Президент • 19 Ақпан, 2021

Мемлекет басшысы Бағдат Мусинді қабылдады

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Мемлекет басшысы Бағдат Мусинді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің 2020 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары, цифрландырудың даму перспективалары, сондай-ақ, интернет байланысына, соның ішінде, Президенттің халыққа Жолдауындағы ауылдық жерлерде қол жетімділікті арттыруға бағытталған тапсырмаларының орындалу барысы туралы есеп берілді.  

Министр Мемлекет басшысына байланыс сапасының талаптары бекітілгені жөнінде баяндады. Енді 3G/4G желілері үшін сапаның төменгі шегі анықталды. Бұған дейін байланыс сапасының төменгі шегі регламенттелмеген болатын.

Сонымен қатар радиотолқындарды аукцион форматында анықтау жөніндегі заңнамаға енгізілетін өзгерістер әзірленді. Бұл 5G желісіне көшуде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ енгізілетін өзгерістерге сәйкес байланыс сапасының параметрлерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі 1000 АЕК болмақ.

Президентке мемлекеттік қызмет көрсетудің қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар туралы баяндалды.

Министр eGov mobile мобильді қосымшасына биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жайында айтты. Бұл халықтың мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіне тіркеліп, қызмет алу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған қосымша арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарын тездетуді тапсырды.

Президентке «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолға алынған е-арыз-шағымдар қызмет жүйесі таныстырылды. Бұл азаматтардың компьютер түймесін бірнеше мәрте басу арқылы өтініш-шағымдарын беруіне және жедел түрде мемлекеттік органдардан жауап алуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы осындай қызметтің құрылуына қолдау білдіріп,  оны тиімді енгізуге тапсырма берді.

Сонымен қатар Бағдат Мусин Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысы, оның ішінде, бүкіл еліміз бойынша халыққа қызмет көрсететін 115 орталықты жаңғырту жоспары туралы айтты. Осыған байланысты мемлекеттік корпорацияның кадрлық әлеуетін арттыру мәселесі өте маңызды болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа басшылық қызметтерге үміткерлерді, соның ішінде, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жетекшілерін іріктегенде президенттік жастар кадрлық резервінің тәжірибесін пайдаланатыны жөнінде мәлімет берілді. Мемлекет басшысы бұл идеяны қолдап, іріктеу үдерісінің барынша ашық болуын қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Бұл жұмыстар Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе атқарылады.

Бағдат Мусин Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Цифрлық Қазақстан» ұлттық жобасының трансформациялану үдерісі туралы баяндады. Онда мемлекеттің азаматтармен өзара ықпалдастығына, халықтың мәселелерін шешуге байланысты барлық тыныс-тіршілікті есепке алуға  баса мән беріледі.

Бұдан бөлек министр Мемлекет басшысына қазақстандық «KazSat» байланыс серігінің жүйесін дамыту жөнінде баяндады. Атап айтқанда инновациялық шешімдердің пайдасы үшін, соның ішінде байланыс серіктерінің жаңа түрлерінің шығуымен байланысты «KazSat-2R» жобасын тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл бюджеттің миллиардтаған теңге қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді.