Өнер • 01 Наурыз, 2021

Бакуден ұшқан бұлбұл

1037 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алдияр оқырман, алдымен «Синяя вечность» әнін қосыңызшы, сосын барып біз айтар сөз желісіне ілесуіңізді сұраймыз

Бакуден ұшқан бұлбұл

Байқадыңыз ба? Мөп-мөлдір мелизм мұз боп қатқан көңілді ерітердей өзіне елітіп ала жөнеледі. Әннің құшағында алақызба көңілің суып сала беретінін, қайтесіз. Әне-міне теңіз кешіп өтердей, алақаныңызға ай қонатындай әсерде. Кенет, сол тағдыр теңізінің арғы бетінде Мүслім Магомаев өмір толқындарына ілесіп, қол бұлғайды. Ол өмір сүрген дәуір дауысы уақыт бетіне қайта қалқып шыққандай сағынышыңыз үдейді-ау, шіркін!

Әйгілі әнші өмірінің соңында «Өз биігіме жетпедім» деп өкінеді. Әйтсе де ол бағындырған шыңға бір де бір та­лант иесі табан тіреген емес-тін. Бұл қалың қапа қырықтан кейін сахнаға сирек шыққан оның тыңдармандарға деген махаббатынан оянса керек. Сол аңсарға толы махаббатты көзі жұмылғанша әрбір жүрекке қорғасындай құйып кетті.

Баку бұлбұлы мәңгілік сапарға аттан­ғанда дегдар досы, КСРО халық әртісі Иосиф Кобзон Кеңес дәуірінің әрбір ән­шісі Мүслімге табынғанын мойындады. Қоштасу сәтінде көз жасын тыя алмаған орыстың даңқты әншісі Алла Пугачева: «Менің пірім – Мүслім Магомаев» деп, ақтарыла сөйлегенде иін тірескен халық та қоса боздаған.

Сол «Миллион раушан гүлі» әнімен миллиондардың жүрегін жаулаған Алла Борисқызы автобуста кетіп бара жатып, көшеде шөлін басып тұрған Мүслім Магомаевты көреді. Дереу жақын аялдамадан түсіп, алқам-салқам сусын сататын аппаратқа қарай жүгіреді. Келсе, кумирі жоқ, тек су ішкен сырлы стаканы тұр екен. Содан ұлы әнші пайдаланған стаканды бауырына басып, үйінің төріне жайғастырады. Бұл сол заманда тұғырлы түркі перзентіне көрсетілген үлкен құр­меттің ұшқыны ғана еді.

Әуезді әуенімен әлемді әлдилеген өнер иесі 67 жыл өмір сүрді. Әрине, аз уақыт емес, көп деуге де көңіл қимайды. 31 жасында КСРО халық әртісі атанды. Бұл алып империя тұсындағы ең ға­жайып оқиғалардың бірі. Біз бүгін дала­­дай дархан дауысымен дүниені дүр сілкінткен әзербайжан халқының аяулы баласы Мүслім Магометұлының ғұмыр­намасынан сыр тартпақпыз.

Түркі ұлының тегі мықты еді. Атасы Мүслім Магомаев (немересін атасының құрметіне қойған) Әзербайжан клас­си­калық музыкасының негізін қалау­шы­лардың бірегейі. Атақты композитор әрі белгілі дирижер. Ал әкесі Магомет Магомаев кез келген музыкалық ас­пап­тардың құлағында ойнаған екен. Десе де кәсіби музыкант емес, театр сурет­шісі болып қызмет атқарған. Анасы Айшет Ахмедқызы драма әртісі ретінде сыртқы келбетімен көпті тамсандырған сұлу келіншек болған. Өкінішке қарай, әкесі Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқаннан кейін, шешесі екеуінің жолы екіге бөлінеді. Бұл сындарлы сәт әйгілі әншінің бала жүрегіңде мәңгі таңба болып қалды. 27 жылдан кейін Польшаның Хожна қаласындағы әкесінің қабіріне барып дұға бағыштайды.

Бала күнінде француз жазушысы Жюль Верннің кітаптарын сүйіп оқитын. Әсіресе «Жұмбақ арал» шығармасындағы автордың ойдан шығарылған сүңгуір қайығы «Наутилуске» қатты қызықты. Капитан Немо секілді өз кемесін жасау­ды қолға алады. Теңізді шексіз сүйгені соншалық, кеме құрастырамын деп ата­сының скрипкасын да сындырыпты. Бүгінде Баку мұражайында желімденген аспап экспонат ретінде сақталған.

Бес жасында «Бұлбұл сағаты» атты ән шығарады. Мәтінін кейін ақын Ана­толий Горохов жазды. Басында атасы се­­кілді атақты сазгер болуды армандай­ды. Артынан музыкалық мектепке бар­ған соң, әнші болуды ойлайды. Бірақ жі­­ңіш­ке даусы оған ырық бермесе керек. Та­лай мәрте соның кесірінен хордан қуылған.

Атасынан қалған туындыларды ын­та­мен тыңдайды. Италиялық опера ән­ші­лері Энрико Карузо, Титто Руффо, Бениамино Джиглидан тәлім алды. Жас жігіт соларға қатты еліктеді. Байқасаңыз, Мүслімнің сахнадағы тұрысы опера ән­ші­леріне қатты ұқсайды. Бұл ұстаз­да­рынан жұққан әдемі әдет. Эстрадаға ауыс­қанымен көңілді әндерді байсалды орын­дап шықты. Сонысымен де ес­те қалды. Оның образы, дауыс ритмі, шаш үлгісі, киген киімі бәрі-бәрі сол тәлім­герлерінен қалған үлгі.

Есейе келе оның дауысы кенеттен өз­­геріп, күшейе түседі. Бірақ бейтаныс адамдардың алдында ән айтуға қысыл­ды. Алғашқы опералық қойылымы өзі оқы­ған музыкалық мектепте өтті. Вокалға қатты қызығушылық танытты, ал концертмейстер Тамара Кретинген оған белгісіз романстар мен ежелгі ком­позиторлардың шығармаларын іздей бастады. Жиі-жиі филармонияда вокал бөлімінің кештерінде ән салды. Бұл оның көпшіліктің алдында ұялмай өнер көр­сетуіне жол ашты.

Сол ән мектебінде оқып жүріп, сы­ныптасы Офелияға сезімін білдіреді. Көп ұза­май жас музыканттар отбасын құра­ды. Қызығы, әжесі екі жастың албырт қада­мына қарсы болып, неме­ресінің куәлігін сандыққа тығып тас­та­ған екен. Әйтсе де ғашық жандар оған қарамай шаңырақ құрады. 1961 жылы олардың Марина атты қызы дү­ниеге келеді. Алайда, жас от­басы жоқшы­лық­тан айналып өте алмады. Ол Баку әскери округінің ән және би ансамбліне жұмысқа орналасқанымен, неке ұзаққа созылмады. Бұдан әрі әншінің жұлдызды сәті басталады.

Хельсинкидегі VIII Дүниежүзілік жас­тар мен студенттер фестивалінде жас әнші фин халқын таңдай қақтырды. Кейін «Огонёк» журналында «Бакулық өнерпаз әлемді бағындырмақ» атты ма­қала шықты. Сол тұста аталмыш фес­тивальға қатысқан әзербайжандық жал­ғыз әнші еді. Финляндияда залдан бө­лек, ашық алаңдарда да өнер көрсетті. Са­парға аттанған шығармашылық топ жайлы видео материалдан кейін жас Мүслім бірден елге таныла бастады. Ал арманға алғашқы қадамды Әзербайжан опера және балет театрында тағылымдамадан өткен кезінде басты.

Оның керемет вокалдық қабілеті, ән­ді сезінуі, тамаша техникасы бірден тың­дарманды баурап алды. Әрі жүзіктің кө­зінен өткендей сымбаты, сахнада өзін ақ­сүйектерше ұстауы қайран қалды­ра­ды. Атақты опера режиссері Иван Коз­лов­скийдің өзі жылы лебізін жолдады. Осы сәт­тіліктен кейін Мүслім Ма­го­маев Чай­ковский атындағы концерт залында жеке шы­ғармашылық ке­шін береді. Онда небәрі 21 жаста-тұ­ғын. Залда ине шаншар орын болмады. Репертуарындағы он алты әннің 5-еуін қайталап орындады. Гүл шоқ­тары мен қошеметке көмілді. Көрер­мен жаңа жұлдызды осылай қарсы алды.

Көп ұзамай бельканто стилінің ота­ны әйгілі «Ла Скала» театрында тағы­лымдамадан өтіп, 1966 жылы Олимпия театрының сахнасын бағындырды. Ең ғажабы, Канн қаласындағы Халықара­лық жазбалар мен музыкалық басылымдар фестивалінде оның пластинкалары миллион данамен таралды. Түркі баласы осылайша «Алтын Диск» марапатына ие болады. Ол Кеңес эстрада әртістерінің ішінде бірінші рет Америкаға гастроль сапармен саяхат жасаған жан.

Сол кездегі Әзербайжан президенті Гейдар Алиев әншінің талантын жоғары бағалаған. Оны музыкалық өнердің тірі аңызы әрі атасы орнатқан дәстүрді ла­йықты жалғастырушы деп санады. Бір­де, 1970 жылы Бакуге арнайы гастроль­дік сапармен келген VIA тобы тоналады. Полиция қызметкерлері ешқандай көмек көрсете алмайды. Бұл әзербайжан ұлты үшін үлкен сын еді. Содан музыканттар Мүслім Магомаевқа концерт барысында ұрлықшылардың заттарды қайтарып беруін айтуды өтінеді. Ер­тесінде қылмыскерлер әншіге деген құр­метін білдіріп, барлық жабдықтарды қайтарып берген екен.

СОКП Бас хатшысы Леонид Брежнев оның орындауындағы «Белла, Чао» және «Жолдағы кеш» әндерін өте жақсы кө­ретін. Бірақ мінезі бірбеткей әншінің билікпен қарым-қатынасы жақсы болмады. Кеңес өкіметі қаламақысын бұлдап, сотқа да тартты. Жарты жыл Мәскеуде ән айтуға тыйым да салды. Кезекті мере­келік кеште КСРО Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Юрий Андро­пов Мәдениет министрі Екатерина Фур­це­ваға хабарласып, Мүслімді тыңда­ғысы ке­летінін жеткізеді. Министр ән­шінің айы­бын әшкерелеп, істің мән-жайын түсін­діргенімен, төраға: «Біз үшін ол – ең таза адам» деп мәселеге нүк­те қояды.

Мүслімге Еуропаның ең атақты өнер ұжым­дары құда түсті. Бірақ әнші ту­ған же­рінен ұзағысы келмеді. Бертін ке­­ле сая­сатқа да саусағын батырды. Қала­ғанынша халыққа еркеледі. Сұлулар оның үйін таңға дейін күзететін. Тіпті, айна­ласындағы арулардың бірінен соң бірі өмір­ге әкелген сәбилерін «Баку бұлбұлы­ның баласы» деп таныс­тырды. Басылым беттері әншіні күстана­лағанымен, серіге сондай сипат жарасатын еді. Әрине, мұның бәрі жалған ақпарат болатын.

Композитор ретінде де өз қолтаңбасын қалдырып кетті. Дарынды режиссер Эльдар Кулиевтің фильмдеріне, «Құс­тан құс туады» және «Ярославна» спек­такль­деріне музыка шығарды. Князь Игор­дың ариясын жазды. Пьеса сахнада емес, Спасо-Преображенский монастырі қабырғасында қойылды.

Отызға қараған шағында үлкен театрларда жиі өнер көрсете бастады. Әсі­ресе екінші жары, КСРО халық әртісі Та­мара Синявскаяның қатысуымен өте­тін қойылымдарда ән айтуды қа­лады. Оны сезген, ақын досы Роберт Рожде­ственский Мүслімнің атасының атын­дағы Баку филармониясында қос өнер­пазды таныстырады. Әнші кейін сол киелі сахнаның «отбасы тұрағы» деп санады. «Бұл қарапайым әлеуметтік танысу сияқты көрінгенімен, мұнда нәзік жұбаныш пен жанашырлық сезімі жатыр», деп жазады ақын күнделігінде.

Мүслім Тамараға өзінің Бакуын көрсетті. Таныстық Мәскеуде жалғасып, сүйік­тісінің артынан Италияға да еріп бара­ды. Баку бұлбұлы күн сайын қоңырау ша­лып, тіпті сәт сайын гүлдер жіберумен болған. Дәл осы сәтте әншінің репертуарында ғашығына арналған «Мелодия» әні пайда болды. Тамара оны телефон арқылы естиді. Сөйтіп Мүслімге деген сезі­мін тұсауламай, күйеуімен ажырасып, сүйгеніне қосылады. Олар «Баку» мейрамханасында апай-топай той жасайды. Бақыттан басы айналған әнші қолдау танытқан жанкүйерлері үшін қақаған қыста терезеден ән айтып, екі ай бойы бронхитпен ауырады.

Баку бұлбұлы 1998 жылы сол асқақ қалпында сахнадан кетті. Сонда да өнерден алыстаған жоқ. Бос уақытында сурет салды, жанашыр жанкүйерлері­мен әлеуметтік желі арқылы байланысып отырды. Дәрігерлердің нұсқауымен денсаулығын күтті. Ақыры өзі сезгендей, соңғы рет орыстың айтулы ақыны Сергей Есениннің өлеңіне жазылған «Қош бол, Баку» әнін орындап, дүниеден озды. Әйгілі әнші Бакудегі Құрметті аллеяда, атасының қасына жерленді.

Өзін Мәскеуге «Ұлы Низамидің жер­лесімін» деп таныстырған түркі перзен­ті­нің бұлбұл үні мәңгі жүректен өшпесі анық.