Өнер • 23 Ақпан, 2021

Тракторшының апасы

605 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеңестік идеологияның кеудесіне шоқ басқандай «Әлихан» деп атапты ата-анасы. Ойын баласының сары сотанақтарды тәртіпке салуының мәні осында жатқандай. Алаш көсемінің есімін атау сол тұста империяның ережесіне қайшы келетін. Әйтсе де осы есімде ерекше құт бар дескен. Жаңылыспапты. Бүгінде театр өз алдына, қазақ киносында әженің образын көркем сомдап жүрген кербез кейіпкердің бірегейі. Тіпті ел арасында «Тракторшының апасы» да атанып кетті. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлихан Ыдырышеваның жансарайына үңіліп көрген едік.

Тракторшының апасы

Ер мінезді қыздың есею жылдары қазақ зиялылараның қара жамылу кезеңімен қатар келді. Ұлт қаймақтарын уысында ұстаған, уысына сыймағанын оққа байлаған дәупірім дәуірдің қанды дидары өшпенділікке толы еді. Өнерден кенде емес әке-шешенің ұлтқа жанашыр болар ұл тілеп, кенже қыздың атын Алаш ардағы Әлихан Бөкейхановтың құрметіне қоюы көрші-қолаңды да бір сескендірген екен. 50-нші жылдары ел еңсесін енді тіктеп келе жатқанда, кеңестік кербаққан жүйеге қарсы шыққан тұлғаны еске алу ажалға бетпе-бет келуіңмен бірдей. Әйтсе де әке арманы өрісін кеңге жайды.

Өзі туып-өскен топырақ Үржар ауданында өзге ұлт өкілдері көп тұрса керек. Солардың шетқақпайына шыдамаған сәтте бұрымдының білегін түре салып, ауылдың көп сотқарының біріне айналатын әдеті. Айналам деп айналмайды-ау, сондағы іні-сіңлілеріне араша түсіп, бауырларын қорғау үшін жасаған әнтек әрекеті ғана.

«Қайбір күшіміз тасығаннан төбелеске барады дейсің. Біздің де жай жүрмегенімізді біле жүрсін дегеніміз. Әке-шешем қосішектің құлағында ойнайтын. Домбырамен қосыла ән айтқанда естіген жандар айнала топтала қалушы еді. Бірақ маған бұл қасиеттері дарымапты. Еркелігімнің ақысы ретінде небір қисса-дастандарды жаттатып қоятын. Үйге қонақтар келсе «Қара жорға» күйін шертеді. Мен мың бұрала билеймін. Әкем тауда совхоздың малын бағады. Кейде анама өкпелегенде «жайлауға кетемін» деп қиғылық саламын. Бауырларымды қорғаймын деп төбелесіп жүргенде, орыстың дәу қара иті қауып алды. Әлі күнге дейін тыртығы бар», дейді кейіпкеріміз.

Бойы аласа болса да арманы асқақ болыпты. Кейде қазақ би өнерінің ханшайымы Шара Жиенқұлова секілді танымал биші болғысы-ақ келеді. Бірақ оған қысқа аяқтары кедергі келтіретіндей. Кейде Қаныш атасының жолын қуып, геология саласында қызмет атқаруға бекінеді. Солай бола қалса, жұмыр жерді қаза-қаза жалығып кететін сияқты. Кейде қатардағы балалардай ұшқыш болып, аспан игеріп, бұлтты жарып өтуге оқталады. Әйтсе де бұл қыз қызығар мамандық емес тәрізді. Ең дұрысы сахнаның сәніне айналып, әйгілі әртіс атануды жөн көреді. Сол бала арман жас қызды Алматыға жетектеп әкеледі.

1968 жылы Үржар ауданындағы орта мектепті тәмамдап, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның актерлық бөліміне құжат тапсырады. Алыстан ат терлетіп келгенінше қабылдау уақыты өтіп кетеді. Одан Мәскеуден Щепкин атындағы театр училищесіне қабылдайды екен дегенді естіп, ескі алаңдағы Үкімет үйіне барып, Мәдениет министрлігіне жүгінеді. Алдынан атойлап Жүсіпбек Елебеков бастаған небір өнердің нар тұлғалары шығады. М.Горькийдің «Сұңқар туралы жыр» әңгімесінен үзінді және Мәриям Хакімжанованың «Ана» деген өлеңін оқиды. Өкінішке қарай, бабы келіскенмен, қаршадай қыздың бағы жанбайды. Сол сәтте Жүсіпбек Елебеков қасына келіп: «Қарағым, жанып тұрған қыз екенсің, жасыма. Келер жылы Хадиша Бөкеева деген апаң жаңадан курс қабылдайды. Соған тура осы дайындығыңмен келсең болды, міндетті түрде оқуға түсесің» деп жылы сөзімен жұбатып, ауылына шығарып салады.

Бір жыл ауданның бір мекемесіндегі шағын асханада жұмыс істейді. Сөйтіп келер жылдың көктемінде ұстазы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның курсына оқуға түседі. Ассистенті – атақты театр сыншысы Әшірбек Сығай. Осы тұста сәл артқа шегініп, сол кездегі осындай қос алыптан тәлім алған таланттарды тізіп көрейікші. «Қыз Жібек» болып қазақтың жүрегінде ұйыған көрікті Меруерт Өтекешова, риясыз пейілі сахнаны нұрландырып жіберетін Алиса Әлайдарова, жігітке тән асаулық пен алкеуделік бойларын билеген Асылболат пен Төлеген, Досхан мен Асқарбек секілді дарындылар. Сол жылы оқуға түскен 17 түлектің қай-қайсысы да «сен тұр, мен атайын» дейтін өнерге ғашық жандар еді. Солардың ішінде бота көзінен төгілген мейір ашық күлкісімен астасып адамды әлемтапырақ күйге түсіретін Әлиханның болмысы ерек-тұғын. Оны ұстазы Әшірбек Сығай да аңдаса керек. Өз естелігінде шәкірті жайлы кеңінен толғаныпты.

«Қос жанарынан тынымсыз жылтылдаған от ұшқындары оның ылғи да өртке оранып жатар ішкі әлемінің мазасыз хабаршысындай көрінді. Лып етіп бет-жүзге шыға келер жеңіл сезім мен көкейді толқытпаған, жүректі қозғамаған, суға түсіп кеткен сабынның көбігіндей тез ыдырар, әп-сәттік ойларға тұла бойымен қарсы еді қаршадайынан. Көп тыңдап, аз сөйлейтін шәкірттің бірінен саналды. Суырылып көзге түспеді. Шешенсіп, шеберлік танытуға аса асықпады. Бәрін де ретімен, жүйесімен жөндеуге барын салды. Қиылып Қыз Жібек, қылымсып Қарагөз болуға ұмтылмады да. Әлихан, сол баяғы өзгермес Ыдырышева... Сезімін де, сезігін де білдірмейді. Тымпиған қалпы. Күледі де қояды. Бет-жүзі түгел жымияды. Мұрны да... танауы да... ерні де... көзі де...», деген екен ұлағатты ұстазы.

1973 жылы дипломын қолына ала салып, Семейдегі Абай атындағы драма театрына аяқ басады. Аталған театрдың бас режиссері – Есмұхан Обаев. Директоры – Отанбай Кәрібжанов деген абзал азамат. Байырғы Алаштың астанасы жаңадан келген жас әртісті жылы қабылдайды. Бірден көрерменнің көзайымына айналып, көзге түседі. С.Жүнісовтің «Қызым, саған айтам...», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындыларындағы Сәуле мен Қожа рөлдерін зор шабытпен орындайды. «Қожасы» тіпті ғажап шығады. Шәкіртінің сахнадағы өнерін тамашалаған қос ұстазы қайран қалыпты. Көрерменді алғашқы қойылымнан-ақ таңдай қақтырған талант иесі екі жылдан кейін, Б.Римова атындағы Талдықорған облыстық драма театрына ауысады. Міне, күні бүгінге дейін сол киелі сахнада сан тағдырлы кейіпкерлерді нұсқалап келеді.

Классикалық дүниелерде де, заманауи туындыларда да, комедия мен драмаларда да ойнады. Күліп тұрып жылайтыны, көзі жасқа толып қуанатыны оны өзге әртістерден оқшау көрсететіндей. Ерке қыз, шайпау келін, сөзшең жеңгей, керенау кейуаналардың талайымен сахнада ұшырасты. Қ.Баяндиннің «Жаңғырығында» – Асқар, Қ.Мұқаметжановтың «Қайдасың Қайдарбегінде» – Алмас, А.Вампиловтің «Сүйінші табылды, табылдысында» – қыз, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Гүлжамал, «Күтпеген кездесуінде» – Ғайни, М.Әуезовтің «Қаракөзінде» – Текті, «Абайында» – Қарлығаш, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдығында» – Майра, Т.Калилахановтың «Алтын бесігінде» – Бөрте, М.Ақынжановтың «Алтын сақасында» – Күнбала, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» – Дәмелі, Ш.Құсайыновтың «Алдаркөсесінде» – Дәметкен, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Сатыхан, Ф.Буляковтың «Ұзатылмақ кемпірлерінде» – Фатима, Н.Гогольдың «Үйленуінде» – Фекла Ивановна секілді образдары өнертанушылар мен театр сыншылары тарапынан өте жоғары бағаланды.

«Әлиханның көзі нұр төгіп жалтырап тұратын, тығыршықтай қараның әдемісі, ерекше тартымы бар адам. Өзінен талап еткен нәрсені тез қағып алып, режиссердің айтқанынан дөп шыға алатын жан. Театрға алғаш келгенде бойжеткенді де, керек десеңіз бозбаланы да сомдап, келе-келе адамзат баласы құрметтейтін ана образының да сан қырын ашқанына куә болдық. Әлиханның отты көзі бал-бұл жанып, ұршықтай үйірілген қайраттылығы, қандай рөл берсе де құлпыртып жіберетін ойнақтылығы, өзіне сенімі мол еңбекқорлығы өнеге боларлықтай актриса», дейді өнертанушы Зәмзәгүл Әмірғалиова.

Оның балаша күліп, жайнаңдап шыға келуі айрықша жарасымды. Тіпті бұл кейіпкерді жағымсыздар қатарына қосқың келмейді. Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу», И.Ғайыптың «Ана аманаты», Б.Мұқайдың «Тойы көп үй» қойылымдарындағы ана рөлдерін көрсеңіз, еріксіз иланып, жанарыңызға жас аласыз. Ал М.Әуезовтің «Мен бір партия, сен бірдегі...» эпизодтық рөліне көрермен ерекше риза болған. А.Чеховтің «Ваня ағай» қойылымының сәтті шығуына да Әлихан Ыдырышева айтарлықтай үлес қосты, ол жасаған қарт күтуші Марина бейнесі көрермен жүрегінде ұзақ сақталатын кейіпкер болды. Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» қойылымында Рысқұловтың қарындасы Түйметайдың рөлінде ойнаған ол сахна өнерін жетік меңгергендігін байқатты. Оның бәрі ойлы көрерменнің жадында.

Өзі сүйіп сомдайтын Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» қойылымындағы Дәметкен ананың образы тұлғалық сипатын ашатын секілді. Ең жақсы көретін рөлі де сол. Қоғамдағы ана болмысының айшықты суреті сонда бедерленеді. Ардагер әртістің жанарынан төгілген мейірім тіпті ыстық. Бүгінде жастармен жағаласпайыншы деп бұрындары өзі ойнаған басты рөлдерді ізін басқан талапкерлерге бөліп берген. Бұл әрі өзіне сын әрі жаңа жұлдыздың шамын жағу.

Ұстазы Хадиша Бөкеева сабақ үстінде шәкірттерін бір сергітіп алу үшін, оларға әртүрлі жануарлардың қимыл-әрекетін жасатады. Сонда жас Әлихан маймылдың образын сомдайды екен. Сүйікті шәкірті мешінді айнытпай салып, жиналған жастарды қыран-топан күлкіге қарық қылатын болған. Кейде ұстазы заманның беталысына күйзеліп отырғанда, оқушысына маймыл болуды өтінеді. Талантты әртіс тап сол сәтте-ақ көңілі құлазыған жанның жанарына күлкі үйіреді. Міне, содан бері талай жыл алмасқанымен, Әшірбек Сығай бас бармағын жоғары көтеріп бағалаған Әлихан Ыдырышева сол биігінен түскен жоқ. Қадірлі ана, ақжаулықты әже, кино жұлдызы...