Ең алдымен Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңының жобасына қатысты мәлімдеме жасады.
Министрдің айтуынша, заң жобасы Конституцияның 4-бабының 3-тармағына 2017 жылы енгізілген өзгерістерді жүзеге асыруға байланысты әзірленді.
Заң жобасы ескі заңға ратификацияланған халықаралық шарттардың республика заңдарының алдындағы басымдығы және олардың тікелей қолданылуы, халықаралық шарттар мәртебесінің өзгеруі туралы жұртшылықты хабардар ету, шарттарды тоқтату тәсілін кеңейтіп, заңдағы олқылықтарды жоюды қамтамасыз ету сияқты нормалардың енгізілуін көздейді.
«Заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасының алдындағы міндеттемелерін орындамайтын контрәріптестермен өзара қарым-қатынастарда мемлекеттің мүдделерін ескеруді қамтамасыз етеді», деді М.Тілеуберді.
Одан әрі сенатор Дана Нұржігітова қосымша баяндамада халықаралық шарттар базасын одан әрі кеңейту жоспарланғанын мәлімдеді. «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында» визалық рәсімдер мен режімдерді ырықтандыру бойынша көпжақты конвенцияларға қосылу және екіжақты шарттар жасасу, қылмыстық және азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, адамдарды ұстап беру мен сотталған адамдарды беру туралы екіжақты шарттар жасасу, көршілес елдермен бірлесіп, трансшекаралық су ресурстарын әділ және ұтымды пайдалану, тұрақты басқару және қорғау саласындағы шарттық құқықтық базаны, құралдар мен тетіктерді жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру мақсаттары тұр. Ол мемлекетіміздің халықаралық кеңістікте міндеттері мен құқықтарының ұлғаюын білдіреді», деді депутат.
Д.Нұржігітова Қазақстанның халықаралық аренада өзінің беделін, азаматтарының құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз ете алатын, сыртқы өзгерістерге бейімделген құқықтық базасы болуы қажет екеніне тоқталды. «Мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарынан туындаған әрекеттерінің ресми ресімделуін реттейтін ұлттық заңдарымыздың бірі – осы бүгінгі қарауларыңыздағы заң жобасы. Заң жобасы жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды, туындаған сұрақтарға Сыртқы істер министрлігі тиісті жауаптарын берді. Тұрақты комитеттерден заң жобасы бойынша оң қорытындылар келіп түсті», деп түйіндеді Д.Нұржігітова.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Отырыста Әділет министрі Марат Бекетаев «1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша сөз сөйледі. Ескі шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауды ұсынған министр хаттаманың Қазақстанның Моңғолиямен құқықтық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталғанын атап өтті.
«Хаттама Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының функция-
ларын нақтылауды көздейді, бұл екі мемлекеттің жеке және заңды тұлғаларына өздерінің жеке және мүліктік құқықтарын қорғау үшін соттарға және басқа да құзыретті органдарға тікелей жүгінуді оңайлатады. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады», деп түйіндеді М.Бекетаев.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Рысқали Әбдікеров аталған заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасады. Сенатор хаттаманың бірінші кезекте Моңғолия аумағындағы Қазақстан азаматтарының мүдделерін толыққанды құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған деген пікірін жеткізді.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Моңғолияда еліміздің 129 азаматы, 39 кәсіпкері мен 6 инвесторы бар. Сонымен қатар осы елде 127 мыңнан астам этностық қазақ тұрады. Осы тұста, бүгінгі қарастырылып отырған хаттама өзекті және уақтылы деп айтуға болады», деді Р.Әбдікеров.
Мәжілісте мақұлданған заң жобасын Сенат депутаттары да қабылдады.
Отырыста палата қарастырып отырған тағы бір мәселе – «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы. Құжатты Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов таныстырды.
«Біздің еліміз үшін шетелде жүрген азаматтарды қорғау – Конституция жүктеген міндет. Конституцияға сәйкес еліміз тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді (11-бап). Сондықтан біз басқа елде қылмыс жасап, сотталған азаматтардан бас тартпаймыз», деді ол.
Баяндамада сотталған адамдарды беру, оның жолдарын реттеу және беру негіздері ұсынылды. Бас прокуратура өкілінің мәлімдеуінше, егер сотталған адам біздің не Кореяның азаматы болса, сот үкімі заңды күшіне енген болса, беру туралы сұрау салу алынған кезде кемінде бір жыл өтейтін мерзімі қалса Қазақстанға беріледі. Сонымен бірге жасаған әрекеті екі елде де қылмыс деп танылса, сотталған адам өзін беруге ниет білдірсе, екі мемлекет өзара беруге келіссе, елге қайтарылады.
«Бүгінде Кореяда 35 мыңға жуық (24 мың заңды, 11 мың заңсыз) азаматымыз тұрып жатыр. Әрине, өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Мысалы, қазір Кореяда 23 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Ал бізде Кореяның бір сотталған азаматы бар. Ұсынып отырған Келісімге ратификация жасалған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Олар әлеуметтік ортасында жазасын өтесе, қоғамға қайта бейімделуге оң ықпал етеді», деді М.Ахметжанов.
Сонымен бірге адам құқықтарын қорғау мәселелерін айта келе, депутаттардан заңды қабылдауды сұрады.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Сұлтанбек Мәкежанов қосымша баяндама жасап, екі ел арасындағы қарқынды көші-қон процестерін ескерсек, еліміздің азаматтарының құқығын қорғау және құқық қорғау органдарының мемлекетаралық өзара іс-қимыл жасау практикасын енгізу үшін тиісті құқықтық негіз құру қажеттігі туындайтынын айтып өтті. «Сондықтан қаралып отырған заң жобасы екі ел үшін де сотталған адамдарды беру мәселелері бойынша өзара жұмыстар атқару әрекетін жүйелендіріп, ұйымдастырушылық құқықтық тетігін толық анықтайды», деді сенатор.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, депутаттық сауалдар жолданды. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысына жолдаған сауалында ашаршылық тақырыбын жан-жақты зерделеу үшін ғалымдардың отандық және шетелдік мұрағаттарға қол жеткізе алуын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. Сенатор Ләззат Сүлеймен өзінің депутаттық сауалында отандық жоғары оқу орындарындағы заң факультеттері мен ондағы білім сапасының көңіл көншітпей отырғанын айтты.
Сенатор Динар Нөкетаева Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында Еңбек сіңірген мұғалім, Социалистік Еңбек Ері Рафика Нұртазинаның құрметіне Алматы мектептерінің бірін атауды ұсынды. Ал Дана Нұржігітова өз сауалында Үкімет басшысынан отандық телевизиядағы кейбір бағдарламалардың мазмұнына назар аударуды сұрады. Сенатор Сұлтан Дүйсембиновтің сауалында мемлекет қолдауына зәру аграрлық зерттеу жоғары оқу орындарының мәселесі қозғалды.