Италия сенаты өткен аптада жасақталған Марио Драгидің үкіметін қолдап, оған сенім білдірді. Жаңа сайланған үкімет басшысының командасын 262 депутат қолдаса, 40 сенатор қарсы дауыс берді.
Италия президенті Серджио Маттарела елдегі денсаулық сақтау саласындағы және экономикалық дағдарысты ретке келтіру үшін жаңа үкімет құрылуы қажет екенін хабарлаған-ды. Италияда қаңтар айында коалициялық үкіметке кіретін «Тірі Италия» партиясы Джузеп Конте басқарған үкіметті сынға алып, үкіметтегі қызметтерінен бас тартқан еді. Соның себебінен саяси дағдарыс басталып, президент Серджио Маттарелла Еуропалық орталық банктің бұрынғы басшысы Марио Драгиге үкіметті жасақтауға ұсынған еді.
Италия конституциясына сәйкес, жаңадан жасақталған үкімет парламенттің сенімін алуға міндетті. Елдегі БАҚ Драги командасы кіші палатаның да қолдауын иеленеді деген болжам айтады. Өйткені ол елдегі барлық саяси топтардың көңілінен шыққан. Дегенмен парламенттің кіші палатасының дауыс беруі бүгін өтеді. Жалпы, Италия халқының да саясаткерге деген көзқарасы жақсы. Ол ел ішінде технократиялық идеяларымен танылған, ел бірлігін нығайту көзқарасын ұстанады. Еуропалық орталық банктің басшысы қызметінде еуро бағамының тұрақты болуын қамтамасыз ете алуы да оның білікті басшы екенін айқын дәлелдеді.
Үкімет басшысы ретінде елдегі түрлі саяси партияларды біріктіріп, оларды пандемияға қарсы күрес, экономиканы қайта түлету жолында иық тіресіп жұмыс істеуге шақырды. Сенат алдында 50 минут мәлімдеме жасап, қоршаған ортаға назар салатын, реформаларды цифрландыруға бағыттайтын кез келгенін айтты. «Бірлік – сезім емес, міндет. Ал бұл міндет бәрімізді біріктіретін бір факторға байланысты. Ол – Италияға деген махаббат», деді премьер-министр сенаторлардың алдында.
Бір қызығы, оның жоспары елдегі солшылдар мен оң қанаттағыларға қатар ұнады. Демократиялық партияның көшбасшысы Никола Зингаретти италиялықтарға «халық тізгіні білікті маманның қолында» деді. Оң қанаттың жетекшісі Маттео Салвини өз қолдауын Драгиге жақсы денсаулық сақтау жүйесі, салық пен қоғамдық қызметті қысқарту керектігі туралы ұсыныстарымен білдірді.
Ірі әуе компаниялары да жапа шекті
Air France пен KLM жаһандық пандемия салдарынан 7,1 млрд еуро көлемінде кірістен қағылды.
Әуе компанияларының ақпаратына сүйенсек, 2020 жылы франциялық және нидерландық тасымалдаушылардың тұтынушылары 67 пайызға қысқарған. Ал түсетін қаржы көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 59 пайызға азайған.
Компаниялардың басшысы Бенжамин Смит «2020 жылы екі компания бұған дейін әуе тасымалы индустриясы бастан кешпеген дағдарысқа ұшырады», деді. Сонымен бірге басшы екі компанияға да Франция және Нидерланд үкіметі қолдау білдіргенін мәлімдеді.
Франция мен Нидерланд үкіметтерінің Рождестводан кейін қайта ұшуға рұқсат беруі компанияларға аса үлкен пайда әкелмегені мәлім болды. «2021 жылды вакциналау мен шекаралардың ашылуымен бастадық», деді Б.Смит.
MLex нарық анализімен айналысатын ұйым үкіметтердің өз елінің тасымалдаушыларына көмектесуге келіскенін хабарлады. Ұйымның Еуроодақтағы өкілі Николас Хирст «Біз Еуропа үкіметтерінің әуе компанияларына бөлетін миллиардтаған қарыз, қолдау мен гранттарын көріп жүрміз. Әлбетте бұл қаражаттың барлығы тең үйлестірілмеді», деді.
Әуе тасымалдаушыларымен қатар ұшақ жасаушы компаниялар да шығынға ұшырады. Мәселен, Airbus 2020 жылы 1,1 млрд еуродан айырылғанын мәлім етті. Компания басшысы Гийом Фори өткен жылды «біз күткеннен мүлде бөлек болды» деп қорытындылады. «2021 жыл да белгісіздікке толы. Пандемия әлі де қоғамға, адам өміріне, экономикаға әсерін тигізіп келеді», деді ол.
2020 жылы компанияның кірісі 49,9 млрд еуроға азайған. 2019 жылы Airbus 70,5 млрд еуро көлемінде пайда көріпті. Осы себеппен компания маусым айына қарай 15 мың қызметкерін қысқартатынын хабарлады. Бұл мекеме қызметкерлерінің 11 пайызы жұмыссыздар қатарына қосылады деген сөз. Оған қоса ұшақ жасаушы компания 2020 жылы тек 566 ұшақтың жасалғанын мәлімдеді. Ал 2019 жылы 768 әуе кемесі дайындалған.