Қазақстан • 03 Наурыз, 2021

АӨСШК – Қазақстан сыртқы саясатының жарқын жемісі

3629 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің елең-алаңында бірден халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде әлем қауымдастығының дамуы мен қауіпсіздігін бірізділікке салып, нығайту бойынша сан алуан шаралардың басын қайырды.

АӨСШК – Қазақстан сыртқы саясатының жарқын жемісі

Бірден көпвекторлы сыртқы саясатқа ден қойған жас мемлекет уақыттан озып, болашақтың қажеттілігімен бас қатырды. ХХ ғасырдың соңғы жылдарындағы Қазақстанның аяқ алысын әлемнің алпауыт елдері жіті назарында ұстады. Аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленген Қазақстан сықылды ірі еуразиялық мемлекет өзінің сыртқы саясатын қалай және қай жолға қояды, қандай жетекші бағыттарға басымдық береді, сондай-ақ жаһандық қауымдастықпен қарым-қатынасты қалай қалыптастырады – мұның барлығы ел аузындағы өзекті мәселе болды.   

ҚР сыртқы саясатының негізгі бағыттары, ең алдымен, еліміздің географиялық мекені және оның ұлттық мүдделері мен болмысы сынды аса маңызды факторлардың ықпалымен қалыптасты. Еліміз Еуразиялық континенттің қақ ортасында орналасса да, Азиядағы аймақтық және субаймақтық мәселелерге ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстанның аса маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі –  мемлекетаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты сақтау. Бұл қағида еліміздің халықаралық аренадағы паспортына айналып үлгерді.

758

Жүйелі, бүгін-ертеңі белгілі, айқын мақсатты дипломатиялық қауымдастық қоғамның ілгері басуының негізгі алғышарты деп айтуға толық негіз бар. Аталған сілтемеде бекітілген ұйым деп Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) келтіруге болады. Мемлекетіміз үшін бұл жобаның дамуы маңызды, өйткені кеңестің негізін қалаушысы мен бастамашысы ретінде АӨСШК қызметіндегі ұсыныстарды жаңа бағытқа қарай итермелеуді еліміз өз мойнына алды. Өз сөзінде  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «АӨСШК қазіргі заманғы жаңа қатерлерге қарсы іс-қимыл жасаудағы жаһандық жүйенің ажырамас бөлігі бола алады және болуы тиіс», деп құрылғалы жатқан жаңа ұйымның тарихи маңыздылығын шегелей түсті.

Кеңесті шақыру жөніндегі идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынғаны белгілі. Елбасы мінберде Азия континентіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әмбебап және оңтайлы механизм құру екендігін басып айтты. Қазақстан жəне АӨСШК процесіне қолдау көрсеткен мемлекеттер мұндай қауіпсіздік құрылымын жасақтау міндетінің өте маңызды екендігін айқын түсінді. Өткенге көз салсақ, Азиядағы ынтымақтастық институтын құру бұған дейін де талай мемлекет басшылары көтерген тақырып болатын, алайда, олар көпшіліктен қолдау таппай, іс жүзінде жүзеге асыра алмады. КСРО-ның континенттегі ұжымдық қауіпсіздік ұйымын ашу жөніндегі ұсынысын еске алғанның өзі жеткілікті-ақ. Ал, Елбасының бастамасы бірден жаңа үн алып, жаңғырып, халықаралық-құқықтық сипаттағы бірқатар шаралар кешенімен кепілдік берілетін Азиядағы қауіпсіздік жүйесі қалыптасты. Десе де, АӨСШК құру бастамасын көтермес бұрын көптеген талқылаулар мен дебаттар жүргізілді. Ол орынды да, өйткені мүше елдер арасындағы түсініспеушілік пен белгілі жоспардың жоқтығы кедергі тудырғыздырмай қоймайды. Одан бөлек, Азия саяси, экономика, діни және мәдени тұрғыда күрделі құрлық болып есептеледі. Əрине, бұл мəселелерді шешу оңайға соқпайтыны белгілі боп, ортақ тетіктерді дамытуды қажет етті. Осыған қарамастан, мүше елдердің басым бөлігі көтерілген мəселелердің шешімдері АӨСШК негіздері арқылы жүзеге асырылатындығын алға тартып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігіне сенім артты.

958

Ауқымды ұйым іске қосылатын болғандықтан, бастапқы кезеңдегі негізгі міндетке өзара түсіністік принциптері декларациясын жасау кірді. Жоба аясында қолданылудың келесі салалары: егеменді теңдік, егемендікке сай құрмет,  күш немесе күшпен қоқан-лоқы көрсетуді тию, дауды бейбіт жолмен шешу, қарусыздандыру және қару-жарақ үстінен бақылау, экономикалық және мәдени байланыс айқындалды.  Айта кетейік, жоғарыдағы принциптер баршаға белгілі, әлем қауымдастығының ерекше ықыласына ие БҰҰ халықаралық қатынастарының базалық құжаттарынан бастау алады. Осы тақырыптар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-нің V саммитінде өз пікірін білдірген еді: «Даулы проблемалар мен қарама-қайшылықтарды басталған сәтінде шешу үшін конструктивті келіссөздерді қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Сондықтан, жақын арада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында халықаралық медиацияны жүзеге асыратын толыққанды ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрылуы әбден мүмкін».

1994 жылы АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі өтіп, өзара қатынастарды реттейтін қағидалар декларациясына қол қойылғаны баршаға мәлім.  Бұл құжат шынында да тарихи мәнге ие, өйткені ол азиялық қауіпсіздік жүйесінің дамуы үшін заңды негіз қалады. Бұл кездесу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың континенттегі қауіпсіздік пен бейбітшіліктің көп тарапты механизмін құру бастамасын алға тарту сәтінен кейін қазақстандық сыртқы саясаттың ірі жетістігі һәм жеңісі болды. Кейіннен Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңес бірсыпыра Азия мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың қолдауын тауып, географиялық картасын кеңейте бастады. Бүгінде кеңеске 27 ел мүшелік етеді, одан бөлек 8 мемлекет пен 5 халықаралық ұйым бақылаушылар ретінде тіркелді. Бұл АӨСШК жер шары халқының жартысына жуық бөлігін қамтып отыр дегенді білдіреді. Осылайша, кеңес өз эволюциясының жаңа сатысына қадам басып отыр. Уақыт көрсеткендей, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті өткізу Азия құрлығы тарихында жаңа кезеңге жол ашты. 2004 жылы Азияның саяси тарихында бұрын-соңды болмаған құжат – Азия елдері арасындағы тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, көптеген міндеттер бойынша көпжақты ынтымақтастықты қамтамасыз ететін «АӨСШК сенім шаралары каталогы» қабылданды. Нәтижесінде мүше мемлекеттер арасындағы гуманитарлық және экономикалық көмектің маңызы айқындалып, жұмыс процесі алға жылжыды. АӨСШК Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың жан-жақты ойластырылған озық әрі нәтижелі жүйесі екені тағы бір мәрте дәлелденді.

2020 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Тәжікстан Республикасынан АӨСШК төрағалығын қабылдады. Еліміз өз төралығының жылдарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Душанбе саммитінде АӨСШК қоры және АӨСШК аналитика орталығының қайта жаңғыруы сынды бастамаларын орындауды көздейтін болады. Мемлекет басшысы жоғарыда ұсынылған бастамалардың жүзеге асырылуы кеңеске мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретінін және Қазақстанның кеңес аясындағы толыққанды іс-қимылдарға дайын екенін атап өткен еді.

958

Күні кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына келген АӨСШК делегациясы келер жылы кеңестің 30 жылдығына дайындық жұмыстары басталғандығын мәлімдеді. 2022 жылы Қазақстан төрағалығымен тұспа-тұс кеп тұрған бұл шараның символикалық мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Осы күнге дейін күллі әлем алдында АӨСШК макроөңірлік бірлестік ретінде танылып қана қоймай, ұдайы даму үстіндегі өміршеңдігін де дәлелдеді.

Түйіндей келе, Елбасының көпвекторлы саясатының жемісінде туған алып ұйым бүгінде миллиардтаған халықтың көкейкесті мәселесін шешіп отыр. Мұның артында Қазақстанның әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілік жолында атқарған өлшеусіз еңбегі жатыр. АӨСШК бастамасының өміршеңдігі  еліміздің жаһандық ортадағы абыройын асқақтай түседі.    

 

Мұхтар Жәмішжанов

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51