Әлем • 02 Наурыз, 2021

Беларусьпен байланыстың бір белесі

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда «Барша адамзатты біріктіруші құрал – кітап» ХXVІІІ Минск халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде ел павильонын Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және Қазақстан­ның Беларусь Республикасындағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Беларусьпен байланыстың бір белесі

Қазақстандық делега­ция өкілдері – Ұлттық ака­де­мия­лық кітапхана мен өңір­лік кітапханалар жеке экспо­зи­ция­­лық алаңда қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихатта­­ды. Көрмеде ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­­дығына, мерейтойлық да­та­ларға арналған кітаптар, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың ең­бектері, та­ри­хи және мұра­ғаттық құжат­тар, заманауи ба­сы­лымдар, сон­дай-ақ, 2021 жыл­­дағы мерей­той иелерінің – Ыбы­рай Алтынсарин, Жамбыл Жа­баев, Мұқағали Мақатаев, т.б. автор­лардың кітаптары қо­йылды.

«Елдік экспозиция Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына арналған және бірқа­тар қазақстандық ұйымның кү­шімен жасақталған. Стендтің қалыптасуына Қазақстан Рес­публикасының Кітап палатасы мен Қазақстан Жазушылар одағы ықпал етті», деп хабарлады Қазақстанның Беларусь Республикасындағы елшілігі.

Ел павильонының салтанатты ашылу рәсімі Беларусь Республикасының Ақпарат министрі Игорь Луцкийдің, мемлекет қайраткері, дипломат, Беларусь Республикасы Президенті әкімшілігі бас­шысының бірінші орынбасары Максим Рыженковтың, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті ел­ші­сі Асқар Бейсенбаевтың, Бе­ларусь Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ро­ман Мотульскийдің, «Звяз­да» баспа үйінің дирек­торы Александр Карлю­ке­вичтің, Беларусь респуб­ли­касы Жазушылар одағы төр­ағасының орынбасары Елена Стельмахтың және Бела­русь­тегі қазақ диаспорасының қа­ты­суымен өтті.

Шара барысында Беларусь Ұлттық кітапханасында Қа­зақ әдебиеті мен мәдениеті ор­­талығы ашылды. Айта ке­те­йік, Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның шет ел­дердегі елшіліктерімен бір­лесіп, әлемнің ұлттық және бас­қа да кітапханаларында қа­зақ әдебие­ті мен мәдениеті орталықта­рын ашу халық­аралық жобасын сәт­ті жүзеге асыруда.

Бүгінде әлемнің 38 елінде, мәселен, Корея, Қырғыз Рес­публикасы, Финляндия, Вен­грия, Ресей Федерациясы, Ар­­мения, Малайзия, Түркия, Фран­ция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия елдерінде, сондай-ақ Нью-Йорк көпшілік кі­тапха­насы, АҚШ Конгресінің кітап­ханасында орталықтар ашылып, жұмыс істеп тұр.

Кездесу аясында Қазақстан мен Беларусь ұлттық кітапха­налары арасында өзара мә­дени және кітапханалық ынты­мақтастық, халықаралық кі­тап алмасу, тәжірибе және ма­ман­дар алмасу, цифрлы, элек­тронды өзара іс-қимыл мәселелері қамтылатын мемо­рандумға қол қойылды.

Көрменің ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы­ның Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Бейсенбаев: «Минск төріндегі керемет ғимаратта осындай екі ел­дің іс-шарасына қатысып отыр­ғаныма қуаныштымын. Бұл ғимарат – жай ғана кітапхана емес, архитектураның ға­жайып туындысы. Беларусь Рес­публикасы Ұлттық кі­тапханасымен біз жақсы қа­рым-қатынастамыз. Әртүрлі мей­рамдар мен айтулы күн­дерді бірге атап өту тамаша дәс­түрге айналды. Өткен жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына байланысты түрлі іс-шараларды бірлесіп өткіздік. Бұл үшін Беларусь Республикасы Ұлт­тық кітапханасының директоры Роман Мотульскийге ал­ғыс айтқым келеді. Биыл Қа­зақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғын атап өтуде. Міне, елі­міздің Ұлттық академиялық кітапханасы Бе­ларусь Респуб­ликасы Ұлттық кі­тап­ханасында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашып жатыр. Бұл екі ел арасындағы рухани қа­рым-қатынасты одан әрі ны­ғайтары сөзсіз», деді.

Айта кетейік, ел делега­ция­сы Беларусь Ұлттық кітапха­на­сына 300-ден астам кі­тап алып барған.