Облыстың бас санитарлық дәрігерінің «Карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» жаңа қаулысына сәйкес, аймақта карантин құрсауын кеңітетін тағы да бірқатар өзгерістер енгізілді. Біріншіден, 1 наурыздан бастап мешіт, шіркеу, собор, синагогалардың қызметіне рұқсат етілді. Бірақ діни нысандарда бұқаралық шаралар, мәселен, жұма намазын өткізуге болмайды. Індеттің етек алуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб өкілдері мұндай шараларды өткізу әлі ертерек деп отыр. Сондықтан мешіт жанындағы асханалар құлыптаулы күйінде қалды.
Азық-түлік және өзге де тауарлар сататын ашық және жабық сауда орындары, фотосалондар мен гүл сататын дүкендер де санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс кестесіне сәйкес белгіленген штаттық режімде жұмыс істеуге көшті. Алайда азық-түлік және өзге де тауарлар сататын жабық сауда орындарының жексенбі күні жұмыс істеуіне тыйым салынған.
Сонымен қатар осы дүйсенбіден бастап мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялар мен кәсіпкерлік субъектілерінің кеңселері де жұмысқа кірісті. Шектеу талабы бойынша, мұндай кеңселерде отыратын мамандар саны 15-тен аспауы керек. Ал қызметкерлердің 60%-ы әлі де қашықтан жұмыс істей береді.
Қостанайда қалалық қоғамдық көліктер аптаның барлық күні жүреді. Жабық спорттық-сауықтыру және фитнес орталықтары қызмет көрсету мүмкіндігінің 30%-ын пайдалана отырып сағат 7-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Мәдениет нысандарында 30 адамға дейінгі ұжымдардың дайындық жұмыстарын жүргізуіне рұқсат етілді. Театрлар мен кинотеатрлар да жұмысын жандандырды. Бірақ көрермен залына 200 адам сыятын театрлардағы спектакль қойылымдарын 40 адам ғана тамашалай алады.
Өткен жұмада облыс әкімдігінде КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында мониторингтік топтардың жұмысы қарастырылды. Мониторингтік топтар 1 қаңтардан бері 3 315 рейдтік іс-шара өткізіп, карантин тәртібін бұзған 351 нысанды анықтаған. Жиын барысында облыс әкімі жаңадан енгізіліп жатқан жеңілдіктерге қарамастан мониторингтік топтарға өңірдегі санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылауды тапсырды. «Облыс тұрғындарынан короновирустың таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан барлық санитарлық-эпидемиялық нормаларды сақтауды сұраймын», деді Архимед Мұхамбетов.
Жедел штабтың мәліметі бойынша, ақпанның соңғы күні облыстың 62 тұрғыны COVID-19 жұқтырған. Қостанай қаласында 42 адамнан коронавирус анықталды. Жалпы, Қостанай облысында 2020 жылғы 3 сәуірден бері COVID-19 жұқтырған 12 374 науқас тіркеліп, 10 900 адам емделіп шыққан.
Қостанай облысы