А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде былтыр волонтерлікпен айналысатын студент-жастардың саны екі еседен артық өскен. Бұған Елбасы тапсырмасына сәйкес аталмыш университетте тиімді жүзеге асырылып жатқан «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы және Қостанайға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жастар сарайында қостанайлық студенттермен кездесіп, былтырғы жылды «Волонтер жылы» деп жариялауы ықпалын тигізіп отыр. Аталмыш жоба бойынша студенттердің волонтерлік қызметіне ақы төленеді.
Жоғары оқу орнындағы волонтерлер қозғалысына «Аялы жастар» студенттік клубы жетекшілік етеді. Азаматтық ұстанымы қалыптасқан, белсенді ерікті жастар осы клубтың айналасына бірігіп, түрлі қайырымдылық шараларына қатысады. Былтыр қаңтар айынан бастап университет жастары Qazvolunteer.kz интернет порталына тіркеліп, түрлі мекемелер ұсынған порталдағы бос вакансияларды таңдап алып, «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасына белсенді атсалыса бастады.
Аталған жоба аясында студенттер көбіне жергілікті емханаларға барып, қарт кісілер мен созылмалы дертке шалдыққан науқастардың мекенжайына дәрі-дәрмектер, азық-түлік пакеттерін жеткізіп беріп тұрған. Былтыр індет асқынып кеткенде емдеу мекемелеріне жан-жақтан келіп жатқан оттегі баллондары мен гуманитарлық көмек заттарын түсіріскен.
– Сонымен қатар біздің волонтерлер инклюзивті білім беру, қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылықтан қосымша сабақ беру, облыс орталығында ағаш көшеттерін егу, егде жастағы адамдарға қолқабыс ету жұмыстарымен айналысты. Біз «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына әрбір еріктінің нақты атқарған жұмысы туралы есеп беріп отырамыз. Олар есепті тексеріп, студенттердің жеке есепшотына төлемақысын жібереді. Волонтер 20 сағат жұмыс істесе, 20 мың теңге, ал 50 сағат жұмыс істесе, 50 мың теңге алады, – деді «Аялы жастар» студенттік клубының жетекшісі Виктория Гаан.
«Әлеуметтік студенттік кредит» жобасына қатысатын студенттер балалар үйі мен қарттар үйіне, басқа да әлеуметтік мекемелерге волонтер ретінде барып, көмек көрсетіп тұрады.
– Былтыр біздің гуманитарлық мамандықтар бойынша білім алып жатқан жоғары курс студенттері жыл бойы Қостанайдағы облыстық Балалар үйі мен Кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне онлайн сабақтар мен түрлі тренингтер өткізді. Олардың бәріне «Әлеуметтік студенттік кредит» бойынша ақы төленіп тұрды. Мысалы, өткен айда әлеуметтік мекемелерде сабақ беріп жүрген 34 студенттің 9-ы 50 сағат жүктеме орындап, 50 мың теңгеден алды, ал 25 студентке 20 сағаттық жұмысы үшін 20 мың теңгеден төленді. Біз Жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Студенттерге жұмысты көбіне осы орталықтың мамандары тауып береді. Қазір олар бірнеше жаңа жоба ұсынып отыр, – деді университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің маманы Айнұр Қанатқызы.
Волонтер студенттер Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетке қарасты институттар мен кафедраларда ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларына да атсалысып тұрады. Мәселен, қаңтар айында өткен «Мен – донормын» шарасына 50 шақты студент қатысып, қан тапсырды. Университет жастары «Біз – біргеміз!» акциясы аясында ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин кесенесінің аумағын тазартып тұруды өз мойындарына алған. Сондай-ақ тұрақты түрде жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып, қар күреп, азық-түлігін әкеп беріп, қолғабыс көрсетіп тұрады. Бұған қоса, ерікті студенттер соңғы үш жыл ішінде туабітті дертке шалдыққан 6 баланың емделуіне қол ұшын созып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру арқылы қаржы жинап берген.
– Қазір, өкінішке қарай, пандемияға байланысты волонтерлерге «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы бойынша жұмыс ұсынатын мекемелер азайып қалды. Соған қарамастан, көптеген студенттер волонтерлікпен жобадан тыс айналысып жүр. Оларға университет басшылығы да барынша қолдау көрсетіп отырады. Таяуда ғана өзімізбен бірге университетте оқитын Сұлтанмұрат Тәшенов қымбат ота жасатты. Біз өз тарапымыздан қайырымдылық акциясын өткіздік. «Теңіз тамшыдан құралады» демекші, оқытушылар мен студенттер болып Сұлтанмұраттың әрі қарай тез бейімделіп, аяққа тұрып кетуіне демеу болатын қаржы жинап бердік. Біз түрлі қайырымдылық шараларын жыл он екі ай бойы үзбей өткізіп тұрамыз. Қарттардың үй шаруасына көмектесеміз, ал балалар үйіндегі балғындарға таңертеңгілік ойын-сауық шараларын, танымдық ойындар мен тренингтер ұйымдастырамыз, – деді Виктория Гаан.
Былтыр күзде А.Байтұрсынұлы атындағы университет пен Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогика институты қосылып, өңірлік университет болып қайта құрылғанда екі білім ордасының волонтерлік клубтары да бір ұйымға біріккен. Содан бері еріктілер саны едәуір көбейіп, шарапатты жұмыстың ауқымы да кеңейе түскен.
Қазір волонтерлер карантин талаптарына байланысты балалар үйлеріне бара алмайды. Алайда олар «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мен отбасылық үлгідегі «Жанұя» балалар үйіндегі балғындарға апта сайын ZOOM платформасы арқылы офлайн режіміндегі бейнеконференциялар ұйымдастырып, балалармен бірге түрлі ойындар ойнап, суреттер салады, бірнеше топқа бөлініп, викториналық ойындар ойнатады. Одан қалды, сергіту жаттығуларын жасап, би билеп, ән айтады. Балаларға керегі – үлкендердің назары мен жылы қабағы ғой. Волонтерлер көп балалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан оқушылармен де онлайн байланысқа шығып, олардың үй тапсырмасын орындауына көмектесіп, танымдық мәні бар дамыту сабақтарын өткізіп тұрады.
Бүгінде Қостанай университетінде оқитын ерікті жастардың көбі қашықтан білім алып жатыр. Ал облыс орталығында қалған волонтерлер қалалық ардагерлер кеңесінен тыл еңбеккерлерінің тізімі мен тұрғылықты мекенжайын алып, қамкөңіл қариялардың ауласын соңғы күндері жауған қалың қардан тазартуға кірісті.
Қостанай облысы