Медицина • 17 Ақпан, 2021

Жаңа тест-жүйе коронавирусты 15 минутта анықтайды

541 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық жас ғалым, биолог Болат Сұлтанқұлов жарты жыл бұрын әлеуметтік желідегі па­рақ­шасында ағзадағы вирусқа қарсы антиденені емес, синтетикалық нано­дененің негізінде нақ корона­ви­рустың өзін анықтайтын экспресс тест-жүйесін жасауға болатынын мәлімдеді. Оның осы мәлімдемесі жан-жақты қолдауға ие болды. Кейіпкеріміз 6 ай тынымсыз еңбек етіп, нәтижесінде қандай да бір құрал-жабдықсыз-ақ COVID-19-ды 15 минуттың ішінде анықтайтын тест-жүйені әзірлеп шықты.

Жаңа тест-жүйе коронавирусты 15 минутта анықтайды

Болат Сұлтанқұлов – Англия­дағы Ноттингем университетінде генетик мамандығының бакала­вриатын, Биомедициналық инженерия бағытында Назарбаев Университеттің докторантура­сын бітірген генетик-биолог, Cellular Therapeutics компания­сы­ның негізін қалаушы, сондай-ақ 2018 жылғы «100 жаңа есім» жоба­сының жеңімпазы.

Ол осы өнімін жасауда Young Researchers Alliance ұйымының қолдауына, яғни гранттық қар­жы­лан­дыруына ие болды. Бұл жө­­нінде жақында жариялаған хабар­ламасында: «Мені Young Resea­rchers Alliance, Назарбаев Уни­­верситеттің әлеуметтік даму қо­ры және Ұлттық биотехнология ор­­талығы қолдады. Бұл маған соң­ғы 6 айда Швейцариядан кел­­ген зерттеу тобы сыйға тарт­қан син­те­тикалық нанодене­лер негізін­де тест-жүйесін жасау бойын­ша үлкен жұмыс ат­қаруға мүм­кін­дік берді. Міне, қыс­қа уақыт­та мұны дайындап үл­­гер­генім­ді жеткізгім келеді.

Коро­навирус инфекциясын 15 ми­нут ішінде ешқандай жаб­дықты қажет етпестен анықтай ала­тын тест-жүйесін жасадым. Да­йындалған тест алтын стандарт емес, бірақ Abbott (анти­денелерді қолданып) тестінің қолда бар мә­лі­меттеріне сүйене отырып әзір­ленді», деп жазды.
Егер алдағы уақытта тағы ко­­ро­навирус күшейсе және тес­ті­лерге қажеттілік туындаған жағ­­­дайда отандық медицинаны қол­­­дау мақсатында өз өнімін беру­ге ниетті екенін айтты. Ғалым тест-жүйені Израиль, АҚШ, Иран, Швейцария ғалымдарының ке­­ңесімен толықтай өзі жасап шы­­ғарды. Тек швейцариялық ға­лым­­­дардан коронавирусқа қар­сы нанодене технологиясын сұрап, алдыртты. Сол техноло­гия­ның негізінде өнімді ойлап тапт­ы.

Ал тестінің тиімділігіне келсек, оны кез келген жастағы адам­­дарға қолдануға болады. Өйт­кені қауіпсіз. Ғалым жасаған тест-жүйемен вирусты анықтау үшін адамның сілекейі керек. Ин­фекцияның бірінші белгілері байқалғаннан кейінгі алғашқы 7 күнде вирусты анықтай алады. Егер адам коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған жағдайда тестінің адам ағзасына қалай әсер ететіні әзірше белгісіз. Ғалымның айтуынша, бұл жайт алдағы зерттеу барысында белгілі болады. Экспресс тест коронавирусты зертханалық жағдайда нақты әрі жылдам анықтайды.

Қазіргі таңда ПТР-тестінің баға­сы 8-9 мың теңгені құрайды. Мұ­ның өзі – шыны керек, арзан­дағаннан кейінгі сома. Ал кейіп­керіміз өзінің тест-жүйе­сін әзір­леуді қолға алғанда ең алдымен отан­дастарына қол­жетімді бағада болғанын қа­лапты. Осы мақсаты жөнінде Б.Сұлтанқұлов: «Әзірге өнімнің бағасы қанша болатынын дәл айтып бере алмаймын. Өйткені бұл әлі есептеліп жатыр. Алайда бір анығы экспресс тест-жүйенің құны қазір қолданыста жүрген ПТР және антидене тестілерімен салыстырғанда арзан болады. Негізі ПТР-тестінің бағасынан 2 есеге дейін арзандатып шығаруға мүмкіндік бар», дейді.

Кейіпкеріміз ойлап тапқан отандық экспресс тест-жүйесін жаппай нарыққа шығару үшін өнімді сараптамадан және сапасын дәлелдейтін тексерістен өткізу керек. Тестіні клиникалық сынақтан өткізуге әлбетте Ден­саулық сақтау министрлігінің қолдауы қажет. Бірақ ғалым қол қусырып қарап отырған жоқ, Назарбаев Университеті жа­­нын­дағы Әлеуметтік даму қоры­ның қолдауымен зертханада кли­ника­лық сынақтан өткізуді бас­тады.

«Біз алдымен өзіміз жеке зерт­­­­ханада сынақтан өткізіп алуды көздеп отырмыз. Осыдан соң мемлекеттік органдармен байланыс орнатамыз. Бастысы, бұл тәуелсіз сынақ болмақ. Соның нәтижесін Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынамыз», деді бізге берген сұхбатында.
Болат өзінің ғылымға келу жолы жөнінде айтқан бір сөзінде: «...Вирустарға қарсы ем іздеуді армандайтынмын», депті. Сол бала арманына жартылай жетіп үлгергендей көрінді. Өйткені ол әлі емі табылмаған қауіпті вирус­ты анықтайтын тестіні тапты. Бұл – қазір ауадай қажет дүние. Себебі вирусты емдеу үшін алдымен оның бар-жоғын анықтау керек. Ал отандық өнім қолдау таба ма, оны келешек көрсетеді.