Аймақтар • 21 Ақпан, 2021

Электрдәнекерлеуші мұздан мүсін тұрғызды

574 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарғалы ауданы Қайрақты елді мекенінің тұрғыны, үш баланың әкесі Закир Абсалямов он саусағынан өнері тамған шебер. Негізгі мамандығы электрдәнекерлеуші болса да, ол ауылдың сәнін келтіріп тұрған нысандарды өз қолымен тұрғызып, Қайрақтының көркеюіне үлес қосып жүрген азамат, деп хабарлайды Egemen.kz.

Электрдәнекерлеуші мұздан мүсін тұрғызды

Осыдан жиырма жыл бұрын Башқұртстаннан  Қарғалы ауданының Қайрақты ауылына жеке кәсібінің шаруасымен келіп  қоныстанып қалған  Закир Абсалямов  бұл күнде үш баланың әкесі, бес немеренің атасы. Осы ауылдың  Зияда есімді бойжеткенімен бас қосып, тұрақтап қалады.

– Қазір балаларым өсті, бәрі отбасылы, жан-жақта тұрады. Ақтөбе қаласынан немерелерім  жиі келеді. Әдетте  қысқы, жазғы каникулды  біздің   қасымызда өткізетін ересек  немерелерім  ағаштан жасаған мүсіндерге қатты қызығып,  қасымда жүріп үйренгісі келеді. Бес жастағы ең кішкентай немерем  қаладан  келгенде  шарбақтағы   қар мен мұздан соғылған мүсінді  қызық көреді. Өз басым қыста немерелеріммен  аққала соққанды ұнатамын.  Екі-үш жылдан бері желтоқсанның соңғы түні Жаңа Жылдың символикалық бейнесін кескіндеп, мұздан мүсін оюды әдетке айналдырдым.  Биылғы  сиыр жылы елімізге тыныштық,  құт-береке әкелсін, қиындықты бірге еңсеріп,  жақсы күнге жетейік деген  тілекпен үйдің ауласына өгіздің мүсінін мұздан ойып тұрғыздым, дейді Закир Абсалямов.

Көршілері әуелде желтоқсанның соңғы күні  түрлі аң-құстың мүсінін қардан соғып, мұздан ойып әлекке түсіп жатқан   Закирдің ісін  қызық көрген.  Дегенмен, көз тартарлықтай сұлу аң-құстардың  қатарласа тізілгенін көрген олар  жылдың соңғы түні Закирге қолғабысқа келеді.  Тіпті  кейбір көршілері   үйлерінің жанында аң-құстардың бейнесін соға бастаған.  Осылайша Қайрақтыдағы мұздан мүсін жасаудың шеберлік сабақтары текке кеткен жоқ.  Енді желтоқсанның соңғы түні Абсалямовтар үйінің жанындағы  мүсін соғу мерекесіне Қайрақты ауылының тұрғындары бірі қалмай жиналатын болды.

Закирдің  қолөнерге деген құлшынысы сонау бала кезінен оянған екен. Кішкентайынан ағашты жонып, әр түрлі бейнелер жасауды жақсы көрген ол орта  мектепті бітірген соң  Башқұртстандағы көркемсурет училищесіне   оқуға түсуді жоспарлайды. Бірақ  кәсіби суретші-безендіруші болуға  мүмкіндігі болмай қалса да, осы кезге дейін әуесқойлығын тастамайды. Ол үйінің ауласындағы ағаштан соққан шеберханасында қолы босаған кезде ағаштан түрлі бейнелер  жасайды.

Ағаштан түйін түйген шебер  Қайрақтысын жақсы көреді.  Өте еңбеккқор жанның ауласында  сынық шөп те жатпайды, жұмыстан қолы босағанда  жаздай шарбағындағы жеміс ағаштары мен гүлдерін баптайды. Бұл кісінің үйінің заты өз орнында, қисайған шарбақ, топсасы түсіп қалған сықырлауық қақпа деген бұл үйде жоқ. Қолы алтын азамат ауыл тұрғындарының электр желілерін жөндеп, сымдарын жалғап қана қоймай, шарбақтарының   қисайған жерін де  түзеп береді.  Қайрақты ауылының кіреберісінде дала бүркіті бейнеленген стелла тұр. Қанатын қомдап, ұшқалы тұрған  өр де тәкаппар  дала бүркітін Закир ағаштан жасап, ауылға сыйға тартқан. «Бүркіт – бостандық пен тәуелсіздіктің» бейнесі дейді шебер.

Закир Қайрақты ауылының ортасында шағын балалар алаңын да өз қолымен тұрғызды. «Ауылымызда арнайы жабдықталған ойын алаңы жоқ. Жазғы каникулда балалар  жаттықсын деген оймен дәнекерлегіш аппараттың көмегімен  бірнеше турник,  үш әткеншек жасадым. Ауылдастарым қолдан жасалған қондырғыларды ойын алаңына мықтап бекітті», дейді Закир.

Қайрақты ауылының тұрғындары қолы алтын азаматқа дән риза. Ауылдың таза, көрікті, сәнді болуына көп үлес қосып жүрген азамат еңбегін бұлдамайды, үндемей-ақ көп іс тындырып жүр.