Білім • 17 Ақпан, 2021

Заман талабына сай жаңашыл ұстаз

825 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ғылымға баулып отырған ұлағатты ұстаздың бірі - Жадыра Шәбден. Қазіргі таңда А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияда  химия,биология пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Заман талабына сай жаңашыл ұстаз

Жадыра Рахманқұлқызы алғашқы еңбек жолын 2001 жылы Жоғары медицина колледжінен бастаған. Ол 19 жыл кәсіптік білім берумен қатар қаладағы колледж мұғалімдеріне химия пәнінен біліктілігін арттыру бойынша тренерлік етіп келген. Өткен жылдың қараша айынан бастап А.Пушкин атындағы  №1 мектеп-гимназиясында директордың бейіндік оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде қызметін жалғыстырып отыр.

Химия ғылымдарының магистрі бүгінге дейін жарық көрген мақалалары мен ғылыми еңбектерін экология мен қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығын жақсартуға бағыттады.

Ж.Шәбденның оқушылары пәндік олимпиадаларда,  республикалық және қалалық ғылыми жобалар конкурстарында жүлделі орын иеленіп келеді.

Ұрпаққа білім берумен бірге заман талабына сай өз кәсіби біліктілігін жетілдіріп отырған ұстаз бірнеше халықаралық ғылыми конференциялар мен олимпиядаларда белсенділік танытқаны үшін ҚР Білім және Ғылым министрлігі «Үздік педагог-2020» төс белгісімен марапатталған.

Қазіргі таңда, ұлағатты ұстаздың жаңартылған мазмұндағы әдістемелік оқулығы республикада үш тілде химия пәнін оқытуда қолданылып келеді. Бұдан бөлек, Ұлттық зияткерлік меншік институты тарапынан «Фармация мамандығына арналған бейорганикалық курсы» атты ғылым туындысына патент  берілген.

Жадыра Рахманқұлқызының жаңашылдығы, әр баланың жан дүниесін терең зерттеп, тұлға ретінде қалыптасу жолында атқарған еңбектерінің арқасында әріптестері мен шәкірттері алдында зор құрметке ие.