Әдебиет • 26 Ақпан, 2021

Сайын Мұратбетковтың әңгімелері ағылшын тіліне аударылды

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда балаларға арналған И.Крылов атындағы кітапханада тұманды Альбионнан жеткен жаңа бір кітаптың тұсаукесері өтті. Халықаралық Қазақ ПЕН-клубының ұйытқы болуымен Лондонда басылған «The crossing end other stories» жинағына қазақ әдебиетінің классигі Сайын Мұратбековтың шығармалары еніп отыр. Кітап Алматы қаласы әкімдігінің демеушілігімен жарыққа шыққан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сайын Мұратбетковтың әңгімелері ағылшын тіліне аударылды

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев қатысып, қалалық әкімшілік тарапынан қаламгерлерді қолдау мәселесіне қатысты жұмыстарды атап өтті.

Жарты жылдан астам уақытқа созылған жұмыс нәтижесінде Сайын Мұратбековтың «Түнгі жауын», «Әже», «Бірінші қар», «Қысқы кеш», «Жастардың отауы», «Мұқтардың бүркіті», тағы да басқа әңгімелері, повестері мен  новеллалары ағылшын тіліне аударылып, осы жинаққа топтастырылып отыр. Жинақты ағылшын тіліне аударған Саймон Холлингсворд болса, редакторы Саймон Гейган. Бұл қос автордың Пен-клубпен жасаған алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін Мұхтар Әуезовтың повестері мен әңгімелері, Оралхан Бөкейдің «Кісікиік», Сәкен Жүнісовтың «Заманай мен Аманай», тағы да басқа қазақ классиктерінің көркем шығармалары ағылшын тіліне аударылғаны белгілі. Басылымды көркем безендірген дизайнер Мадина Ниязбаева. Шығармашылық өкілдерінің зияткерлік ынты­мақ­тастығын кеңейту, халықаралық әдеби қоғамдастыққа қазақстандық мәдениетті дамыту мақсатында 1993 жылы құрылған Қазақ ПЕН-клубы күні бүгінге дейін көптеген қазақ қаламгерлерінің шығармаларын ағылшын тіліне аударып, насихатымен айналысып келеді. Қазақ ПЕН-клубы Лондондағы бүкіл­әлемдік жазушылар қауым­дас­тығы – Халықаралық ПЕН-клуб­тың мүшесі. ЮНЕСКО-да  және БҰҰ-да кеңес­шілік мәртебесі бар.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Сайын Мұратбековтың ұлы Мәди Сайынұлы, Құралай Сайынқызы, сонымен бірге Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, қаламгерлер Смағұл Елубай, Қуандық Түменбай, Мереке Құлкенов, Жүсіпбек Қорғасбек, Үміт Тәжкен, Аслан Жақсылықов, Ербол Жұмабаев, кинодраматург Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер Сергей Азимов, әдебиет зерттеушісі Светлана Ананьева, тағы басқалар қатысып, жазушы шығармашылығына қатысты ойларымен бөлісті.

Халықаралық Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің айтуынша, алдағы уақытта бұл жинақ «Біз – қазақтар... Қазақ әдебиетінің классикасы» үздік шығармалар сериясымен жалғасын таба беретін болады. 250-300 данамен басылатын қазақ қаламгерлерінің шығармалары Amazon интернет-дүкенінде орналастырылып, Оксфорд, Кембридж, Лондон университтерінің кітапханаларынан орын алуда. Бұл өз кезегінде қазақ әдебиетінің әлемдік қауымдастықтағы беделін арттыра түседі. Осы орайда отандық әдебиетіміздің озық үлгілерін Батыс өркениеті ғана емес әлем тани бастады деуге негіз бар. Дегенмен де, ұлттық әдебиетімізді шетелдерде насихаттау ісіне үлкен қолдау қажет. Нарықтық экономика жағдайында кітап рухани құндылық қана емес, тауар ретіндегі де сапасы жоғары болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда шығармаларымен бірнеше ұрпақ сусындаған ұлттық әдебиетіміздің жауһарлары әлемдік қауымдастық аясында насихатталып жатса нұр үстіне нұр.