Ақсүмбе, Бақырлы, Ащы су қоймалары күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Сырдария өзені бойындағы 22 елді мекенді қаматамасыз етіп отырған «Үлкен су» дабыл беру жүйесі қайта жаңғыртылды. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» жол картасының жобасына 20 іс-шара енгізіліп, жағалауды нығайту, түзету жұмыстарының уақтылы аяқталуы бақылауда болады. Көктемгі су тасқынының алдын алуға қажетті құрал-жабдық қоры жасақталып, облыс аумағындағы азаматтық қорғау құрылымдарының 5 мыңнан астам жеке құрамы, мыңнан астам техникасы дайындыққа келтірілген.
Өңірде 7 ауданда және Сырдарияның бойында қауіп бар. Наурыз айының ортасында Шардарадан су босатылады. Бұл орайда облыс әкімі алдын алу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Аудандарда төтенше жағдайдың алдын алу үшін антикризистік карта жасалған. Бұл жоба республика бойынша өңірде алғаш рет жүзеге асырылады. Пилоттық жоба облыс аумағында болуы ықтимал өрт, су тасқыны, жер сілкінісі сияқты 200-ден аса түрлі тәуекелдерді қамтиды. Картада көрсетілгендей апат бола қалса, 24/7 форматында жедел ақпараттық штаб құрылады. Ол «Алтын сағат» ережесіне сай төтенше жағдай болған сәттен 20 минут ішінде ресми ақпарат таратуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, облыс аумағында кез келген жағдайға дайын болу үшін 216 құтқару бекеті орналастырылған.