Қоғам • 03 Наурыз, 2021

Қандастардың қатары қалыңдайды

935 рет көрсетілді

Биыл, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тәуелсіздіктің халқымызға берген басты игіліктерінің бірі – алыс және жақын шетелдерден  қазақтардың Отанға оралуына жол ашылғанына да 30 жыл толмақшы. Еліміз өз еркіндігіне қол жеткізердің алдында, 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдаған болатын.

Жыл түйінделер күні – 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдердегі қазақтарға радио арқылы сөз арнады. Иә, Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі жалпы жұртшылыққа бағышталған алғашқы сөзі шетелдегі қазақтарға арналған еді. Қалай дейсіз ғой? Міне, қараңыз. Ел тәуелсіздігі жыл соңында – 16 желтоқсанда жарияланды. 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңында Тәуелсіздік митингісі өткізілді. Сол күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келді. Тәуелсіздікке байғазы беруге келген жоқ, біздегі ядролық қарудың ендігі жағдайын білуге келді. Қат-қабат жұмыс қызып ала жөнелді: бұрынғы Кеңес Одағына кірген он бір тәуелсіз мемлекет басшыларының Алматыда басы қосылып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құруы, Палестина лидері Ясир Арафаттың сапары, Президенттің Парламентте сөз сөйлеуі, ТМД басшыларының Минскідегі кеңесіне қатысу... Осындай қарбаласпен өткен алғашқы оншақты күннің өзінде Нұрсұлтан Назарбаев алыстан ойлаған мақсатына кірісуге – ел тәуелсіздігіне бөрікті аспанға ата қуанып, құлағын Қазақстанға тосып отырған шетелдік ағайынға арнайтын сөзін дайындауға уақыт тапты. Нұрсұлтан Әбішұлының 31 желтоқсанда радио арқылы айтқан «Атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген сөзінен кейін шетелдердегі қандастарымыздың атамекенге ат басын түзеген ұлы көші басталды. Ол көш шынында да ұлы көш еді: 1991 жылдан бері елге келген этностық репатрианттардың саны 1 миллион адамнан асты. Алайда бізді бүгінде сол көштің кейінгі кезде кідіріп тұрғаны алаңдатады. Солай болғандықтан да Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар атынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ.Маминге сауал жолдаған едік. Онда былай дегенбіз:

«Кейінгі жылдарда, нақты айтқанда, 2012 жылдан бастап елден тұрғындардың көшіп кетуі күшеюінің жағымсыз үрдісі басталды, ол үрдіс қазір күшейе түсуде. Соңғы бес жылда (2015-2019 жылдарда) елден 189 765 адам көшіп кеткен, ал көшіп келген этностық қазақтардың саны 70 933 адам. Айырмасы – 118 832 адам. 2017 жылдан бері көші-қонның жыл сайынғы теріс сальдосы минус 30 мың адамдық шектен асып түсті. 2019 жылы Қазақстаннан көшушілердің саны 45 225 адам болды. Жекелеген өңірлерде тұрғындардың депопуляциясы анық сезілуде. Елді мекендердің бос қалуы, еңбек ресурстарының жетіспеуі көзге ұрып тұр. Солтүстіктегі облыстарда тұрғындардың азаюы, орта мектептердің жабылуы қалыпты көрініске айналып барады. Мысалы, бір елді мекендегі үш қабатты мектепте небәрі 12 бала оқиды.

Қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілген. Осы жеті облысқа этностық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны 1426. Өсім жоққа жуық. Қандастарға арналған квотаның мұншама азайып кетуін ештеңемен түсіндіру мүмкін емес. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам шетелдерден көшіп келетін.

Жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды жұмыс күшін қажетсініп тұрған өңірлерге қоныстандыру жұмысы да жөнді жүрмей жатыр. Тұрғын үй бөлу, жеңілдетілген кредиттер беру, жайылымға, егіндікке жер учаскелерін тарату, көшерақы қаражатын қарастыру тиісінше ойластырылмаған. Жаңа өңірге көшіп барудың оңды тәжірибелері дұрыс насихатталмайды. Мұндай үлкен істе болмай қоймайтын кемшіліктерді алаулатып-жалаулатып көрсету, сөйтіп қайта көшіп кетуге бейім көңіл күйді күшейту, жаңа жерге барып, бағын сынаушылардың сағын салған беттен сындыру басым. Туған жер ұғымының кеңдігін, бүкіл қазақ даласы әр қазақтың туған елі екендігін жүректерге жеткізу жағы кемшін.

Қандастарды бюджетке қосымша салмақ түсіретін жүктеме ретінде қарайтын тар пиғылды түзетпейінше бұл істе, тәуелсіздікті тұғырландырудың тағдыршешті ісінде нақты серпіліс жасай алмаймыз. Көші-қон туралы заңнамаға сәйкес қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын өкілетті орган жергілікті атқару органдарының ұсынысы бойынша белгілейді. Демек, жергілікті атқару органдарына бұл ретте құқықтық тұрғыдан шектеу қойылмаған. Жергілікті атқару органдарына репатрианттарды бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын ашу мүмкіндігі берілгеніне қарамастан, солтүстік өңірлердегі бірде-бір әкімдік мұны жасаған емес. Қандастардың тіл білмеуі құжаттарды ресімдеуде көп қиындық келтіруде. Солтүстік, шығыс өңірлеріндегі мемлекеттік мекемелер мамандарының дені қазақ тілін еркін меңгермеген, мемлекеттік қызметтің негізінен орыс тілінде атқарылатындығы да елім деп, жерім деп келген қандастарды кеудесінен итергендей етіп тұрады.

Көбеймесек көсегеміз көгермейтінін тағы бір еске сала келіп, біздің депутаттық сауалымызға байланысты Үкіметтің көші-қон және демографиялық процестерін тұрақтандыру мақсатымен қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейту, бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын құру, репатрианттарға мемлекеттік қызметті қазақ тілінде көрсету, жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды солтүстіктегі өңірлерге қоныстандыру сияқты мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды, заңда белгіленген тәртіп бойынша атқарылып жатқан, атқарылатын шаруадан жан-жақты хабардар етуді сұраймыз».

Жақында сауалымызға Үкімет басшысының жауабы келді. Асқар Ұзақбайұлы біз көтерген мәселелердің барлығын нақты ойластырыпты.

Ең негізгі нәрсе қандастарға арналған квотаның мөлшерін қайта қарау еді ғой. Бұған алдымен назар аударылғаны сүйсінтеді. Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орындар, орта білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерін және қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын ұсынуды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарының ұсыныстары негізінде қалыптастырылатынын қадап көрсеткен Үкімет басшысы: «2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарлануда. Осыған байланысты, сондай-ақ шетелден келетін қандастар санының ұлғаюын ескере отырып (жергілікті атқару органдарының өтінімдерінің негізінде), қандастарды қабылдау квотасы қайта қаралатын болады», дейді. Бұл – маңызды шешім. Квота көбейсе қуат та көбейеді. Квотаның сыртында, мемлекеттің қаржылық көмегінсіз көшіп келетін ағайын да азаймауға тиіс. Кезінде атамекенге жетіп алған миллион қандастың бәрі бірдей квотамен келмеген еді.

Жауапта сондай-ақ заңнамаға сәйкес қандастарды нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатын ерікті түрде қоныс аударуды қолдау шараларын қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етуге қандастарға Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең мүмкіндік берілетіні, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында айтқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушыларға және қандастарға солтүстік өңірлерге көшуге берілетін субсидиялар мөлшерін 2 есе – 35-тен 70 айлық есепті көрсеткішке дейін ұлғайтуға қатысты тапсырмасын іске асыру бойынша Үкімет қаулысының жобасы әзірленгені айтылған. Қаулы мемлекеттік органдарда келісілу үстінде екен, бұйыртса, көп ұзамай қабылданып қалуға тиіс. Сонда, мысалы, алты адамдық отбасына берілетін субсидия мөлшері 1 миллион теңгеден аспақшы. Ауылдық жерге орналасатын отбасына әжептәуір көмек.

Тарихи отанына шетелден оралған қандастарға консультациялық және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Жамбыл облыстарында «Қандастарды ақпараттық қолдау орталықтары» (фронт-офистер) құрылғанын, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, «бір терезе» қағидаты бойынша қандастарға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатқанын, биылғы жылдың II тоқсанында халыққа қызмет көрсету орталықтарында өңірлік квотаға енгізуді, тұрақты тұруға рұқсат алуды және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдауды көздейтін қандастарға мемлекеттік қызметті бір мезгілде көрсету іске қосылатын болғанын да оқырман қауымға қуана хабарлай аламыз.

Сауалдағы нақты айтылған сындарға да нақты жауап қайтарылған. «Жергілікті атқару органдарына репатрианттарды бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын ашу мүмкіндігі берілгеніне қарамастан, солтүстік өңірлердегі бірде-бір әкімдік мұны жасаған емес» деген едік. Бұған байланысты «2021 жылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын құру мәселесі пысықталуда» деген жауап алып отырмыз. Мәселе пысықталса – шешілетін болғаны. Премьер жауабындағы ең түйінді жай мынау: «Республикамызға келетін этникалық қазақтар үшін қолайлы жағдайлар жасауды, сондай-ақ өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының белгіленген көрсеткіштерін ескере отырып, қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталарын қалыптастыруды көздейтін Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Елдегі көші-қон және демографиялық процестерін тұрақтандыру, сондай-ақ қандастар құқықтарын сақтау мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында». Тың тұжырымдама тың тыныс ашып, қандастарымыздың қатарын қалыңдатарына сенеміз.

Премьер-Министрдің депутаттық сауалға жауабы біздің қолға 1 наурыз күні тиді. Мұны да жақсы ырымға балап отырмыз. Алғыс айту күні еді ғой. Алғыс айтатындай жөніміз бар екен. Енді тек игі ниеттің игілікті нәтижеге ұласуын тілейік.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан

халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі

Соңғы жаңалықтар

Елданаға ел риза

Спорт • Кеше

Жұмекеннің «Балаусасы»

Руханият • Кеше

Сүйіспеншілік сабағы

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар