Руханият • 25 Ақпан, 2021

Қыран құстар бизнестің құрбанына айнала бере ме?

498 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Құсбегілер саятшылық өнердің дамуы кенжелеп қалды деп алаңдайды. Тәуелсіз еліміздің Көк туында қанат қаққан киелі қыранды бүркітшілер томаға кигізіп емес, темір торда алып жүруге мәжбүр. Ал облыстар мен аудандарда ашылған спорт мектептеріндегі «Құсбегілік» бөлімінде балалардың білім алуына жағдай жасалмаған. Бүгінде бабадан қалған бағзы өнерді сақтап, оны келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында саятшылық өнер республикада ұлттық спорт түрі ретінде дамып келеді.

Қыран құстар бизнестің құрбанына айнала бере ме?

Өткен ғасырдың 80-жылдары Алма­ты облысында белгілі этнограф-ға­лым Жағда Бабалықұлы бас болып, біраз құсбегілер республикада тұң­ғыш Жалайыр-Шора атындағы бүркіт­ші­­лер мек­тебінің іргесін қалаған болатын. Ал­маты қаласының Орталық ста­дио­нын­да 1989 жылдың күзінде алғаш рет Халықаралық Бүркітшілер фес­ти­ва­лі өтіп, кеңестік кезеңдегі одақтас рес­пуб­ли­калардың біразынан қолдарына құс қондырған қонақтар қатысып, жұртты таңғалдырып еді. Алайда дүркіреп өткен екі-үш басқосудан кейін қолдаушысы мен қорғаушысы табылмаған бұл айтулы шара бірнеше жыл тым-тырыс болып қалған болатын. Десе де, кезінде бабалар мұрасын жалғаған қарт құсбегілердің қасында жүріп, кеңестерін тыңдаған этнограф-журналист Бағдат Мүптекеқызы Жағда Бабалықұлымен кеңесе отырып, Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауы­лында Жалайыр-Шора құсбегілер мектебінің шаңырағын қайта тіктеп, «Бауашар» мерекесін өткізген сол жылдарда республикада небәрі 15 бүркітші ғана болатын. Осы мектептің арқасында саятшылықтың тұңғыш ережесі жасалып, ұлттық спорт түріне енді. «Сонар», «Қансонар» құсбегілер мерекесінің ауқы­мы кеңейіп, бірнеше облыста жыл са­йын ересектер мен жасөспірімдер ара­сын­­да республикалық, халықаралық чем­­пионат­тар, Алматы облысында Әбен Тоқтасынұлы мен Сейітжан Бай­жүніс­ұлы, Ақмола облысында Мәсіп Батырханұлы, ал Нұр-Сұлтан қаласында Күнтуған Тоқтыбай атындағы турнирлер дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бүгінде облыстар мен аудандардағы ұлттық спорт мектептеріндегі «Құсбегілік» бөлімдерде 7-8 жастағы балалар 3-4 жыл білім алады. Алайда оқыту зертханалары толыққанды жа­рақталмағандықтан, балалар қыран құс­тар­сыз (бүркіт, қаршыға, ителгі, сұң­қар, т.б.), ат, ат әбзелдері, құстарға қа­жетті жем-азық, құрал-жабдық, яғни көрнекі құ­рал­дарсыз оқуға мәжбүр.

Бағдат Мүптекеқызы бүгінде сол Жалайыр-Шора саятшылық мектебін дамы­ту ісі мен «Қыран» федерациясының атқарушы директорлығын қатар атқарып жүр. Ол кісінің айтуынша, қыран құс­тар­ды баптаушылардың көпшілігі Алматы, Жамбыл, Түркістан және Шы­ғыс Қазақстан облыстарында, ал ителгі, қаршыға секілді құстардың иелері Маң­ғыс­тау өңірінде тұрады. Қазіргі кез­де федерацияның есебі бойынша рес­публика бойынша 150-дей құсбегі тіркелген. «Алайда қыран құстарды қорғау дұрыс жолға қойылмағандықтан, республикада Наурыз мерекесі, ұлттық салт-дәс­түр­лер­мен байланысты ресми шара­лар­да болмаса, саятшылық өнердің бар екені ес­керілмей келеді», дейді Б.Мүптекеқызы.

Саятшылық өнеріміздегі ең үлкен мәселе – қолдағы қырандарды түгендеп, есепке алу. Бағдат Мүптекеқызы осы орайда белгілі қоғам қайраткері, ұлттық құндылықтарымыздың үлкен жанашыры Оралбай Әбдікәрімов басқаратын «Қан­сонар» аңшылық шаруашылығы қауым­дастығы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесе отырып, қы­ран­дарға чип салынып, құжат жасала бас­тағандығын атап өтті. Бүгінде жа­һан­дық эко­логиялық мәселелер мен биоалуан­түр­лі­лік бағдарламалары аясында жануарлар мен құстар әлемін қорғау басты назарда тұр. Осы орайда қыран құстардың санын білу, заңсыз аулау мен тасымалдың алдын алу мақсатында осы чип салу жұмыстары тиімділігін көрсетіп отыр. Алайда жануар­лар дүние­сін қорғау туралы заңнамада қыран құс­тар­ды өсімге жіберу керектігі ес­ке­­ріліп, салынған чипті он жылдан асыр­­май ауыс­тыруды қарастыратын бап ке­рек. Бағдат Мүптекеқызының айтуын­ша, бұл жауапты міндет Мәдениет және спорт министрлігінің де, Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігі жанындағы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің де құзырына енбеген. Ал ұлттық спорт түрлерiне қа­тыс­ты «Денешынықтыру және спорт тура­лы» заңда да қыран құстарды қорғау ту­ралы мәселенің басы ашық емес. Қы­зыл кітапқа енген қыран құстарды қор­ғау мақсатында оларды қоректендіру, кө­лік тасымалындағы қауіпсіздігін қам­та­­масыз ету заңнамалық тұрғыда нақ­ты көр­сетілмегендіктен, бүркітшілер құс­тар­­ды томаға кигізіп емес, қиынның-қиыны, темір жол қызметкерлерінің талабы бойын­ша темір торда алып жүруге мәж­бүр.

Елімізде саятшылық өнерді дамыту мен қыран құстардың санын көбейту мақсатында питомниктердің жұмысы жолға қойылса, дейді Б.Мүптекеқызы. Өйткені құсбегілікті кәсіп етіп, бүркіт ұстағысы келгендер үшін қолбайлау болатын мәселе көп. Бүркітшілер үшін қыран құсты аулауға рұқсат жоқ. Бірақ бүркіт аулап, сатуды бизнес көзіне айналдырып жүргендер көп. Бүркітшілердің аңшылық куәлігі мен қыран құстардың құжаты «Қыран» федерациясы арқылы жасалып келеді. Соңғы жылдарда питомник ашу ісін қолға алып, қиындықтарымен күре­сіп жүрген федерацияның атқарушы дирек­торы мұның оңай шаруа еместігін айта­ды. Мұнымен қоса бүркіттің балапаны арнайы питомниктерде кем дегенде 3 мың АҚШ долларына бағаланады. Ал құсбегілердің қыран құстарды сатып ала­тын мұндай қомақты қаржысы қайдан болсын.

Қыран құстың балапанына биология­лық негіздеме жасату жеке мекемелерге тиесілі болғандықтан, бұл қызмет түрі 1500 млн теңгені құрайды. Сонымен бірге питомниктерден алынған балапан қыран болып шығуы да екіталай, күмән көп. Табиғатынан құсбегілер қыранды қай тау­да мекендейтінін, қай ұядан шыққанын тани біледі. Қыран да қазақы табиғатқа сай текті құс. Оны балапан күнінен баптап, аңға салып, еркіндікке жібергенге дейінгі жауапкершілік бүркітшінің мойнында», дейді Б.Мүптекеқызы.

«Қазақ атамыз бүркітті, біріншіден, сал-серіліктің сәнін жарастыратын құнды дү­ние ретінде бағалаған, екіншіден, мал табуға, үшіншіден, ем-дом ретінде пай­да­лан­ған», деп әңгімесін бастаған Алматы облысы Текелі ауылының тұрғыны, құсбегі Бүркітбай Файзоллаұлы бүркіт бау­­луға бала күнінен әуес екенін айтады. – Мен туғанда әкемнің үш-төрт бүркіті болып­ты. Атымды Бүркітбай деп қоюының да төркіні осында жатса керек. Көзімді ашқалы қыран құсты серік етіп келе­мін. Бүркіт баптау өнеріне бүгінде отба­сымызбен берілгенбіз».

Бүркітбай Файзоллаұлының айтуынша, еліміздегі құсбегілік өнердің дамып келе жатқандығы «Қыран» фе­де­рациясының атқарған ауқымды істе­рінің нәтижесі. Сонау Моңғолия, Қы­тай жеріндегі қандастарымыз да қы­ран баптауда тәжірибелері мол, көзінің қара­шығындай сақтап келеді. Бүгінде жас­тар арасында саятшылықты ұлттық спорт түрі ретінде дамытудың көп септігі тиіп жатқанын негізге алған Бүркітбай Файзоллаұлы кейбір азаматтардың оны туристік мақсатта, тіптен ақша табудың әдіс-амалы ретінде қолданып жүргеніне қапаланады. Кейбір бүркітшілердің қо­лын­дағы қыранға қарап көңілің құлазиды. Дұрыс түлемегендіктен, құстың қыран екенін ажыратудың өзі қиынға түседі», дейді.

Қыран құсты спортта пайдаланудың өзіндік ескеретін тұстары бар. Осы орайда Бүркітбай құсбегінің айтуынша, тек қана же­ңіске жетуді мақсат ету – құсқа қиянат. Көбіне құсбегілікте жазылмаған ережені талап ететін, яғни мәдени мұра екендігі ескерілмейтін жағдайлар кездеседі. Ал питомниктерде құсбегіліктің қыр-сырын меңгерген мамандар қыран құстарды пайда табу үшін емес, табиғи жолмен өсіріп, баптауға жұмыс істесе құба-құп. Сонымен бірге қазақтың бәрі құсбегі болуы міндетті емес, құсбегілік қанына сіңген, өз баласындай құсты жақсы көретіндер ғана айналысуы керек. Ол үшін ұзақ жылдар бойы тер төгіп, тәжірибе жинақтаған республика бойынша әрбір бүркітшінің жағдайын біліп, бақылап отырған «Жалайыр-Шора» бүр­кітшілер мектебінің, «Қыран» феде­ра­циясының ұсынысын қажетті орындар қолдаса жетіп жатыр. Сонымен бірге саятшылық өнерді дамытудың бір жолы – «Салбурын» саятшылық мерекесі жиі өткі­зіліп тұрса, халқымыздың ұлттық құн­ды­лықтарға деген сүйіспеншілігі, қы­зы­ғушылығы артатын еді», деген құс­бе­гі ақсақал «Қыран» федерациясымен бір­лесіп Алматы облысының Ескелді ауданында, Қызылағашта өткен мерекеге халықтың ерекше ықылас білдіргенін атап өтті. Сондықтан да құсбегіліктің деңгейін көр­сететін осындай жарыстардың көп бол­ғаны саланы дамытуға ықпал ететін қадам­дардың бірі болатыны сөзсіз.

«Қазақ халқының дәстүрлі өнеріне ай­на­лып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған құсбегілік өнеріміз қолдауды, қор­ғау­ды және терең ғылыми-зерттеуді та­лап ете­ді», дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология фа­куль­тетінің докторанты Гүлбану Сма­ғұл­қызы. Осы саятшылық өнері­міз­ді ХХ ғасырда зерттеп кеткен С.Мұқанов, М.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Ж.Бабалық­ұлы, А.Тұрдыбаевтың еңбегін бүгінде А.Тоқ­­та­бай, Т.Қартаева және тағы да бас­қа ғалымдарымыз жалғастырып келеді.

Осы орайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай «Архив- 2025» бағдарламасы аясында аңшылыққа қатысты архив құжаттарын жариялау қажеттігі туындап отыр. Сонымен қатар ұлтымыздың дәстүрлі аңшылығын сақтау және қолдау мақсатында үлкен жұмыстар атқарып жатқан өңірлік аңшы­лық орталықтарына барынша демеушілік көр­сетіп, Көк туымызда қанат қаққан қы­ранға арнайы мәртебе беріп, бүркітпен, тазы­мен аң аулауға баулитын бірден-бір республикалық деңгейдегі арнайы мек­тепті «Бүркітшілер» ауылы атанып кеткен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауда­нында ашып, ғылыми жұмыстар жүргізу жүктелсе, арғы-бергі тарихымызда құс­бегіліктің талай сарғайып жатқан бет­тері ашылатын еді. Онсыз да саны аз кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибелі, жасы үлкен бапкерлерге мемлекет тарапы­нан қамқорлық жасалса, жалақы бел­гі­ленсе бабалар мұрасына деген парызымыз орындалар ма еді?..

 

Алматы