Аймақтар • 03 Наурыз, 2021

Бүркітшілер байқауы

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменнің көгінде үш күн қатарынан қыран құстың саңқылы естілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен бабадан қалған бекзат өнерді жалғастырып жүрген бүркітшілер жиналып, салбурынға шықты.

Бүркітшілер байқауы

Облыс орталығында өтіп жатқан құсбегілердің рес­публикалық XV чемпио­на­тына оннан астам бүркітші қа­тысты. Бүркіт қана емес, ител­гі мен қаршыға ұшыр­ғандар да болды.

Ұлттық спорт қауымдас­тығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жарыстың шарты бойынша алғашқы күні құстарды шырғаға салып, іріктеуден өткізді. Екінші күні іріктеуден өткендері қоянға түсті. Бүркіттің тегеуріні кө­рінгенде, қояндар шалт бұ­рылып қаша ма деп едік, жоқ, керісінше жата қалысты. Қол­да өскен қояндар ғой, орғи жөнелмеді. Әй бірақ, қасқырға түсіп жүрген қыраннан қояның қалай қашса да құтылсын ба?!

Қолына бүркіт қондырып, беліне күміс белбеу таққан бүркітшілерге риза көзбен қарасты бәрі. Ұлттық құнды­лықты дәріптеп жүрген аза­мат­тар ғой. Жүйрік баптап, бәй­геге қосу қандай қиын болса, қыран құстың бабы да одан кем түспейді.

– Жеті атамыздан бері босағамыздан құс кетпеген. Атадан мұра болып келе жат­қан соң, бүркіт баптап отырмыз. Көк байрағымызда да бей­неленген қасиетті құс. Бабы енді, қиын. Жас ет тауып беру де оңай емес, – дейді үр­жар­лық құсбегі Ырыздық Қасейін.

Ақсақал айтқандай, күн­делікті азығы бар, қоясын алу дегендей күтімдері тағы бар. Құс жыртқыш болған­дық­тан, ара-тұра аңға салып тұру керек. Үржар өңірі Ұлт­­тық парктің аумағында жат­қандықтан, қыранды түз тағысына түсіруге тыйым са­лынған. Сол үшін Ырыздық Қасейін бүркітін үй қоянына салып тұрады.

Сонымен үш күнге со­зыл­ған жарыс қорытындысы бойынша III орынды Алматы облысынан келген Аян Сейіт­жан қанжығасына байлады. II жүлделі орын сонау Аты­раудан Алтайға ат арытып келген Арман Қошқаровқа бұйырды. Ал I орын Үржар ауда­­нынан келген бүркітші Нұғым Қайдарұлына берілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы