Аймақтар • 01 Наурыз, 2021

Алғыс гимні шырқалды

135 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Рудный қаласындағы №2 мектеп-гимназияның өнерпаздар ұжымы Алғыс күнінің гимнін жазып шықты. Көктемнің алғашқы күні облыстық ассамблеяда орындалатын Алғыс гимні осыдан бір ай бұрын жарияланған «Алғыс әуені» байқауын қорытындылау барысында анықталды.

Алғыс гимні шырқалды

Байқауға облыстың әр өңірі­нен 20-дан астам музыкалық туын­­ды келіп түскен. Алғыс айту кү­ніне арналған ең үздік шығар­ма­лардың авторлары Достық үйінде өткен салтанатты жиында марапатталды.

– Байқау жеңімпаздарын анық­­тау оңай болған жоқ. Озық тұрған бірнеше туындының қай­сысын таңдап аламыз деп көп ойландық. Ақыры Рудный қала­сындағы № 2 гимназияның ұс­таздары мен оқушылары шы­ғар­ған патриоттық әнді таң­дап алдық. Байқаудың бас жүл­десін ардагер ұстаз Наталья Бунь­ков­скаяның «Қазақстаным менің» өлеңіне жазылған Валерий Обруч пен Елена Ариновичтің әні жеңіп алды. Оны жоғарғы сынып оқу­шылары Полина Касымская мен Елизавета Мальцева нақышына келтіріп тамаша орын­дап шықты, – деді қазылар алқасының төр­ағасы, Қазақстан Респуб­лика­сының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Светлана Обухова.

– Біз шығармашылық топ болып бірге ізденіп, бір жарым аптаның ішінде жазып шықтық. Қазылар алқасы әнімізді Алғыс айту күні мерекесінің гимні деп жоғары баға берді. Бүгінде бұл ән мектебімізде жиі айтылып жүр. Өйткені мәтіні тез жатталып қалады, әуені де жа­ғымды, жеңіл, айтуға оңай. Ұлы ақын Абайдың сөзімен айтар болсақ, «тілге жеңіл, жү­рек­­ке жылы тиетін» туынды шығар­­дық, еңбегіміздің елеусіз қалма­­ғаны қуантады, – дейді туын­ды авторларының бірі Елена Ари­нович.

Достық үйінде, сонымен қа­тар, оқушылар арасында өткен «Алғыс айту күніне арналған үздік логотип» байқауының же­­ңімпаздары да анықталды. Бұл байқауға бір ай ішінде 100-ден астам автордың қолынан шық­қан логотип үлгілері қабыл­даныпты. Қазылар ал­қасының шешімімен Алғыс айту күніне арналған үз­дік логотип авторы атағына Қа­­рабалық кентінің оқушысы Рос­тислав Фоменко лайық деп танылды. Екінші орын Амангелді ауданының оқу­шысы Інжу Мақ­сұтова мен Әулиекөл ауданынан келген Әлібек Исмағамбетов пен Жан­сая Мәкеноваға бұйырды. Ал Руд­ный қаласында оқитын Юрий Рыбаков, Қостанай ауда­­нының оқушысы Чемдуж Анас­­тасия және Әулиекөл ауда­ны­ның өрендері Бекеева Гүл­наз, Де­мян­­чук Эстэль, Ясун­скай­те Али­­на үшінші орынды бө­лісті.

Байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен бағалы сый­лықтар берілді. Сондай-ақ, бай­қауға қатысқандардың бәріне облыстық ассамблеяның атынан дипломдар мен ескерткіш сый­лықтар табыс етілді.

Салтанатты жиынның соңын­да Достық үйіне жиналған қауым мен шараға онлайн режімде қа­тысып отырған қалың көпшілік қосылып «Алғыс әуені» гимнін әуелетті.

 

Қостанай облысы