Әдебиет • 19 Ақпан, 2021

«Ергежейлі»

1119 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біраз жыл бұрын оқып, санамның бір түкпіріне сақталып қалған шығарманың бірі – «Ергежейлі» еді. Яғымусты өзім шын өмірде көрген ергежейлімен салыстырам, кереуетіне аяғын асып қойып, мырзасып шалқасынан жатқанын, далпылдап жүгіріп бара жатқанын көз алдыма елестетем, әйтеуір ұмыта алмай жүрдім. Алты жасымда тұңғыш рет қаладан ергежейлі әйелді көргем. Азық-түлік сататын дүкеннен. Ол да бірдеңелер сатып алып жатты. Нан алуға барған маған мағынасыз көзімен тесірейіп қарағаны, бет-аузын құбылтып, ыржақтағаны үрейімді ұшырған. Бойы алты жастағы мен шамалас, басы үлкен, бет-жүзі ересек әйелді құбыжық ретінде қабылдағаным рас-ты. Кейіннен оның өмір тарихын естіген кезде кеудемде қорқынышымнан аяушылығым басым түсіп, бірден есейіп кеткендей күй кешкенім бар.

«Ергежейлі»

Алғаш алты жаста көрген ер­ге­жейлінің ауыр тағдыры жазушы Дүкенбай Досжанның «Ергежейлі» әңгімесін үтір-нүк­­­тесіне дейін қалт жібермей оқып, жадымда мәңгі тоқып қалуы­ма жанама әсері болуы мүм­­кін. Әйтсе де өмірімдегі осы бір кіш­кентай фактінің көрнекті жа­зу­­шының «Ергежейлі» әңгіме­сіне түк қатысы жоқ. Өзіме ғана тие­сілі болмашы оқиға. Осы арқы­­лы жазушының «Ергежейлі» әңгі­­месінің «қақпасын ашқым» кел­ді.

Қазақта жазушы көп. Адам жанын қозғап, қопарып, санасында сілкініс тудырып, кей тұстарда егілтіп, емірентіп, өз көңіліндегі ес­­теліктерімен қауыштырып, мұ­­ңайтып, түрлі эмоциялық күй­­лерді бастан кешуіне ықпал ете­­тіндері көп емес. Өз басым оны тегеурінді таланттан, білім қорының молдығынан, әдебиетке қапысыз берілген адалдықтан, кәсібиліктен ізде­меймін. Мол эмоция тудыратын шығармалардың авторлары – адам жанын қапысыз танитын, соны қағазға дәл бейнелей алатын жазушылар. «Ерге­жей­лінің» авторы да қапысыз танып, дәл бейнелейтіндердің қатарынан.

Өнер тілінің артықшылығы, ақиқат­ты түрлі ракурста көр­се­туінде. Метафора, символ, тұс­пал­дау, ишаралауға сү­йен­­сең, қиялға қанат бітіп, жазу­шы­ның ергежейлісіне түрлі шын­дық­тарды тоғыстыруға әбден бола­ды. Әйтсе де біз мазмұнның, адам жанының, ұжымдық рух куль­тінің шеңберінен ауытқы­мауды жөн көреміз. «Ергежейлі» әңгімесіндегі ең алдымен назар аударарлық тұс – ауыл адам­дарының бірлігі, ұжымдық рух­тың қуаттылығы. Қазақы кең­қолтық мінез, ақжарма пейілмен Бұқардан келген Пахрид­дин молданы жатырқамай, ара­ларына сіңіріп алып, оған шаға­­ладай үй тұрғызып беретін ауыл адамдарының тірлігі нағыз адам­гершіліктің үлгісі іспетті. Мол­­да­ның көлеңкесіне ұқсап жанына еріп жүретін ерлі-зайыпты қос ер­ге­жейлінің көзтүрткі боп, қия­нат көр­ген жері жоқ. Молдаға бас тартылса, екі құлағы қос ерге­жейліге бұйыратын. Бірі мол­даның дәрет суын жаңалап, бірі жайнамазын­ жайып, маңынан қалмайтын қос ергежейлінің мына өмірдегі ұстыны, арқа сүйер тірегі – оларды Бұқар көшелерінің бірінде өлгелі жатқан жерінен тауып алып, адам қатарына қосқан Пахриддин молда. Ал қазақы ауыл­дың адамдары олардың түп тамырын терге­мей-ақ, қатарына қосып алады. Міне, «Ергежейлі» әңгі­месіндегі бас кейіпкер Яғымус сол қос мұң­лық­тың жал­ғыз ұлы.

Әке-шешесі ерте өлген, Па­х­риддин молда қайтыс боларында Далабайдың әкесіне аманаттап кеткен Яғымус – әліне қарамай шақар бейне. Басынан сөз асырмайды, ешкімге мұңын шақпайды, дауласа кетуге, ұстаса кетуге бейіл. Қандай жағдайда да сыр білдірмей, «жай әншейін» деп үйренген одан­ бө­тен сөз шықпайды. Жазу­шы Яғы­мус­тың осы мінезін тас­­қа ұқ­сатады. «Кәдуілгі тас. Жаң­быр ша­йып,­ суық сорып, күн қыз­ды­рып беті­не белгісін салған. Сырт көзге әлгі тас соның бәріне төзген се­кіл­ді. Тіпті түсін бермеген дер­сің. Тас қалпы қалған. Әйтсе де­ сол қораш, қожыр, мықтыға зер­ салып, үңілген сайын әлгі ойым­­ның теріс екенін түсінем. Оның бе­тінен құмырсқа ізіндей уа­қыт әжімін көрем. Жауын там­шы­сының иісі, күн қызуы, қар сызы ап-айқын сезіледі. Қазір күз болса да тас жүзінен қыс та­бы­ білінеді. Қадалып қараған сайын ешбір күш қарсы тұра ал­­­ма­ған, қаншама ақылды жан тап­­паған Ақырет деген ақырғы сөз­ге, тажалға сыр бермеген тас қа­на». Ұзақ күресуді, қасарысуды, ақыр­ғы мезетке дейін езіліп-мүжіліп кет­пеуді, жоғалмауды тас­­тан үй­ренген Яғымус өзін түсін­бейтін, кей кездерде жәбір­лейтін үлкен адам­дардың ортасында өмір сүреді.

Оның махаббат сезімін бастан кешуі бір ғанибет. Мәскеуден кел­­ген әртістердің өнерін тама­ша­лаған Яғымустың концертте өз «теңіне» сұқтанып қарауы, шы­­мылдық жабылғанда соңына жал­тақтап, жұрттың ең соңынан шығуы, шыққан соң Далабайға «қайда асығамыз, әңгімелесейік», деп өтініш айтуы, ергежейлі ке­лін­шекті «гүл секілді соншама нә­зік», деп тебіренуі  – адам жүре­гіне сал­мақ түсіретін детальдар. Яғы­мус­тың үйірінен адасқан қаз­­дай күй кешіп жүргенін анық ұға­­сың. Оның жалғыздығын, жан мұңын, әсемдікті, сұлулықты сезінетін нәзік жүрегін жазушы Мәскеуден келген әртістер ар­қылы бейнелеп береді.

Яғымустың қаймағы бұзыл­маған қазақы ортаның бірлі-жа­рым тентектерінен көретін қия­наты да жанды қозғайды. Күміс тісті тексіз жігіттің өзі жоқ­та до­­­­ма­­­ланған, күлегеш әйелі­мен әм­­пей-жәмпей болуы мүсәпір жан­ның рухын жасытқанына ішің ашиды. Міне, нағыз «ерге­жейлінің» кім екендігі осы жерде ашылатын сияқты. Тек­сіз бай­ғұстың пендешілік әре­кет­те­рін әңгіме басталғаннан санап­ отыр­саң, Пахриддин мол­да­ның­ тәр­биесін көрген, бойына­ жақ­сы­ қасиеттерді сіңірген Яғы­­мус­­­­ты ергежейлі деуге қи­май қа­­л­а­сың.

Жазушы Д.Досжан «Ерге­жейлі»­ әңгімесі арқылы адам­ жа­­нына тереңнен үңіледі. Адам­ның психологиялық ахуалы мен әлеу­меттік ахуалын параллель өре отырып, көз алдыңа тірі кейіп­керлерді алып келеді. Кино көр­ген­дей боласың және еш­қашан ұмыт­пайсың.