Аймақтар • 25 Ақпан, 2021

Мықты мәдениет – руханият қайнары

784 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Коронавирус келіп, ел ішіне лаң салған күрделі кезеңде Қара­ғанды облыстық мәдениет, архив­тер және құжаттама бас­қар­масы да жұмыс тәртібін он­лайн режімге көшірген бола­тын. Рас, басында көптеген іргелі жоба бойынша іркіліс­тің болғаны белгілі еді. Дегенмен жұмысты дұрыс ұйым­дастырып, ұжымды ортақ мақ­сатта жұмылдыра білудің нәти­жесінде сеңнің көбесі сөгіліп, іс ілгері жылжи бастаған.

Мықты мәдениет – руханият қайнары

«Өткен жылдың наурыз айынан бастап мәдени ұйымдар онлайн ре­жі­мде жұмыс істеуге көшті, дейді аталған басқарманың басшысы Ерке­бұлан Жұмакенов. – Техникалық қиын­дықтарға қарамастан, онлайн іс-шара­ларды өткізу қолға алынды. Бұған Қазақ­станның мәдениет қызметкерлері күніне арналған «Рухани қазына» ІІІ республикалық онлайн-фестивалінде өңіріміздің мәдени қызметкерлері­нің жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, зор жетістікпен оралғандары дә­лел. Облыс орталықтары мен респуб­лика­лық маңызы бар қалалар ара­сын­да Қарағанды өңірінің мәде­ниет ұжым­дары мен жекелей қызмет­кер­ле­ріміз жеңімпаздар саны бойынша рес­публика көлемінде бірінші орынды иеленді. Кітапхана, музей және мәдени-демалыс қызметтері аталымдары бойынша жеті жүлделі орын облысымыздың мәдениет майталмандарына бұйырды».

Пандемия демекші, облыста төтен­ше жағдай жарияланып, карантин енгі­­зілгенде Қарағанды, Теміртау және Жезқазған театрларындағы киім цех­тары қызметкерлерінің «Biz­Birge­miz» еріктілер акциясы аясында ме­ди­циналық бетперделер тігуді ұйым­дастырып, дәрігерлерді, әскери қыз­меткерлерді, аз қамтылған отбасыларды қорғауға және қолдауға өздерінің қомақты үлес қосқанын ерекше атап өтуге болушы еді.

Өңірдегі мәдениет саласында «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу маңызды қолдауға ие болға­нын айтпай кетуге болмайды.

Мы­са­лы өткен жы­лы об­лыста 2,6 млрд теңгеге 48 мә­де­ниет нысаны жөнде­ліпті. Оның ішін­де Жезқазған өңірін­дегі Те­рек­ті ауылының клубына, об­лыс­тық акаде­мия­лық қазақ драма теат­ры­ның шатырына күрделі жөндеу, Қарағандыдағы кеншілер мәдениет сарайында штанкет жабдығын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

Облыстың қалалары мен ауданда­ры­ның 23 мәдени-демалыс ұйымы, төрт кітапхана, бес мұрағат, алты музей, Теміртау балалар мен жас­өс­пірімдер театры жөндеуден өт­кен. «Жалпы ал­ғанда, барлық бағдар­ла­малар, сонымен қатар қала мен аудан­ның жергілікті бюджеттері есебінен бар­лығы 96 мәдениет нысанына 3 млрд 843 млн 244 мың теңгенің жөн­деу жұ­мыстары жүргізілді», дейді Ерке­­бұлан Жұмакенов.

Тұрғындарды жұмыспен қамта­ма­сыз ету мәселесінде де көп шаруа атқа­рылған. Мысалы мәдениет және архив нысандарында 794 жұмыс орны құры­лып, жұмысқа 855 адам тартылды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтарынан 415 адам жұ­мысқа орналастырылған.

Қарағанды облысында тарихи-мә­дени ескерткіштерді сақтау, оларды зерттеу және насихаттау жұмыстарына айрықша мән беріліп келеді. Бұл орайда өткен жылы Орталық Қазақстанның ежелгі металлургия ескерткіштері, Қарашоқы қорымындағы, Жошы хан кесенесі жанындағы тарихи-мәде­ни орындар, Теңіз, Ұлытау және Жез­қазған аймақтарындағы Алтын Орда кезе­ңіндегі тарихи-мәдени ескерт­кіштердегі археологиялық қазбалар бойынша  кең ауқымды жұмыстар жүр­­гізілгенін айтуға болады.

Бұдан бөлек, Сүттібай би кесенесі, Ақтоғай өңіріндегі Дайыр төре, Қыс­таубай, Теректі кесенелері, Ұлытау аймағындағы Оспан кесенесі, Қарқара­лыдағы Көлбай кесенесі, Абай ауданында орын тепкен Таймас батыр кесенесі сынды тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстары да қар­қынды жүргізілді.

Қазіргі таңда жұртты ерекше қы­зықтырып жүрген тарихи мекеннің бірі – Шет ауданы аумағындағы Тал­ды тарихи-археологиялық пар­кі­нің ескерткіштері. Бүгінде мұнда архео­логиялық ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Қолға алған шаруалар толығымен аяқталғаннан кейін, осы жылдың қыркүйек айында құрамына «Сарыарқа» пирамидасы және басқа да көнеден қалған баға жетпес жәдігер енетін Талды тарихи-археологиялық паркі ашылады деп жоспарланған.

Өткен жылы карантиндік шектеу­лерге қарамастан, зор жұмыстар атқа­рып, айналасына рухани шуақ шаш­қан мекемелердің бірі облыс­тағы кітапха­налар болды. Онлайн режі­мін­де жұмысқа көшкен кітапхана­­лар респуб­ликалық «Сен неткен ба­қыт­ты едің, келер ұрпақ…» деп атал­ған Қасым Аман­жолов оқулары, Қазақ­­стан халқы Ассам­блеясының 25 жыл­дығына арнайы «Қазақстан − тату­­лық пен бірлік мекені» үздік так­тиль­ді кі­­табының республикалық бай­қауы, қа­зақ ақыны Жұбан Молдаға­лиев­тің 100 жылдығына арналған «Мен – қазақпын!» облыстық мүшәй­расы, облыстық Абай оқулары сияқ­ты маз­мұнды іс-шараларды ұйым­­дас­тыр­ды. Сондай-ақ жергілікті Saryarqa телеарнасында «Жетістік фор­­му­ла­сы» телевизиялық жобасы жү­­­зеге асы­рылды. Бұл бағдарлама аясын­­да жас әрі табысты кәсіпкерлер, әр­тіс­тер, спортшылар, педагогтер және ерік­тілер эфир арқылы ел алдына шы­­ғып, бүгінгі күннің өзекті деген тақы­­рып­тары бойынша әңгіме өрбітті.

Өңірде өскелең ұрпақты Арқа ақын­­дар мектебінің шеберлігімен та­­­ныс­ты­ру мақсатында айтыстар, мү­шәй­­­ралар, «Бұқа­рекең жырлайды» атты  жыршы, жы­раулар байқаулары, сонымен қатар дәс­түрлі халық әндері мен күйшілер­дің конкурстары ұдайы өткізіліп тұра­ды. Бұл сабақтастық карантин кезінде де үзілмеді.

Облыста жұмысы цифрлы формат­қа көшірілген мекеменің бірі – «Са­ры­жайлау» кинотеатры болды. Атал­ған кинотеатр соңғы 10 жылдан бе­рі отан­дық киноны насихаттау бағы­тында белсенді жұмыс атқарып келеді. Бұл мақсатта мекеме өзінің репертуарын негізінен Шәкен Айманов атын­дағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген қазақ тіліндегі отандық картиналардан жасақта­ған. Айта кету керек, аталған кино өнім­дері түрлі жастағы көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Кинотеатр ұжымының тағы бір қол­ға алған тың жобасы – мекеме қыз­­мет­керлері өздері автор ретінде ви­део­форматтағы киносабақтар дая­р­­-
лап, оларды мекеменің сайтында жа­рия­лап отырады. Ал аталған кинотеатр ұйымдастырған «Қарағанды об­лы­­сындағы «Қазақфильм» күндері» ат­ты ауқымды жоба өңірдің мәдени өмі­ріндегі айтулы оқиға болып көп­ші­ліктің есінде қалды.

Басқарманың биылғы қол­ға алған жоспарлары да ауқымды. Тәуел­сіз­­ді­гіміздің 30 жылдығын мереке­леу­мен бірге Жамбыл Жабаевтың 175 жыл­­дығын, Қазақстанның театр өне­рі­­нің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ­станның халық әртісі Серәлі Қожамқұловтың 125 жылдығын, Қазақ КСР халық әртісі, әнші Манарбек Ержановтың 120 жылдығын және Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойларын атап өту көзделген.

Сонымен бірге Жанат Хаджиев атын­дағы халықаралық театр фести­валін және Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар байқауын өткізу де жоспарда бар. Дәстүрлі «Му­зы­калық Сарыарқа», ДоsStar, Тәттімбет атындағы республикалық байқау, «Жұлдыздар аллеясының» ашы­­лу рәсімі, Ұлы даланың кіндік тұсын­­дағы Ұлытау өңірінде ұйым­­дас­ты­рылатын «Жезкиік» халық­аралық музыка фестивальдері сынды мәдени іс-шаралар да кезегін күтіп тұр.

Ал былтыр тәуелсіз еліміздің та­ри­хын­­дағы аса маңызды шаруаның ­бірі – Абай­дың 175 жылдығын аталып өтті. Осы орайда Қарағанды об­­лысы бо­йын­ша мерейтойлық да­таға ар­налған жүз­деген іс-шара ұйымдастырылған екен.

«Біз әлем мәдениетінің кө­шіне ілес­­­кенде жұтылып кетпес үшін ұлты­мыз­­­дың бай мәдени құнды­лықтарын төр­ге шы­ға­­руымыз қажет, – дейді облыс мәде­ние­тінің басшысы Еркебұ­лан Жұма­к­енов. – Бұған Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­­баевтың «Болашаққа бағ­­дар: ру­хани жаңғыру», «Ұлы дала­­ның жеті қыры» бағдарламалық мақа­лалары, Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың «Абай және XXI ғасыр­дағы Қазақстан» атты мақалаларында айтылған ордалы  ойлар жөн сілтеп, бағыт-бағдарын айқын­­дап береді. Яғни көз жазып қал­ған көне мұра­­лармызды түгендей отырып, өр­ке­­ниет­­тің көшіне бет бұруы­мыз керек».

Былтыр өңірдің мәдениет саласы бірқатар өнер майталманынан айы­рылып қалды. Пандемия об­лыстың руха­ни өміріне өлшеусіз үлес қосып жүрген, әлі де болса берері көп қайрат­кер тұлғаларды аямады. Де­генмен өмір көші тоқтамақ емес, тір­шіліктің жалғаса бермегі хақ. Жақсы­лар­дың соңында аяқталмай қалған іргелі іс­терді әрі қарай жалғастыру – өңір­дегі мә­дениет және руханият саласы­ның ауыр жүгін арқалаған мамандар­дың ізгі мақсаты.

 

ҚАРАҒАНДЫ