Медицина • 23 Ақпан, 2021

Сақтандырылмағандар саны көбейді

407 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қалың жұртшылықты сақтандыру мәртебесімен қамтамасыз ету – МӘМС жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Ұлттық экономика министрлігінің
1 ақпандағы мәліметіне сәйкес Алматыда 1,9 млн тұрғын болса, оның 81,5%-ы сақтандырылған, қалған 18,5%-ы немесе 389 356 адам сақтандырылмаған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев баяндады.

Сақтандырылмағандар саны көбейді

Дегенмен, жергілікті атқару органдарымен бірге жүргізіліп жатқан жұмыстар оң нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, өткен жылдың 1 тамызында Алматыда сақтандырылмағандардың үлесі 22,6% болса, жыл соңында 15%-ға дейін қысқарған еді, өкініш­ке қарай, бүгінгі таңда бұл көр­сет­кіш 18,5%-ға өсті.

Құрылымдық жағынан алып қарайтын болсақ, сақ­тан­ды­рыл­ма­ған 389 мың адамның 142 999-ы – БЖТ төлеуші болса, 100 818-і – әртүрлі себептермен кейін­гі айларда олардың атына жарна аудару тоқтатылғандар. Соны­мен қатар бұл көрсеткіштің ішінде 15 452 жеке кәсіпкер, 7 635 азаматтық-құқықтық келісім­шарт негізінде жұмыс істейтіндер мен өз бетінше төлеп отырған 2 682 адам бар.

 

Шағын және орта бизнес өкілдері де бар

Сонымен қатар сақтан­дырыл­ма­­ғандар арасында жыл соңына дейін сақтандыру төлемдерінен босатылған ШОБ қызметкерлері де болуы мүмкін.

– Жалпы, Үкіметтің №224 (№721) қаулысы бойынша Алма­ты­да 116 604 шағын және орта бизнес нысанына жеңілдік берілген. 2021 жылдың 5 ақпа­нын­дағы мәлімет бойынша, оның 68,2%-ы
жұ­мысшыларын сақ­тандырған бол­са, қалған 31,8%-ы кәсіпо­рын­ның қыз­мет­­кері сақтандыру жүйе­сі­нен тыс қалып отыр деген сөз. Қор «Сақтандыру» ақпараттық жүйесіне енгізілмеген ШОБ қыз­мет­­керлері сақтандыру жүйесі­не қарыз болып қалмас үшін, бизнес нысандарына тиісті мәліметтерді 2021 жылдың 1-тоқсанының со­ңына дейін енгізуге мүмкіндік бе­ріп отыр.

– Еске сала кетсем, Үкіметтің 2020 жылы 20 сәуірдегі №224 қаулысы бо­йынша, жеке жұмыс істейтін тұлғалар, сондай-ақ микро, шағын және орта бизнес субъектілері 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін қарамағындағы қызметкерлер үшін жарна төлеу міндетінен босатылған болатын, – дейді Т.Әбілдаев.

 

Кім қанша төлейді?

Жарна/аударым көлемі МӘМС туралы заңда көрсетілген тәр­тіп бойынша өзгереді. Заң бойынша, жұмыс берушілер әр қызметкер үшін өз қалтасынан аударым жасайды. Жұмыс беруші төлей­тін аударым мөлшері биыл өзгерген жоқ, қызметкер табы­сы­ның 2% көлемін аударады (2017 жылдың 1 шілдесінен – 1%; 2018 жылы – 1,5%; 2020 жылы – 2%).

Сонымен қатар жұмыс беруші ауда­рымға қоса, жалда­малы жұмыс­керлердің жалақысынан 2% мөл­шерінде жарна ұстап Қорға аударады (былтыр 1% болатын). Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жалақыдан (немесе 425 мың теңгеден) аспауы тиіс. Яғни ай сайынғы жарна мөлшері 8 500 теңгеден жоғары болмауы керек.

Жеке кәсіпкерлердің жарнасы өзгер­ген жоқ. Олар бұрынғыша 1,4 ең төменгі жала­қының 5%-ын, яғни 2 975 теңге төлейді.

Сонымен қатар елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша 1 ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 2 125 теңге төлейді. Себебі биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ.

Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсет­кіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сон­дықтан бұл санат 2 917 теңге төлейді. Қаржының 40%-ы – Медициналық сақтандыру қорына, 30%-ы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20%-ы – Әлеуметтік сақтандыру қоры­на аударылады, 10%-ы табыс салығы ретінде ұсталады.

Сонымен қатар жұмыс беру­ші же­ңіл­ді­гі бар 15 санатқа кіре­тін қыз­мет­керлер үшін жарна аудар­майды. Оларды мемлекет сақ­тандырады. Мем­лекет олар үшін биыл орташа жалақының 1,6%-ын аударады (алдыңғы екі жылға бел­гіленген орташа айлық жалақы не­гізінде есептеледі).

 

Қорға қанша қаржы түсті?

Қорға жарна/аударым төлеу жалғасып жатыр. Медициналық сақ­­тан­дыру қорына МӘМС жү­йесі іске қосылған 2017 жыл­дың 1 шілдесінен 2021 жылдың 15 ақпа­нына дейінгі аралықта 529,1 млрд теңгеге жуық қаржы жинақ­талды.

Жарна көлемі жағынан жинақ­тал­ған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы аталған уақыт аралығында Алматы қаласынан 99,5 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 79 млрд теңгеден астамы – жұмыс беру­ші­лердің жасаған аударымы болса, қалған 20,5 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құ­қық­тық келісімшарт бойынша еңбек ететіндерге тиесілі. Сон­дай-ақ Алматы қаласы бойын­ша 2019 жылдан бері өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған 197 мыңнан астам адам 392,3 млн теңге көле­мін­де БЖТ төлеген.

 

41,5 мың КТ мен МРТ жасалды

Медициналық сақтандыру қоры осымен төртінші жыл қата­рынан кепіл­ден­дірілген тегін медициналық көмек және меди­циналық сақтандыру паке­ті шең­бе­рінде көрсетілген қызмет­терге ақы төлеп келеді.

2021 жылы Алматы қаласы бойынша қос пакет бойынша 186,8 млрд теңге қаржы қарас­ты­рыл­ған. Оның 109,5 млрд теңгесі ТМККК пакеті, 77,3 млрд теңге МӘМС пакетіне тиесілі.

Қордың Жеткізушілер база­сын­да Алматы қаласы бойынша 317 жеткізуші тір­келген. 10 ақпандағы мәліметке сү­йен­­сек, Алматы қаласында қос пакет шең­берінде 183 денсаулық сақтау ны­са­­нымен 179,2 млрд теңгенің келісім­шарты бекітілген. Жет­кі­зуші клини­ка­лар­дың 44%-ы – мемле­кет­тік, 56%-ы – же­кеменшік кли­никалар.

ТМККК пакеті бойынша 152 ден­саулық сақтау субъектісімен 104,3 млрд теңгенің келісімшар­ты бекітілген (оның 47% – мем­ле­кеттік, 53% – жекемен­шік). МӘМС жүйесінде 163 нысанмен келісімшарт жасалған, келі­сім­шарттың жалпы сомасы – 74,9 млрд теңге (оның 45%-ы – мем­ле­кеттік, 55%-ы – жекеменшік).

Жалпы, сақтандыру – халық­тың ден­­саулыққа жұмсай­тын шығын­дарын қыс­қар­туға ба­ғыт­­­тал­ған реформа. Мәсе­лен, МӘМС іске қосылғалы бері бұрын азаматтар қалтасынан тө­леп келген бағасы қымбат қыз­мет­тер қолжетімді бола бас­та­ды. Өткен жылы сақтандыру пакеті шең­берінде көрсетілген КТ/МРТ, ПТР сын­ды т.б. қызметтер саны 2019 жылмен са­лыстырғанда 3 есе артты. Мысалы, 2020 жылы Алматы қаласында 41 мың 540 КТ/МРТ жасалған. Оған 543,1 млн тең­ге­ден астам қа­ра­­жат төленді. Сонымен қатар онкологиялық сырқатты анық­тау мақсатында жасалатын 7 мың ПЭТ-диагнос­тика қызметі көрсетілген (позит­р­онды-эмиссиондық томография). Оған 1,2 млрд теңге төленді. Емханалар арқылы көр­се­тілген консультативтік-диагнос­ти­ка­лық қыз­меттің басым бөлігі меди­ци­­налық сақтандыру есебінен қаржы­лан­ды­рылды.

Қорыта айтқанда, сақтандыру енгізіл­гелі бері медициналық реаби­литацияға, жалпы, меди­циналық көмектің бар­лық тү­рі­не бөлінетін қаражат көл­емі едәуір артқаны байқа­лады. Мы­салы, бастапқы медици­на­лық-санитарлық көмек­ті қар­жыландыру деңгейі 7%, про­филактикалық тексерулер 162%, консультативтік-диаг­нос­т­и­калық қызметтер 49%, онкогематология 17%, гемодиализ 6%, стационарды алмастыратын көмек 13%, стационарлық көмек 8%, қалпына келтіруге бағытталған ем-дом 63%, паллиативтік көмек 12%-ға өсті.

 

АЛМАТЫ