Сахнада тірі адам секілді ойнап-күлетін һәм түрлі-түсті образдарымен көңілді аулап, жақын досыңдай сыр шертетін қуыршақтар бала-көрерменнің санасына тез сіңіп, рухани иммунитетін қалыптастырады.
Әсіресе, құндылықтар ауысқан қазіргі қоғам бала тәрбиесіне ықпал ететін сахналық мәдени шараларға мұқтаж. Сондықтан қай салада да рухани жаңғыру үдерісі жүріп жатқан кезеңде қуыршақ өнеріне баса мән бергеніміз абзал. Осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпіріндегі санаулы театрдың тыныс-тіршілігіне үңіліп, «қуыршақтардың» сөзіне құлақ қойдық.
Қазіргі таңда елімізде руханияттың темірқазығы саналатын барлығы 65 театр бар: оның 54-і мемлекеттік, 11-і жеке меншікте. Ал жас көрермендерге арналған 6 театр болса, қуыршақ театрларының саны – 7. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Петропавл, Қостанай, Ақтау, Шымкент қалаларында орналасқан (айта кетейік, Жезқазған қаласындағы Қуыршақ театры қазір облыстық драма театрының құрамында). Ал Қызылорда драма театрында бөлімше ғана жұмыс істейді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр осы 65 театрда 1834 спектакль қойылыпты. Оның 266-сы жаңа қойылым болса, 3204 мәдени іс-шара балаларға арналған. Сол қойылымдарды тамашалауға 893 954 көрермен барса, оның 321 449-ы – балалар. Бұл көрсеткіштер он сегіз миллионнан аса халқы бар Қазақстан үшін аз ба, көп пе – бағамдай беріңіз.
Тұңғыш театр
Сонау 1935 жылы қазақ топырағында тұңғыш Қуыршақ театры құрылған еді. Алматы қаласындағы Мемлекеттік Қуыршақ театры ғасырға жуық уақыт бойы осы дара өнер жолында еңбек етіп, қуыршақшылардың бірнеше буынын дайындап шығарды. Бүгінде театр репертуарында балдырғандар мен ересектерге арналған 40-қа жуық қойылым бар (барлығы екі тілде жүреді). Мәселен, ересектерге арналған Шекспир, Ш.Айтматов сынды іргелі авторлардың шығармаларынан бастап, кішкентай бөбектерге бағытталған ертегі-аңыздар – театр ұжымының шығармашылық ізденістерінің нәтижесі.
Мұнда әр маусымда жаңа 4-5 қойылымның премьерасы ұсынылады. Қазір театр репертуарында Еркін Жуасбектің «О, Тоба», Әлібек Файзуллаұлының «Алтын адам», Рахымжан Отарбаевтың «Сағыныш шөбі», Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» шығармалары жүріп жатыр. Ал осыдан 38 жыл бұрын сахналанған «Қуыршақ думан» спектакль-концерті (режиссері әрі авторлары – Сұлтанғали Шүкіров, Құралай Ешмұратова) әлі де көрермен сұранысында.
Айта кетейік, театрда 500-ге жуық қуыршақ бар. Тіпті, жасалғанына 50-60 жыл толған ардагер қуыршақтар да кездеседі екен.
Театр ұжымының айтуынша, өнер ордасында кадрлық мамандар жеткілікті, яғни театрдың ешқандай өтініш-сұрауы жоқ. Ал Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, өнертанушы Меруерт Жақсылықова қуыршақ театрларында кәсіби мамандар жетіспейтінін айтады. «Бүгінде Қ.Ешмұратова, С.Мақұлбеков, Н.Насырова сынды көрнекті қуыршақшылардың ізін басып, жаңа буын Ж.Түсіпбеков, А.Зайцев, Д.Жұмабаева, т.б. режиссерлер өздерінің жаңашыл ізденістерімен көзге түсіп жүр. Алайда елімізде мемлекеттік және мемлекеттік емес труппаларды қосқанда 20-ға жуық қуыршақ ұжымы барын ескерсек, онда арнайы маман режиссерлердің аздығы байқалады. Сонымен қатар қуыршақ театрының ең өзекті мәселесі – қуыршақ жасайтын шеберлердің жоқтығы. Бұл кәсіпке оқытатын оқу орны да жоқ. Сол себепті қуыршақтардың сапасы, жасалу техникасының жұтаңдығы шығармашылық ұжымдардың дамуына кері әсерін тигізіп келеді. Шетелдік қуыршақ театрларының дамыған техниканы тиімді пайдалануы көрерменнің әсерін күшейтуге септігін тигізеді. Атақты француз қуыршақшысы Филипп Жанти қойылымдарын қарасаңыз, осындай ойға келесіз», деді М.Жақсылықова.
Ал қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова қуыршақ дайындайтын мамандардың жоқтығынан әлдеқайда маңызды мәселе бар дейді.
«Қазір бүкіл республикаға қуыршақ жасайтын екі-үш-ақ адам бар. Олардың көбісі қуыршақ театрларында емес, академиялық драма театрларда жұмыс істейді. Өйткені ол жақтың жағдайы жақсырақ.
Ең алдымен, жоғары оқу орындарында қуыршақ жасауды үйрететін арнайы бөлім ашылуы керек. Сонда қуыршақ дайындайтын мамандар көптеп шығар еді. Бұл – қолға алынса, шешілетін мәселе. Бұдан бөлек қуыршақ театрларына қазақтілді кәсіби актерлер жетпей жатады. Әсіресе, облыстық театрлар кәсіби мамандарға мұқтаж. Мәселен, еліміздегі мықты театрлардың бірі – Қостанай қуыршақ театрында қазақ труппасы жоқ. Барлық репертуары орыс тілінде жүреді. Яғни «театр – бала тәрбиелейтін рухани орын» десек, қостанайлық балалар орысша тәрбиеленуде. Ал бұл түйткілдің төркіні маман жетіспеуден шығады. Сондықтан басты мәселе қуыршақ жасайтын адамдардың жоқтығында емес, қазақтілді қуыршақ театрларының аздығында болып отыр», деді ол.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі бүгінгі қазақ қоғамының ең жанды жеріне айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қазақ тілінің хал-ахуалын жіті назарға алған ел Президентінің нақты тапсырмаларына сәйкес аталған мәселе ұлттық негізде шешімін табады деп сенеміз. Ал өңірлік қуыршақ театрларындағы кадр тапшылығы, өкінішке қарай, жақын арада түйіні тарқайтын мәселе болмай тұр.
Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры директоры Әсия Құрманалинаның сөзінше, театр әртістерінің көбі драма актерлері екен. Яғни кәсіби қуыршақшылар жетпейді. Тіпті соңғы екі жылда театр тұрақты режиссерсіз жұмыс істеген. Қазір шығармашылық ұжымда бір ғана режиссер бар. Ал кадр мәселесінің негізгі себебі мәдениет қызметкерлері жалақысының мардымсыздығына байланысты, дейді театр ұжымы.
Жас драматургтер не жазып жүр?
Қазіргі қазақ әдебиетінде балалар тақырыбына қалам тартып жүрген авторлар аз да болса, бар. Әсіресе, балалар драматургиясында оқтын-оқтын жаңа есімдерді байқап жүрміз. Мәселенки, жас драматург Әлібек Байболдың «Әріптер әлеміне саяхат» ертегісі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, «Жеті ойыншықтың жеңісі» ертегісі Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында қойылып жүр. Сондай-ақ бұл тізімде Әннәс Бағдат, Мейіржан Әлібекұлы, Жәнібек Әлікен, Айдана Аламан, Айдын Салбан, Сая Қасымбек сынды т.б. жас драматургтер төбе көрсетеді. Алайда аталған авторлардың балаларға арналған ертегі-қойылымдары қуыршақ театрларының сахнасына бұйырмай жүр. Бұның себебін «Ойыншықтар», «Күнделік», «Төрт қауырсын, мыстан, бәйтерек» және қуыршақ театрына арнап жазылған «Бағдаршам» ертегілерінің авторы, Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы музыкалық-драма театрының қоюшы режиссері Айдын Салбан былай деп түсіндірді.
«Ертегілер жазылып жүр, бірақ сол жазылған күйі қалады. Ал театрлар тек Наурыз бен Жаңа жылдық қойылымдарға ғана сұраныс жасайды. Меніңше, балалар шығармаларының қарқынды дамуына жыл сайын Балалар қойылымдарының фестивальдері, драматургиялық байқаулары жүйелі түрде ұйымдастырылғаны жөн», дейді ол. Сөз-ақ. Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің «Балалар әдебиетін қолдау жылы» деп жариялағанын ескерсек, аталған ұсыныстар жүзеге асуы бек мүмкін.
Ал Нұр-Сұлтан қалалық Қуыршақ театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қуат Ежембек драматургтердің қуыршақ сахнасына лайықтап жаза алмай жүргенін алға тартты.
«Драма театрлары секілді, қуыршақ театры да мөлдір туындыларға сусап тұр. Мәселені әріректен іздеу керек сияқты. Кезінде бала болып, қуыршақ театрына келмеген адам, қандай пьеса жазбақ? Театрға деген махаббат балалықтан басталады. Біздің қазіргі көрермендер, ертеңгі үлкен театрлардың күйін күйттейтін кісілер емес пе? Қуыршақ театрына мүлде келмеген, көрмеген адамдар да бізге пьесаларын жібереді. Олардың көбісі талапқа сай келмейді. Себебі қуыршақ теа-
трының өз заңдылықтары, өз тілі, өз әдебі бар. Күрделі, ұзақ қойылымдарды мұнда қоя алмайсың – бала қабылдай алмайды. Және қуыршақ театрында сахналанатын қойылымдардағы оқиғалар жылдам-жылдам ауысып отыру керек. Әйтпесе кішкентай көрермендерді жалықтырып, шаршатып аласың. Кейбір пьесаларды өзіміз өңдейміз. Біршама өзгертеміз», дейді ол.
Қуықтай жердегі «Қуыршақ» немесе Мәдениет басқармасы неге жауап бермейді?
2007 жылы Жастар театрының жанынан ел астанасында алғаш рет Қуыршақ театрының негізі қаланды. Кейін 2010 жылы ресми түрде құрылып, жеке шыққан театр сол уақыттан бері өз қуыршақтарын сөйлетіп келеді. Қазіргі уақытта театр репертуарында 30-ға жуық қойылым бар. Барлығы екі тілде жүреді. Репертуар жылына 3 жаңа қойылыммен жаңарып отырады. Мәселен, былтыр «Жарық сәуле» (Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған әдеби композиция, авторы Қ.Ежембек, қоюшы-режиссерлері Қ.Ешмұратова, А.Салаева), «Элвин және жұмбақ орманның тұрғындары» (авторы М.Арғымбаева, қоюшы-режиссері А.Салаева) қойылымдары қосылса, биыл «Алдар көсе жайлы не білеміз?» (инсценировка авторы А.Салаева), Г.Х.Андерсеннің «Түйме қыз» (инсценировка авторы М.Арғымбаева) премьералары жоспарланып отыр.
Елордалық жас өскіндердің көзқуанышына айналған театрға бүгінде қазақтілді көрермендер көптеп баруда. «Рухани жаңғырудың» бір тетігін ұстаған театрдың көрушілері көбейіп, шығармашылық ізденістері қыза түссе екен дейсің. Алайда Нұр-Сұлтан қалалық Қуыршақ театрының кеңістігі тар ғимараты барған көрерменнің көзіне алдымен түседі. Бұл туралы театр директоры Тоғжан Хасанғалиева: «Қуыршақ театрының актерлері басқа жанрдағы спектакльдерде де шебер ойнай алады. Ал драма театрларының әртістері қуыршақ театрында ойнай алмауы мүмкін. Өйткені бұл қуыршақ театрының ерекшелігі мен жан-жақтылығына байланысты. Жансыз қуыршақтарға жан бітіріп, кәдімгі тірі адам сияқты сахнада ойнату үшін ерекше талант керек. Ал материалдық жағдайға келер болсақ, қазіргі театр мекемесінің сахнасы кішкентай, төбесі аласа. Ал кез келген театр сахнасы үшін биік қабырға болуы қажет. Өйткені, балаларға таңғажайып дүниелер көрсету үшін техникалық жағдай аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан театрға ең алдымен үлкен жеке ғимарат керек. Бұл – біздің бүгінгі таңдағы басты мәселеміз», деді. Сондай-ақ қуыршақтар мен сахналық декорациялар сақтайтын қоймалар да жетіспейтінін айтты. «Әр жыл сайын 2-3 жаңа қойылымнан қоямыз, уақыт өткен сайын үлкен ғимараттың қажеттілігі арта түседі. Бұдан бөлек қуыршақтар дайындайтын тігін цехының жоғы да қол байлап тұр. Айта кетейін, театрдың қазіргі орналасқан жері көрермендер үшін өте ыңғайлы. Бір кездері қаланың басқа жағына көшу туралы әңгімелер қозғалды. Бірақ ол жерлер орталықтан алыс болды. Театрдың оң жағалауда тұрғаны бізге де қолайлы, тек мүмкіндік болса, үлкен ғимарат берілсе екен дейміз», деді театр басшысы.
Он жылдан аса уақыттан бері Арқа төсіндегі тұңғыш һәм жалғыз қуыршақ театрына жеке ғимараттың неге берілмей жүргенін білмекке Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқармасына ресми түрде сұрау салып көрдік. Алайда құзырлы орган өкілдері сауалымыздың төркінін түсінсе де жауап бермеді. Ал ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мəселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог», деп нығарлап айтқан еді. Сонда қалалық басқарма Мемлекет басшысының тұжырымдамасына атүсті қарап отырғаны ма? Сауал бар да, жауап жоқ.
Баланы кішкентай деп менсінбейтін, оның сөзі мен болашағына салғырт қарайтын кейбір үлкен адамдар болады. Еліміздің саусақпен санарлық қуыршақ театрлары да сол қараусыз баланың күйін кешпесе екен дейміз.