Кеше Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен өткен алқалы жиында осы сауал төңірегіндегі мәселелер талқыланды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Эталон орталығында болған аталмыш жиынға орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, салалық қауымдастықтар басшылары және басқа да жауапты тұлғалар қатысты. Онда еліміздің техникалық реттеу және метрология жүйесін жетілдіру шаралары сөз болды.
Кеше Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен өткен алқалы жиында осы сауал төңірегіндегі мәселелер талқыланды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Эталон орталығында болған аталмыш жиынға орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, салалық қауымдастықтар басшылары және басқа да жауапты тұлғалар қатысты. Онда еліміздің техникалық реттеу және метрология жүйесін жетілдіру шаралары сөз болды.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің жаңа экономикалық саясатының басым міндеті ретінде ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес өндірістік активтерді жаңарту қажеттігі мен ең бәсекеге қабілетті салаларда отандық өндіріс үшін жаңа нарықтық ортаны қалыптастыру стратегиясын әзірлеуді айтқан болатын.
Кешегі жиында, міне, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайы, Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі интеграциялық үдерістерді тереңдету жағдайында Қазақстанның техникалық реттеу мен метрология жүйесін дамыту мәселелері, сондай-ақ, отандық өнімдер сапасын және қазақстандық мазмұн үлесін арттыру жолдары қаралды.
Негізінен бірыңғай экономикалық кеңістік үрдістері кезінде, сонымен қатар, ДСҰ-ға кіру перспективасы есепке алынған шақтарда бұл мәселелердің маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Яғни, дәл техникалық реттеу отандық өнімді тиімді рынокқа жылжытудың таптырмас тәсілі болып табылады. Осыны ескерген жауапты органдар жағдайға барынша талдау жүргізген екен. Талдау азаматтар өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі жағдайына, елдің экономикалық дамуын тұрақты ұстауға, инновациялар енгізу мен өндірісті әртараптандыруға әсер ететін техникалық реттеу жүйесінде жетілмеген орындардың бар екендігін көрсетіп отыр. Ал бұл кемшіліктердің отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен технологиялығына кері әсерін тигізетіні анық. Бұл жайында кеңесте баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешев мәлімдеді. Ол өз сөзінде, сондай-ақ, Кеден одағы шеңберінде бірыңғай қазақстандық үлгіні қалыптастыру мақсатында мемлекеттік органдар техникалық регламенттер жобаларын әзірлеу керектігін, мемлекеттік органдар құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау үшін сараптамалық кеңестер құру жайын тілге тиек етті. Сонымен қатар, баяндама барысында Кеден одағының техникалық регламенттері жобаларын әзірлеу мен бейімдеу бойынша өңірлік штабтар құру, ірі сауда ұйымдарының айналасында консорциумдар құру бойынша жұмысты ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Комитет төрағасының атап өтуінше, аталған техникалық регламенттер келіссөздер барысында Қазақстан мүддесін қорғайтын делегацияның қолына түспес бұрын төрт мәрте сараптамалық кеңестің қарауынан өтеді. Осы орайда Премьер-Министр бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауды талап етті. Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердің жұмысы тұрақсыз екендігін де баса айтты. «Ерінбегеннің бәрі де оған қатысады. Бүгін біреуі, ертең басқасы. Сондықтан ұстаным жоғалады. Осыдан барып біздегі барлық проблемалар туындайды. Келіссөздер үдерісі де түсініксіз жүреді. Демек, біз бөлінген ресурстар аясында жаңа штабтардың штаттық санын айқындайтын боламыз. Олар тұрақты және жедел болуы тиіс», деді С.Ахметов.
Б.Қанешев сөз арасында Қазақстандағы Метрология туралы заңның 16-шы бабы орындалмай отырғандығына тоқталды. «Бізде метрология туралы жақсы заң бар. Дегенмен, осы заңның 16-шы бабы салалық мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда және ірі өндірістерде метрологиялық қызметтің болуын талап етеді. Бұл бап орындалмай отыр. Соның салдарынан кадр жетіспеуде», деді ол. Бұған байланысты пікір қосқан Үкімет басшысы заң нормасы талабының орындалмауына министрліктер мен жауапты ведомстволардың өздері кінәлі екендігін жеткізді.
«Демек, заң нормасы түсініксіз жасалған. Заңның бұл нормасын орындамағаны үшін жауапкершілік жоқ. Яғни, сіздер заң жазылғанда жауапкершілік танытпайсыздар. Шағымдана бергенше, жұмысты күшейтіңіздер. Нормативтік-құқықтық акті әзірлеп, бақылауды күшейтіңіздер. Заңнаманы сақтамағандар әшкереленсін», деді С.Ахметов. Осы ретте, Премьер-Министр министрліктер мен ведомстволар кез келген проблеманы шешу үшін оларды президенттік немесе үкіметтік деңгейге көтеруді әдетке айналдырып отырғандығын ескертіп, министрлердің жұмысқа белсенді болуын талап етті. Үкімет басшысы сөз арасында елімізде бүгінге дейін қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейтін ет өңдейтін кешендер салынып жатқандығына тоқталып, жақында іске қосылған бірқатар ет өңдеу кешендерін сынға алды. Мәселен, соңғы салынған Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы ет өңдеу кешендерінің «Астана агроөнім» кәсіпорнымен салыстыруға келмейтінін атап өтті. Өйткені, «Астана агроөнім» компаниясының кәсіпорны 5 жыл бұрын салынса да, онда барлық талаптар ескерілген. Ал жақында іске қосылған түркиялық немесе қытайлық технология кешендері тек етті шабуға ғана, яғни оны бөлшектеп, қандай да бір мұздатқышқа орналастыруға арналған. Өнім сапасы мен оны сақтаудың талаптары мардымсыз. Премьер-Министр қайта өңдейтін кәсіпорындарды салу кезінде олар құрылыстың басынан бастап бүгінгі стандарттарға сәйкес жобалануы тиіс екенін қадап айтты. Бұл, талаптар ескерілмесе, кәсіпорынның өнімдері Кеден одағы аясында да бәсекеге қабілетті болмайды, деді Үкімет басшысы.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр техникалық реттеу және метрология жүйесін одан әрі жаңғырту мен дамыту бойынша Жол картасын қалыптастыруға өкім етті. Осыған орай С.Ахметов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне, басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға бір ай ішінде Үкіметке Жол картасы жобасын енгізуді тапсырды. Үкімет басшысы, сондай-ақ, өкілетті мемлекеттік органдарға және «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасына басқа да бірқатар тапсырмалар берді.
С.Ахметов техникалық реттеу және метрология жүйесін жетілдіруге қаржы аямау қажеттігін баса айтты. Себебі, тауарлардың сапалы болуы қай жағынан алса да ел үшін өте маңызды мәселе. «Мен Экономика министрлігіне тапсырма беремін. Бұл саладан бюджет қаражатын үнемдеудің қажеті жоқ. Бұл жүйені кеңейту мен жаңғыртуда, әсіресе, зертханалар, өнім сапасы, техникалық регламенттер бойынша өтінімдерді қараған кезде министрлік оларды қолдауы тиіс», деді Үкімет басшысы.
Эталон орталығында С.Ахметов, сондай-ақ, сынақ зертханалары және Бірыңғай нормативтік- техникалық құжаттамалар мемлекеттік қорының жұмыстарымен танысты.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».