Экономика • 01 Наурыз, 2021

БЖЗҚ салымшылары жинақтарын интернет арқылы бақылай алады

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«БЖЗҚ» АҚ салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жай-күйінен хабардар ету туралы тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Осы орайда салымшының өз салымдарының электронды нұсқасын интернет арқылы қадағалау мүмкіндіктері жолға қойылған.

БЖЗҚ салымшылары жинақтарын интернет арқылы бақылай алады

Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ кеңселеріне тікелей өзі келгенде, сондай-ақ, дәстүрлі пошта арқылы үзінді көшірме алу және электрондық тәсіл арқылы білуге болады. Қазіргі уақытта жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпараттандырудың ең танымал тәсілі – электрондық тәсіл. 2021 жылдың 1 ақпанына оны 6,7 млн астам жеке зейнетақы шоты иелері таңдады. Бұл ретте 5 876 269 шоттың жай-күйі туралы салымшылар мен алушылар enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе ENPF мобильді қосымшасында біле алады. Осындай хабарлау тәсілін таңдағандар саны бір жыл ішінде 248 531 адамға көбейді.

БЖЗҚ-ға ұсынылған электрондық пошта мекен-жайы арқылы үзінді көшірмені 836 399 салымшы алады. Естеріңізге сала кетейік, ақпараттандырудың осы әдісіне сәйкес жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме салымшыға таңдалған кестеге сай электрондық пошта арқылы келеді.

Дәстүрлі пошта арқылы ақпараттандыру өз танымалдылығын біртіндеп жоғалтуда. 2021 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша осы тәсілмен 1 268 206 салымшы өз жеке зейнетақы шотын бақылайды екен. Бұл өткен 2020 жылғы 1 ақпанға қарағанда 81,9 мыңға аз. Егер салымшы ЖЗШ-дан үзінді көшірмені жылына бір рет дәстүрлі пошта арқылы алуды қалап, бірақ тұрғылықты мекенжайын өзгерткен болса, онда ол бұл туралы Қорға хабарлауы тиіс екенін естеріңізге саламыз. Айтқандай, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында мұны мекенжайы өзгергеннен кейінгі 10 күн ішінде жүзеге асыру қажет деп көрсетілген. Олай болмаған жағдайда, пошта операторы жеке зейнетақы шотыан үзінді көшірмені мекенжай иесіне жеткізе алмайды және ол Қорға қайтып оралады, яғни Қор жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірмені келесі жылы мұндай салымшыға жібермейді.

БЖЗҚ зейнетақы шотын кез-келген ыңғайлы тәсілмен үнемі қадағалап отыру қажеттілігін еске салады. Себебі, ол шоттың үнемі толықтырылып отырғанына және болашақ зейнетақыны жоспарлауға сенімді болу үшін керек.