Руханият • 15 Ақпан, 2021

Дирижерлік – дара өнер

345 рет көрсетілді

Концерт залдарының ауыр шымылдығы ашыла сала құлағын тігіп, қадала қараған мың-сан көздің өтінде отырған оркестр жым-жырт қалпы әлденені, әлдекімді күтеді.

Қапталдан қара фрак киген маэстро дирижер көрінгенде, ішкі мазасыздығын, жүрек толқуын, шабытын мүлгіген кейіпке жасырған музыканттар да дүр сілкініп, күткені осы адам екенін көрсетіп, аспабын қолға алады. Мың рет шертіп қолы әбден жаттыққан, музыкалық аспаптың құлағында ойнайтын хас шеберлердің бір көзі нотада болса, бір көзі дирижерде, көзін аударса, құйқылжыған күй ырғағынан жаңылып қалатындай, жіңішке жылтыр таяққа қарап неге сонша табынатынын түсінбей, қарапайым жұрттың көбі қайран қалып жатады.

Қатардағы көрермендердің ішінде «Осыны да мамандық деп... Қолды оңды-солды сермей бергеннен оңай не бар, сол да сөз болып па?» деген сұрақты өзіне бір мәрте қойып көрмегені кемде-кем. Алайда көп ұзамай ащы тері алынған сайын бауыры жазылып шабатын тұлпар сияқ­ты, дирижердің қос қолы ауаны ты­нымсыз осқылаған сайын оркестрдегілердің дауыл тұр­ғы­­за­тындай шабыттана ойнай түсе­тініне қарап бұларды жетелеп, орнымен, орайымен ойнатып, дем беріп тұрған дәл осы адам екенін там-тұм түсінігімен тани бастайды.

Мәдени шарасы мол Алматы­дағы көл-көсір концерттердің бә­рінде сахнаға сиқырлы таяқ­ша­сын ұстап, баппен басып келе жататын Ерболатты көрген сайын дирижер жайлы осылай бір толғанып қою дағдыға айналыпты. Әсерлі кештердің әрін кіргізіп, көңіл хошын самғатқан салтанатты жиындардан жас дирижердің шабытты өнерін тамашалай жүріп, осы бір жұмбақ кәсіптің сырт адамдар үшін белгісіз сырына бойлай түскендей боламыз. Ерболаттың мамандығы мыңның біріне таңдап барып қона­тын сирек өнердің түрінен саналады. Кәсіби қасиеттің оқумен қонатыны өз алдына, ең алдымен туабітті табиғи таза дарын бо­луың керек. Ал Ерболаттың бұл өнерді бала күнінен жүйелі оқып меңгеруімен бірге, әйгілі әке­нің қанымен екінші буында жал­ғастырып отырғанын ескерсек, ди­рижерлікті династиямен сабақ­тастырып келе жатқан атақты Мра­винский, Рождественский, Гер­гиевтер секілді, ұлттық музыка өнеріміздегі әкелі-балалардың біз мақтан тұтатын буынаралық бірегейліктің басы болғай деген үмітімізді де оятып отыр.

Ерболат Ахмедияров – ұлт композиторларының шығарма­ларын, әлемнің рухани және мәдени құндылығына айналған ұлы композиторлардың туындыларын сахнада сәтті орындап жүрген Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының ди­рижері. Израиль елінің Ашдод сим­фониялық оркестрінде, Түр­кияның мемлекеттік президент­тік оркестрінде, «Астана опера» ұжы­мында жұ­мыс істеп, кәсіби қа­рымын ұштап, тәжірибе жи­нап үлгерген білікті өнер иесі. Қа­зақ­тың күй өне­рін бүгінгі күн­ге ұлағаттаған, алтын тамыры ар­ғы дүние­таныммен біте қай­на­сып, кеудесіне күй­дің пірі қонақ­тап, саусағынан саз сорғалаған даңқ­­ты дирижер Қаршығаның ұлы. «Домбыра тарт­қан бала еш­қашан тамырынан ажырамайды» дей­тін сөз рас болса керек. Әке жолын қуған дири­жерге му­зыкалық тәрбие талбесіктен сіңі­рілді. Бесіктен белі кеше ға­на шыққанына қарамай, үш жас­қа толар-толмас баласын қар­сысына қаздитып отырғызып қо­­йып, домбыраның әліпбиін әке­­сінің өзі үйретіпті. Домбыра – тіл­­ді, ділді, дәстүрді ғана емес, күл­­лі қазақы мінез-қасиетті бойы­на жа­сырған көмбе іспеттес. Сон­дықтан болар, қала­да туып, клас­сикалық өнердің жалынан ұстап, көп жылдары шетелде өтсе де, Ерболаттың қазақшасы су төгіл­­мес жорғадай тайпалып тұр. Бес жасынан бас­тап К.Байсейітова атын­дағы музыка мектебінің фортепиа­но сыныбына барды. Ал оныншы сы­ныпта бұлардың мектебіне бел­гілі дирижер Төлеп­берген Әбді­рашев сабақ беруге келгенде, «ди­рижер боламын» деген ойы­на біржола беки түсті. Мектепті екі мамандық бойынша бітіріп, консерваторияға жолдама алған Ерболат жоғары оқу орнында да Төлеп­берген ағасының сыныбында білімін жалғастырды.

Әкелі-балалы дирижерлердің бағыты екі бөлек: бірі ұлттық оркестр дирижері болса, бірі клас­сикалық-симфониялық оркестр дирижері. Ерболат өнерін сим­фониялық оркестрден бастап, ары қарай операда жалғастырып келеді. Құрманғазы оркестрі мен «Отырар сазында» да жұмыс істеп, талай шетелге гастрольдік сапарларға шықты. Ерболат – әмбебап дирижер. Алғашында ақылын айтып, ой бөлісіп қана жүретін Қаршыға әкесі кейін ұлының концерттері­не, спектакльдеріне келіп, со­ңы­нан терезесі тең әріптесі секілді сыр­­ласатын болды. Сыртқа білдір­ме­генімен, баласы атқа шапқан бар­лық әкелердің күйін кешіп, ұлы сахнаға шыққан сайын демін ішінен алып, мүлт кетпеуін тілеп, баласының өнеріне биік өре тұр­ғысынан бағасын беріп жүрді.

Ерболат «оркестр деген – адам ағзасы сияқты тұтас. Жүрек адам­ды тіршілік нәрімен, ауамен қам­­тамасыз етсе, ми оған жетекшілік жасайды. Оркестрде топ-топ ас­пап­­тар бар. Бәрінің басын бірік­­тіру, бірге екпін алып, бірге ойнау өз алдына, дири­жердің рөлі – ми орталығын басқару. Дирижер тіл­мен айта алмайды. Жеткізгі­сі кел­­генін бет-әлпетімен, қасымен, кө­зімен, иегімен, қол сермеуімен, жалпы мінезімен береді. Қол сермеуде бәрі бар: жылдамдық та бар, көңіл күй де, ырғақ та бар. Әуенді дұрыс қал­пына келтіріп орындату да дирижер міндеті. Оркестрде отырған шекті аспаптар, үрмелі, ұрмалы аспап­тарды бірге ойнату­да дирижердің біліктілігі жо­ғары болуы тиіс. Әр дирижердің «қолы­ның тынысы» деген болады. Үр­мелі аспап та әншілер сияқ­ты тыныс алады да, аспаптарына ауаны үрген кезде дыбыс кештеу шығады. Сондықтан дирижер таяқ­шасы үрмелі аспаптарға сәл ертелеу бағытталып жатады. Оны байқайтын да, мүлде байқамайтын да адам бар», дейді.

Ерболат кейде дирижер тая­ғымен, кейде таяқсыз шығып келе жатады. Осының мәнісін сұрадық. Сөйткенде, таяқ – дирижердің «ұзар­ған қолы» көрі­неді. Қолды ұзар­ту үшін, музыканттардың бә­ріне көріну үшін таяқ ұстауға тура келеді. Дегенмен, қалай шық­са да, әр дирижердің өз қа­лауы. «Валерий Гергиев дейтін әйгілі дирижердің сахнаға тіс шұ­қы­ғышпен шығатынын білесіз бе? Бұл мәдениетсіздік емес. Оның да өз мәні бар. Ол бүкіл му­зыканттардың назарын тіс шұ­қы­ғышқа аударып, жұдырығына түйіп алып, тас-түйін уысында ұстап алып ойнайды», дейді күліп. 

Әр композитордың шығарма­сы әртүрлі кезеңде жазылады. Ол неге арналды, не мақсатпен жазыл­ды, қандай мұрат арқалады? Дирижер осы сұрақтың әрқайсына бойлай алуы, әр туындының тари­хын то­лы­ғымен білуі тиіс. Оркестрде отыр­ған әр аспаптың орындаушысына осының бәрін түсіндіріп, ой қалыптастырып беру де дири­жер­дің міндеті. Шығарманың қай тұсында «қауіпті жері» бар, ән­ші қай жерде «шашылып» қа­луы мүмкін, осының бә­рін рет­тейтін дирижер. Опера әнші­сі­нің ең жақсы қасиетін, талантын жарқыратып көрсететін де, мәпе­леп, майын тамыза тамылжыта орындататын да, ашуына тисе, сол жерге «көміп» тастайтын да маэстро дирижер мырза.

Дирижерлердің бір-біріне ұқ­­самайтынын, шебер­лігінің да­ра­лыққа негізделетінін 2019 жы­лы өткен Aimaty Conducting Competition Халықаралық дирижерлер байқауы ашық көрсетті. Ер­болат осы Халықаралық байқау­дың лауреаты атанды. Белгілі бір композитордың шығармасын әр дирижердің әртүрлі сезінетінін осы конкурс байқатты. Бір дирижер өте сырбаз әрі салмақты. Екіншісі көңілді, ойнақы. Енді бірі қолындағы таяғын жұлқынып тұрып сермеген сайын екі ұрты дірілдеп, бетінің бұлшық етіне дейін селкілдеп кетеді. Мұндай сәт­терде көз алдымызға оркестрді эмоциямен басқа­ратын біртуар Нұрғиса Тілендиев ағамыздың еш­кімге ұқсамайтын ұлылығы елес­теп, бір жымиып қойдық. Бұл сірә, дирижердің мінезіне, туындыны тыңдарманның жүрегіне жеткізудегі жеке тәсіліне, кәсібіне берілгендігіне, мамандығына айы­рықша мән беретіндігіне байланысты болса керек. Кімнің кім еке­ні көптің арасынан суырылып шыққанда ғана байқалады. Осы байқауда қазақ елінің атынан шыққан Ерболаттың өнері мәнерлі, маңғаздығымен, биік мәдениетімен ерекшеленетінін көріп мақтанып қалдық. «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақты да Ерболат классикалық өнер­ді өркендету жолында сіңірген еңбегі үшін иеленді.

Сауаты төмен болғанымен, сұ­лу сазды жүрегімен сіміретіндер ішкі түйсігі арқылы оркестр – кеме болса, дирижер – кемені бас­қа­ратын капитан екенін бәрібір сезіп отырады. Сілтідей тынып отыр­ған залдың тыныштығын сіл­­теп қалған таяқшасымен бұза­тын Ерболат Ахмедияров қай кезде де дамыл­сыз саулаған музыка үні­нің ғажайып әлемін өзімен, музы­кант­тарымен бірге аралата жөнеледі. Тамыл­жыған әуеннің құша­ғында тербеліп отырып, дирижер болмаса, мынау сан түрлі аспап­тан жамыраған саз өзара үйле­сім құрмақ түгілі, ауа жайы­лып, мағынасыз даңғырлаққа айналып кетерін біржола түсініп, ең соңында дарынмен біте қайнас­қан өнер мен өреге ұлы мәртебелі көрермен тік тұрып қол соғып кетеді.

 

 

Соңғы жаңалықтар

«Сәтемір хан» кім?

Руханият • Кеше

«Есіл өзен»

Өнер • Кеше

Тасада қалған тұлға

Тарих • Кеше

Сахна суреткері

Өнер • Кеше

Ұқсас жаңалықтар