«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезі жұмысына Қызылжар өңірінен қатысқан делегаттар жаңа Саяси доктринаның мән-мақсаты мен маңызын түсіндіру шараларына қызу кірісіп кеткен. Біз белсенді ұйымдастырушылардың бірі, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Сайран ХАМЗИНГЕ жолығып, форумнан алған әсерлері мен тарихи құжат төңірегінде пікір алысқан едік.
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезі жұмысына Қызылжар өңірінен қатысқан делегаттар жаңа Саяси доктринаның мән-мақсаты мен маңызын түсіндіру шараларына қызу кірісіп кеткен. Біз белсенді ұйымдастырушылардың бірі, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Сайран ХАМЗИНГЕ жолығып, форумнан алған әсерлері мен тарихи құжат төңірегінде пікір алысқан едік.
– Сайран Шайсұлтанұлы, сіз «Нұр Отан» партиясының ХIII, ХIV съездеріне делегат болып қатыстыңыз. Соңғы съезд несімен ерекшеленген еді?
– Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 15 жыл толды. Осы уақыт аралығында жұртшылықтың үлкен сеніміне ие болған қуатты саяси күш ретінде нығайып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Партияның негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен мемлекеттілігіміз нығайып, өркениетті елдер қатарына қосылуға ұмтылып отырмыз. Ең бастысы, бір шаңырақ астында ұлтаралық, конфессияаралық бірлік пен келісімнің қалыптасуын Тәуелсіздігіміздің басты жемістерінің біріне балаған әбден қисынды. Партияның қай съезін алсақ та, саяси тұғырнамалардың орындалуымен, тарихи маңызды шешімдердің қабылдануымен, алдағы стратегиялық бағыттардың анықталуымен дараланса, соңғы съезд де өзіндік өзгешеліктер мен ерекшеліктерге толы болғанын баса айтқым келеді. «Дөңгелек үстел» сипатында өтуінің өзінен-ақ еркін ойлар тоғысы мен пікірлер әралуандығына кең мүмкіндіктер тудырылғанын аңғаруға болады.
Десек те, талқыланған мәселелердің ішінде партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес екі ай бойы бүкілхалықтық талқылауға ұласып, делегаттардың қолдауымен әбден сараланған жаңа Саяси доктринаның қабылдануы басты жаңалық десек, еш талас тудыра қоймас. Елбасы сөйлеген сөзінде съездің түйінді міндеті ретінде ХХI ғасырдың орта шеніндегі біздің барша ұлы мақсаттарымызға қол жеткізудегі «Нұр Отан» партиясының алар орны мен саяси маңызын айқындап, іргелі міндеттер қойды. Доктрина партияның болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болу тиістілігін қадап айтты. Өйткені, бәріміздің алдымызда елімізді әлемнің ең қуатты 30 мемлекеті сапына қосу секілді асқаралы асу тұр. Бұл орайда, Қазақстанның жаңа тарихи бетбұрыс белесін нақтылап берген «2050» Стратегиясы партиялық бағдарламаларымыздың негізі десек, менің ойымша, бір-бірін толықтыратын бұл екі тарихи құжатсыз еліміздің одан әрі дамуын, жарқын болашағын көзге елестетудің өзі қиын.
– «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында» атты жаңа Саяси доктрина жөніндегі пайымдарыңызбен бөліссеңіз?
– Жаңа Саяси доктринаның тарихи мән-маңызына Президент съезде сөйлеген сөзінде нақты сипаттама берді. Партия Доктринасы «Нұр Отанның» ХХI ғасырдағы миссиясын және «Қазақстан-2050» Стратегиясын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етудегі біздің алар орнымызды нақты айқындады. Ол демократиялық, өркендеген, бәсекеге қабілетті және әлеуметтік бағдарлы мемлекет құру болып табылады. Доктринада атап көрсетілгендей, басты жетістігіміз де, бар бақытымыздың бастауы да Тәуелсіздік десек, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың күш-жігерін елдігімізді, мемлекеттілігімізді нығайтуға бағыттаудан асқан мәртебе жоқ. Жалпыға ортақ табыстың факторлары әлдеқашан айқындалған: олар – бірлік пен келісім, төл мәдениет пен руханилық, қуатты экономика мен әділетті әлеуметтік саясат, зияткерлік ұлт пен тиімді мемлекеттік басқару. Міне, осы басым қағидаттарға айрықша мән бере отырып, партияның барлық шешімдері мен іс-қимылдарын Қазақстанды өркендету идеясымен орайластырудың маңызы зор.
– Жыл өткен сайын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ұйымдық-құрылымдық жағынан нығайып, бүгінде 45 мыңға жуық адамды біріктіріп отыр. Араларында түрлі мамандық иелері көп. Олардың бір парасы – кәсіпкерлер. Сіз қоғамдық жұмыстармен айналысуға да уақыт тауып жүрсіз. Алдымен жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің жетекшісі ретінде не атқарып, не тындырдыңыз?
– Съезде Елбасы қоғамды жегі құрттай жеген қауіпті кесел – сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізіп келе жатқан қоғамдық құрылымдардың қызметін айрықша бағалап, саяси көшбасшылықтың қағидатты мәселесі, яғни жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегияны нақтылап берді. Біз де жұмысымызды осы тұрғыдан ұйымдастырып, азаматтық ар-ожданның қағидатты сақшысы қызметін жалғастырып келеміз. «Өзіңнен баста!», «Таза сессия», «Жемқорлыққа жол жоқ!» акциялары қатарына жастар, студенттер, үкіметтік емес ұйымдар көптеп тартылды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, рейдтер жүргізілді. Қоғамдық кеңес отырыстарында жемқорлықтың алдын алу жайлары жүйелі қозғалып отырады.
Ақыры сауал қойған екенсіз, басқа да қоғамдық жұмыстар жөнінде баяндай кетейін. Мен, бір жағынан, Петропавл қалалық партиялық тексеру комиссиясына жетекшілік етемін. Сөз арасында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту», «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламаларын орындау барысында орын алған олқылықтарға орай нақты шаралар қолданылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, «Береке» шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасыздығы, мердігер ұйымдардың өз істеріне салғырттығы атап көрсетілді. Кемшіліктер дереу жойылды. Депутаттар басқаруындағы 7 бақылау бекеттері де кемшіліктерді қалт жібермейді.
– Біз сізді іскер азамат, танымал кәсіпкер, тұрмысы төмен отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға жүйелі қайырымдылық жасайтын жомарт жан ретінде де жақсы білеміз. Ендігі әңгімені осы бағытта өрбітсек.
– Елбасы партиялық көшбасшылықтың басты мәселелерінің бірі ретінде экономикалық және әлеуметтік инновациялардың жалпыұлттық эпицентрі болу жайына баса назар аударып, қоғам мен мемлекетті дамудың батыл, инновациялық идеялармен әрлендіру тиістілігін алға тартты. Бүгінде әлем экономикалық, инновациялық кәсіпорындармен қоса, озық ойлармен, ғылыми жаңалықтар негізінде де жұмыс істейді. Олай болса, біз секілді бизнес саласының өкілдері де уақыт көшіне ілесіп, Қазақстанды өркендетуге өз үлестерін қосулары керек.
Бүгінде Петропавл қаласында 150-ге жуық пәтерді қонақүй қызметіне тарттық. Бастапқыда Еуропа Қайта құру және даму банкінен қаржы алып, қалғанын өзіміз салып, бизнестің алғашқы әліппесін бастағанбыз. Кейін, қонақүй қызмет жүйесі кеңейген соң, нарыққа «Park haus» деген атпен шықтық. Ондағы мақсатымыз тұтынушыларға сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету болып табылады. Одан соң германиялық әріптестердің көмегімен франчайзинг жүйесін енгізуді қолға алдық. Бизнеспен айналысуға тілек білдірушілерге озық технологиямыз бен жобамызды ұсынып, қыр-сырын үйретуге әзірміз.
Енді облыс орталығынан 3 қабатты мейрамхана ашу мақсатымен ғимарат сатып алдық. Ол француздық үлгіде құрылады. Оның бір қабаты 30 бен 50 жас аралығындағы адамдарға арналып, би клубы ретінде жасақталады. «Dostavka.kz деген интернет жобасын жасап, тамақ мәзірлерін үйге жеткізіп беру жағын ойластырудамыз. Оның қаншалықты табыс әкелетінін уақыт көрсетеді. Қазір 80 адам жұмысқа тартылса, аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда жұмысшы-қызметкерлердің саны 150-ге дейін жететін болады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алып, қонақүй жүйесін одан әрі кеңейттік. «Облыстық мейрамханалар мен қонақүйлер» ассоциациясының төрағасы ретінде тамақтандыру саласының кәсіби шеберлерін дайындау, шебер-сыныптар ашу, түрлі байқауларға қатысу дәстүрінен сырт қалған емеспіз. Осы орайда, норвегтіктердің тәжірибесі негізінде студенттің теориялық білімімен қоса, екі жыл өндірісте шыңдау сияқты озық тәсілін қолдануға ниет етіп отырмыз.
Қайырымдылық шараларына келетін болсақ, арнайы ашқан есепшот арқылы мұқтаждарға қаржылық демеу жасаймыз. Балалар үйі ерекше қамқорлығымызда. Көмек сұрай келген адамдарды босқа қайтармауға тырысамыз.
Қысқасы, съезд бойымыздағы құлшынысымызды оятып, жаңаша еңбектенуге жігерлендіргенін, тың жобаларға қозғау салғанын айтқым келеді. Ортақ игілікке қол жеткізу жауаптылығы ең алдымен «Нұр Отан» партиясына сеніп тапсырылды. Олай болса, халық мүддесіне қызмет етуден бірде-бір нұротандық шет қалмауы тиіс.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.