Өнер • 26 Ақпан, 2021

Көмбедегі көне күй күмбірлейді

1169 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада «Аманат» қазақ күйлері антологиясы» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Байырғы әрі бірегей күйлер жазылып, цифрлы тасығышпен жабдықталған көлемді еңбек «Сауап» қоғамдық қорының демеушілігімен шығып отыр.

Көмбедегі көне күй күмбірлейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев «Тәуелсіздік бә­рі­нен қымбат» атты бағдарла­ма­­лық мақаласында: «Жаңа за­ман­­ның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сі­ңірумен қатар, тамырымызды бе­рік сақтауымыз қажет! Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», деп айтқан еді. Ұлт руханияты мен мәдениетінің іргесін берік ұстауға бағытталған Президент тапсырмасына тұспа-тұс келген жоба сегіз жыл бұрын қоғамдық қордың бастамасымен қолға алыныпты. Осы уақыт аралығында бұған дейін назардан тыс қалып, жиналмай келген, ел есінен ұмытылған қыруар мұра табылып, қалпына келтіріліп, кітапқа енгізілген. Бұл туралы «Сауап» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл сөз басында атап өтті.

«Классик жазушы Мұхтар Әуе­зов: «Күй аңыздарының көп екенін ел біледі, бірақ кітап, баспа білмейді» деп айтқан екен. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қазақ күй­лері антологиясының» тағы бір дара қыры айқындалады. Атап айтқанда қазақ халқының рухани шежіресінің асыл қазынасы саналатын күйлердің тарихы және олар туралы көптеген аңыздар жиналып, зерттеліп, жинаққа басылып отыр», дей келе, «Аманат» жобасы аясында ауқымды ғылы­ми жұмыс атқарылғанын айтты. «Біздің зерттеушілеріміз ше­телдік архивтерді, мемлекеттік қа­на емес, сонымен қатар жеке қор­ларды да мұқият қарады. Сон­дағы қалың шаң басқан, ғы­лыми қауымдастық «жоғалып кет­ті» деп санаған көптеген көне күй­лердің ескі жазбаларын тапты. «Сауап» қоры олардың бәрінің көшірмесін сатып алды. Үлкен ыждаһаттылықпен өңдеп, рестав­рациялады. Цифрландырып, за­ма­науи аудиотасығыштарға кө­шірді», деді Мәжіліс депутаты.

Халық бар жерде – қазына бар. Зерттеуші ғалымдардың па­йымдауынша, қазақта кем де­генде 7 мыңға тарта күй болған екен. Жобаның бірлескен авто­ры, зерттеуші, PhD докторы Мүслім Хасенов «Аманат» ан­то­логиясының басты ерекшелігі – көп­шілікке беймәлім 500-ге жуық күйдің қағазға түсуінде дей­ді. «Жинақтағы әр күйдің шы­ғу тарихы мен мағынасы үш тіл­де жазылған. Неге біз күйден бас­тадық? Қазақтың күйі – төрткүл дүниенің төрт бұрышын жайлаған өзге жұрттарда кездеспейтін, қазақ ұлтының, көшпелілердің бүтін бітім-болмысын айқындайтын алтын ұстындардың бірі. Әлемнің кез келген жерінде күй сарыны естілсе, біз оның қазақтікі екенін біле қоямыз. Енді оны халықаралық қоғамдастық та жақсы білетін дәрежеге қол жеткізуіміз керек. Ол үшін қазақтың бұл құндылығын дүние жүзіне дәріптеудің маңызы зор», деді ол. Сондай-ақ оның сө­зінше, бір күйдің құдіреті күрделі бір опералық шығармаға тең екен. Мысалы, «Соқыр Есжан» деп аталатын 3 минуттық күйден үш сағаттық «Біржан мен Сара» операсы дүниеге келген.

Еске салсақ, ұлт мәдениеті тарихында бұған дейін «Қазақтың 1000 күйі», «Мәңгілік сарын» атты еңбектер жарық көрді. Әйт­се де, жаңа антологияның жөні де, мазмұны да бөлек. Бұл тура­лы антологияның редакторы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай баяндады.

«Аталған еңбекте қазақ күй­лерінің дәуір кезеңі көрсетілді. Мәселен, өнертану тарихында көп айтыла бермейтін ащы тақы­рып – «Ақтабан шұбырынды, Ал­қакөл сұлама» заманы. Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі музы­калық мұралар толық жиналмай жүрген еді. Мына жинақта осы ке­зең арнайы бір бөлім болып жи­нақталып отыр. Одан кейін ақ патша отаршылдығы кезіндегі туған күйлер де назардан тыс қалған жоқ. Бұл – қазақ күйінің кезеңдік, дәуірлік мазмұнын баяндайтын үлкен іргелі еңбек», деді күйші.

Қазақ күйлерінің антологиясы үш аспаптық тараудан тұрады: сыбызғы күйлері, қобыз күйлері, домбыра күйлері. Антологияны құрастыру барысында шетелдегі қазақ күйлері де алтын қорға қо­сы­лып отыр. Мәселен, Айтыкен Бейіс­байұлы, Сарқыт Иісқанұлы, Сайраш Жармұхамедұлы, Бо­ранбек Шүкірәнұлы, Нұрымбай Сүлейменұлы, Ғалым Сыдықұлы, Өмірбек Садырбайұлы секілді дәулескер домбырашылардың орындауындағы шетелден жеткен домбыра күйлерінің сарындары ұлтымыздың ұмытыла жаздаған үні, дәстүрлі орындаушылықтың сирек үлгілері саналады.

Бұдан бөлек Зұпар Кәбенұлы­ның орындауындағы Қошанай Елік­байұлының «Бозінген», «Бу­рыл аттың жүрісі», «Жетім қыздың зары» сияқты күйлер осы жинақта тұңғыш рет жарияланып отыр. ­Ал белгілі күйші-зерттеуші Ардаби Мәулетұлының жеке мұрағаты­нан алынған Шыңжаңдағы Алтай-Тарбағатай, Іле қазақтарының сы­бызғы және домбыра күйлері атажұртқа жеткен асыл мұра болмақ. Сонымен қатар Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбысжазбалар архивінен табылған шығысқазақстандық әйгілі сыбызғышы Шанақ Ауған­баевтың орындауындағы 20 күй енді. Жетісу күйшілік мектебінің негізін қалаушы тұлғалардың бірі Байсерке Құлышұлының «Көш тоқтатқан» туындысы Ке­нен Әзірбаевтың орындауында осы жинақ арқылы тұңғыш рет көп­шілікке таралмақ. Сондай-ақ Қаратау жұртының әйгілі күйшісі Сүгір Әлиұлының «Кауфман», «Амангелді батыр», «Базарбай Тә­шен» секілді туындылары бұрын еш жерде жарық көрмеген.

Шараға жоба құрастырушы­сы, күйші, қобызшы Саян Ақмолда, жоба жетекшісі, күйші, өнер зерт­теушісі Айтжан Тоқтаған, Қазақ ұлт­тық өнер университетінің про­фессоры, сыбызғышы, жоба құ­рас­тырушысы, «Құрмет» орде­нінің иегері, сыбызғышы Талғат Мұқышев, жоба авторы, «Сауап» қоғамдық қорының директоры Света Бабағұл, жобаға жеке архи­він берген күйші-зерттеуші, өнер­тану PhD докторы Ардаби Мәу­летұлы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Айта кетейік, «Сауап» қоры «Аманат» циклінің ІІ бөлігін – «Қазақтың жыр-дастан, терме-толғаулары» жобасын жүзеге асы­руға кірісіпті. «Аманат» жо­ба­сының ІІІ бөлігі «Қазақ өлең­де­ріне» арналмақ.