты.
Конференцияда Ы.Алтынсариннің ағартушылық-педагогикалық қызметінің маңызы мен ұлы педагогтың жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістер дәуіріндегі педагогикалық идеяларының бүгінгі күннің мәселелерімен сабақтастығы туралы тың пікірлер қозғалды, деді институт ректоры.
Ғылыми конференцияға ыбырайтану саласында еңбектеніп жүрген отандық ғалымдар мен Түркия, Ресей ғалымдары қатысты. АрқПИ «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Роман Аймағамбетұлының айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының аясында бүгінде тарихымызға қайта үңіліп, талай-талай тарихи мұраларымызды зерделеп жатырмыз. Қазіргі кезде Алтынсариннің қызметі мен еңбегіне ғалымдар жаңаша баға беруде. Конференция барысында ұлы ағартушының педагогикалық мұрасының жаңашылдығы мен тарихи маңызы туралы көптеген ғылыми топшылаулар айтылды, деді жобалық кеңсе жетекшісі.