Қазақстан • 23 Ақпан, 2021

Тұрғын үй құрылысы қарқынды, бірақ...

1429 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, қазір өңірде жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Соңғы екі жылда тұрғын үй құрылысында 12 пайыз өсім тіркеліп, 2 280 пәтерлі 35 тұрғын үй салынған. Оның үштен бірі кезекте тұрған тұрғындарға берілді.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды, бірақ...

Суретті түсірген Валерий БУГАЕВ

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметінше, тұрғын үй құрылысының жыл сайынғы өсу қарқыны орташа есеппен 20 пайызға жеткен. Облыс орталығында «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарында бірнеше тұрғын үй кешені құрылысы жалғасын тауып, «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша да тұрғын үйлер салынып жатыр. «Нұрлы жер» бойынша «Сарыарқа» шағын ауданында 16 үй және облысқа қарасты үш қалада 6 жалға берілетін үй салынбақ. Бұл пәтерлер «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» жүйесі арқылы және «7-20-25», «5-10-20» бағдарламалары негізінде пайдалануға беріледі. Жалға берілетін пәтерлер мемлекеттік қордың есебінен баспана кезегінде тұрғандарға беріледі. Сонымен бірге «Павлодар» әлеуметтік корпорациясының қаржысы есебінен 216 пәтерлі екі үй салынып, оның 174-і «Отбасы банк» АҚ салымшыларына сатылып, 10 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарға берілді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Павлодар, Екібастұз қалаларынан 4 үй, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы барысында 2020-2021 жылдары облыстың аудандары мен қалаларында бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтыр тұрғын үй құрылысына 38,7 млрд теңге салынған.

Үй құрылысы салушылардың қаржыландыру көзі бойынша меншікті қаражат – 38 пайыз, бюджеттік қаражат 61,9 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі тұрғын үй құрылысына салынған қаражаттың үлесі 8 пайызды құраған. Жеке құрылыс салушылар 242,1 мың шаршы метрді пайдалануға берген. Қолданысқа енгізілген тұрғын үйлер көлемі бойынша Павлодар қаласы 57,3 пайыздық ең жоғары үлес салмағын алады. Тұрғын үйдің мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы алаңы 123,7 мың шаршы метрлік 1601 пәтер, 34 ипотекалық және жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй тапсырылды.

Тұрғын үйдің жалпы алаңының 1 шаршы метр құрылысына орташа нақты шығындар 83,4 мың теңгені құрады. Биыл облысқа «Еңбек» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерден көшіп келгендерге 431 пәтер берілмек. Облыс орталығының әуежай аумағында жеке тұрғын үй құрылысы бойынша панельді үйлер салу жалғасуда. Жергілікті әкімдіктер салған несиелік үйлердің бір шаршы метрі үшін белгіленген баға – 160 мың теңге. Жеке құрылыс компаниялары ұсынған жаңа үйлердің бағасы 12 млн теңгеден аспауы керек.

Облыстық әкімдіктің осы іспетті қуанышты мәлімет бергендеріне қарағанда, тұрғын үй құрылысы қарқынды. Бірақ бір өкініштісі, сандарға толы қаптаған мәліметте бір жүйелілік жоқ, әр басқарма мен әкімдіктер әртүрлі ақпарат береді. Әкімдік мамандарының өздері де тоқетерін таба алмай, сапырылысқан сан цифрлы мәліметтерден адасатын секілді.

Иә, айтқандай-ақ, өзіміз де күнделікті көріп жүргеніміздей, әсем де сәулетті жарқыраған жаңа үйлер кешені жыл сайын бой көтеруде. Тұрғындар Кеңес өкіметі кезіндегі іші-сырты әбден тозған, сұр түсті үйлерден шығып, жаңа үйден пәтер алғылары келеді. Бірақ бастапқы нарықта да, қайталама нарықта да үйлердің бағасы қымбаттап барады. Мемлекеттік бағдарламалар көбейгенімен, кез келген тұрғынға берілмейтіні тағы да белгілі. Қазір Петропавл, Өскемен, Қарағанды қалаларындағы секілді, Павлодардағы пәтерлердің бағасы қымбаттағаны жайлы еліміздегі тұрғын үй нарығын талдау агенттіктерінің хабарларында, әлеуметтік желілерде жиі талқылануда. Облыс орталығындағы пәтерлердің құны Нұр-Сұлтан қаласындағы кейбір тұрғын үйлердегі пәтерлердің бағасымен бірдей деңгейге жетті.

Экономист Нұрхан Асылбековтің айтуынша, ипотекалық бағдарламалардың субсидиялануы бастапқы нарықта да, қайталама нарықта да бағаның тұрақсыздануына әсер етеді. Қайталама нарықта пәтер бағасының өсу себебі – сұраныстың болуынан. Егер қайталама нарықта сұраныс болмаса, үйлерін сатуға асығып отырғандар еріксіз бағаны түсіреді. Ал пәтер бағасы өсе берсе, жеңілдікпен баспана алудан үмітті тұрмысы төмен отбасыларға қиын болуы мүмкін.

Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баспана бағасының шарықтауына тосқауыл қоюды, тұрғын үй нарығындағы алаяқтық операцияларды шектеуді тапсырды.

– «Қазір бұл жайында барлық жерде жазып, жылжымайтын мүлік бағасының көтерілу тенденциясы байқалғанын айтуда. Мемлекеттік органдар халықпен және құрылысшылармен түсіндіру жұмысын жүргізгені маңызды. Нарықтағы алаяқтық операцияларды шектеу қажет», – деді Президент.

Мысалы, қазір қаланың барлық аумағында десе де боларлық, жалғыз бір компанияның «қызыл түсті» көп қабатты коммерциялық үйлері салынуда. Пәтерлердің ішкі жұмысын өзіңіз жасап бітіресіз. Сәйкесінше сатып алған пәтеріңіздің бағасы өседі. Үйлердің санатына қарай бағасы да, тұрғындарға берілетін пәтерлердің тапсыру шарты да әртүрлі. Онсыз да тар қаланың ішіне «қызыл үйлер» қаптады. Бұл құрылыстың көбеюі облыс орталығындағы басқа пәтерлерде жылудың азаюына әсер етуде, жөнді-жөнсіз салына берген үйлерден қала іші тарыла бастады. Жергілікті құрылыс басқармасы тарапынан облыс орталығын кеңейту мақсатында компанияларға тұрғын үй салуды қала сыртына шығару қажет деген талап пен тәртіп болмаса қиын-ақ.

Енді жылжымайтын мүлік бойынша хабарландырулар орналастырылатын Krisha.kz сайты жариялаған мәліметтерге үңілсек, биыл жыл басынан бері Павлодарда тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің бағасы 5,2 пайызға өсіп, 255 650 теңгеге жетіпті. Өткен жылдың соңында да облыс орталығындағы пәтер бағасы күрт қымбаттап, 1 шаршы метрдің құны орта есеппен 233 250 теңгені құраған. Бір жылда тұрғын үй бағасы 37 пайызға қымбаттаған. Сонда баға өсіміне не түрткі болды? Жұртшылық індет кезіндегі дамуы бәсеңдеген экономика, төлем қабілеті төмендеген халықтың жағдайы керісінше, тұрғын үй құнын арзандатуы керек деп ойлаған да болар.

Былтыр облыс орталығында 2 бөлмелі пәтер бағасы 10-11 млн теңге көлемінде болса, биыл хабарландыруларға қоңырау шалып көрсек, 15 млн теңгеге жақындатып қойыпты.

– Егер қаламызда пәтер бағасы қымбаттай бастаса, баспанаға сұраныс бар деген сөз. Сұраныстың болуы – өндірісті өңірдің, облыс орталығының өзіндік бір тұрақты тыныс-тіршілігінен хабар береді. Өндірісті өңірде жұмыс орындары жеткілікті, шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Мысалы, Семейде, Жезқазғанда пәтер бағасының арзан болуы түсінікті. Орташа есеппен қарағанда, тұрғындардың жинаған қаражаты да бар секілді, өйткені пәтер сатып алуда белсенді. Пәтер аламыз деп ақша жинауға үйрене бастағанын көресіз. Бір отбасы мысалы, 7 жылдай банкте ақшасын жинаған. Нәтижесінде, үй сатып алды. Оны күнделікті өзімізге қанша адамның келіп-кетуінен-ақ байқаймыз, – дейді тұрғын үйлерді бағалау агенттігінің жергілікті өкілі Марат Өкілбаев.

Әрине, өңірдің экономикалық және өндірістік әлеуеті зор. Орташа еңбекақы көлемі жоғары деңгейде. Бұған қосымша, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары да аз емес. Сұраныс артқан сайын бағаның өсуі заңдылық. Бағаның құбылуы қолда бар қаржысын жиып-теріп үй алғысы келгендерге де жақсы емес. Қаладағы қайталама нарықтағы ескі тұрғын үйлердің де бағасы арзан емес. Басты мәселе – бағаны негізсіз өсіретін жекелеген үй сатушыларда сияқты.

– Бірақ пәтер бағасын белгілеу – үй иелерінің өз еркі. Тұрғын үй нарығында тек сатуға-сатып алуға қызмет етуші агенттіктердің баға мәселесіне араласпайтыны белгілі. Әрине, қазіргі кезде бағасы қымбат емес, арзан жаңа үй де, бұрынғы ескі үй де болмайтыны түсінікті. Мысалы, Павлодардағы ескі 5-қабатты үйдегі пәтерлерді қазір 8 млн теңгеге бағалауға жеттік. Ал жаңа үйлердің қымбат болатыны – лифт, шыны әйнек, металл сияқты құрылыс материалдарын шет елдерден алады. Кірпіш, басқа да құрылыс материалдары елімізде жасалса, уақыт өте келе жылжымайтын мүліктің бағасы арзандауы да мүмкін, – дейді М.Өкілбаев.

Облыс орталықтарында, өзге ірі қалаларда, сарапшы айтқандай, тұрғын үйлерге сұраныс көбейгендіктен, соған сәйкес үй бағасының жоғарылауы байқалған. Бұған қайталама нарықтан қолданыстағы пәтерлерді сатып алуға, үйлерін кеңейтуге асыққан қала тұрғындары, ауылдан көшіп қаладан пәтер іздейтін тұрғындарды қосыңыз.

Тұрғын үй нарығын бақылайтын сарапшылар баспана бағасы қымбаттамауы үшін жергілікті жерлерде де белгілі құрылыс компанияларын шақырып, тұрғын үйлерді қала ішінен емес, мысалы, Алматыдағы «Зерделі», «Саялы» шағын аудандары секілді қала сыртынан көптеп салу қажет деп санайды. Ол үшін жергілікті құрылыс өнімдерін өндірушілерге қолдау көрсету қажет. Сарапшылар жазға қарай тұрғын үй нарығы бұрынғы тепе-теңдік күйіне түседі деп, жұртты сабырлыққа шақыруда.

Бүгінде еліміздің ірі қалаларында, өңірлерде 2000 жылдан бері салынған жаңа санатты үйлерге сұраныс жоғары екені белгілі. Алушылар бірінші кезекте сапаға, сәулетіне және сервиске көп мән береді. Яғни тұрғындар қымбат тұратын үйлерге бет бұрып келеді. Тіпті, жаңа үй алғысы келсе, пайызы төмен, мерзімі ұзақ «7-20-25» бағдарламасына сүйенеді. Қаражатын сақтап қалу үшін жылжымайтын мүлік сатып алатындар да, сол пәтерлерін жалға беріп қоятындар да аз емес.

– Түптеп келгенде, елімізде болсын, өңірімізде болсын, тұрғын үй бағасының тұрақтанбауына нарықтағы сұраныстың артуы себеп. Мемлекеттің зейнетақы төлемдерінен жиналған қаржының белгілі бір бөлігін алып, пайдалануға мүмкіндік беруі де пәтер құнының өсуіне әсерін тигізуі мүмкін. Яғни сұраныс болған сайын, тұрғын үй бағасының өсуі заңды құбылыс, – дейді экономист Нұрхан Асылбеков.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ жергілікті бөлімшесінің мәліметінше, өңірде бір реттік зейнетақы төлемдеріне қол жеткізген тұрғындардың саны – 2,5 мың адам. Орташа есеппен, әр адам 3 млн теңгеге қол жеткізген. Тұрғындардың 40 пайызы қордағы қаражатын ипотекалық қарызын жабуға алса, 20 пайызы пәтер алуға жұмсамақ.

Жуырда Қоғамдық кеңес отырысында есеп берген облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов «Тұрғын үй мәселесі – облыс тұрғындарының өтініштері арасындағы ең өзектісі. Біздің мақсат – тұрғын үй кезегін қысқарту. Яғни мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беру серпінін сақтап қалуға және мүмкіндігінше көбейтуге күш саламыз», деді.

Былтыр Екібастұзда да 1 мыңнан астам пәтері бар 13 көп пәтерлі үй салынды. Қала әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың айтуынша, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 11 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Кезекте тұрған 646 отбасы жалға берілетін тұрғын үйге ие болды. Көктемде тағы да 432 пәтерлі көп қабатты 6 үй беріледі. Алдағы жылдары қаржыландыру мәселелері оң шешілген жағдайда, жалға берілетін 15 тұрғын үй салынуы мүмкін. Қаланы дамыту тұжырымдамасы аясында алдағы үш жылда 3,5 мың отбасы үшін 213 мың шаршы метр баспана салу жоспарланған. Бұл қазіргі есепте тұрған жетім балалар мен көп балалы отбасылардың қажеттілігіне сай әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен бюджет қызметкерлерінің кезегін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сол сияқты Ақсу қаласында да кеше ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «ДСК Монтаж ЖШС» құрылыс компаниясы салған 144 пәтерлі үй берілді. Жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Қазір Ақсу қаласының 2400-ден астам тұрғыны баспана кезегінде тұр.

Иә, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа үйлер кешені бой көтеруде. Бүгінде Павлодар қаласында 16 мыңға жуық адам үй алу үшін кезекке тұрса, оның 700-і – көп балалы отбасылар. Бұл ретте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, пәтер алғысы келетін тұрғындар аздап күте тұруы керек. Уақыт өте келе нарық өзінің шынайы қалпына оралады. Сұраныс пен ұсыныс теңесуі керек. Яғни тұрғын үй бағасы әлі арзандайды, қазіргі жағдай – уақытша құбылыс.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20