Аймақтар • 27 Ақпан, 2021

Қостанай облысында жоғалған жылқышы 6 күннен кейін табылды

3795 рет көрсетілді

Қостанай облысында осыдан алты күн бұрын жоғалып кеткен жылқышы бүгін сағат 11.30-да Қарағанды облысының шекарасынан табылды.  

Облыстық ПД-ның мәліметінше, 21-ақпан күні Амангелді ауданы Үрпек ауылының тұрғыны Гүлнұр Оспанова «Евразия-Инвест» ЖШС-не тиесілі Бірәлі мекенінде жылқы бағып жүрген табыншы 1971 жылы туған Амангелді Тұржановтың 22-ақпанға қараған түні жылқы іздеп кетіп қайта оралмағаны туралы хабарлама түсірген. 

Дереу Амангелді аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлерінен бірлескен іздеу тобы құрылып, 5 күн бойы іздестіру шаралары жүргізілген. Жоғалған жылқышы қарлы боран басылған соң әуеге көтерілген тікұшақтың көмегімен Обалы қонысының маңынан табылып, Жезқазған қалалық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер табылған жылқышы есін біледі, жағдайы қанағаттанарлық дейді.    

«Іздестіру шараларына жол талғамайтын Нива Бронто Марш көлігімен 5 құтқарушы шыққан. Бірақ қалың қар мен күшті боран үлкен кедергі келтіріп, іздеу нәтиже бере қоймады. Құтқарушылар жылқышымен ешқандай байланыс орната алмады. 26 ақпан күні Жезқазғанға Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР ТЖД «Казавиаспас» АҚ-ға тиесілі Ми-8АМТ тікұшағы ұшып келді. Алайда ауа райы қолайсыз болғандықтан тікұшақ ол күні ұша алған жоқ» - деп мәлімдеді ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Әбден әлсіреп, әрең қозғалып жатқан Амангелді Тұржанов келесі күні, яғни 27 ақпанда сағат 10:50-де қамыс арасынан табылған. Жансебіл жылқышы 6 күн бойы далада қалың қарды пана қылған. Ал астындағы есті жануар жылқышыны тастап кетпей, иесінің жанында болған.

 

Соңғы жаңалықтар

Елданаға ел риза

Спорт • Кеше

Жұмекеннің «Балаусасы»

Руханият • Кеше

Сүйіспеншілік сабағы

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар