Құрылыс компанияларының рейтингі түзіледі
Қаржылық тұрғыдан тұрақсыз құрылыс салушылар сапалы және арзан тұрғын үй туралы уәде береді. Бірақ кейін әртүрлі кооперативтер, одақтар, пайлық жарналар арқылы халықтың салымын ашық түрде өз мүддесіне пайдаланады. Әдетте мұндай компаниялар нысандардың «қаңқасын» ғана тұрғызып, ресми рұқсат алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгінеді. Мұндай жағдайда тұрғын үй құрылысының аяқталуына ешкім қаржылық кепілдік бермейді.
Сондықтан «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қолданыстағы екі тәсілді – кепілдік беру тетігін және екінші деңгейлі банктер арқылы жобалық қаржыландыруды ғана қалдыруды ұсынып отыр. Қалған тәсілдердің қажеті шамалы көрінеді. Осыған байланысты халықтың қаражатын тартуға құқылы құрылыс компанияларының қарапайым және түсінікті рейтингін енгізу қажет.
– Құрылыс салушылардың қаржылық жағдайын, жұмыс тәжірибесі мен іскерлік беделін ескеретін құрылыс компанияларының рейтингі әзірленеді. Жоғары рейтинг алған компаниялар үшін қолданыстағы кепілдік беру тетігі сақталады. Рейтингі төмен компаниялар үшін бірыңғай оператор үлестік салымдарды белгіленген бағамен халықтан тікелей тартып, арнайы эскроу-шотта қаражаттың сақталуын қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде коммерциялық банктер халыққа салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға қосымша кепілсіз ипотека бере алады. Сондай-ақ үлестік салымдарды заңсыз тартқаны немесе қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін құрылыс салушылардың жауапкершілігін қатаңдату ұсынылуда, – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ресей нарығынан инвестиция іздейді
2020 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 140 мың баспанаға тең. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 17 пайызға жоғары. Рекордтық көрсеткішке қол жеткізу үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі былтыр жергілікті атқарушы органдарға 281,2 млрд теңге көлемінде қаржы аударған. Өз кезегінде әкімдіктер 28 мың пәтерді немесе елде салынған тұрғын үйдің жалпы көлемінің 20 пайызын тапсырды. «Отбасы банкі» арқылы халыққа «Бақытты отбасы» және «5-10-20» әлеуметтік бағыттарын қоса алғанда, 145,7 млрд теңгеге 14,3 мың жеңілдетілген несие берілген.
– Биыл барлық қаржы көздері есебінен 17 млн шаршы метр немесе 163 мың баспана салу міндеті жүктелд і. Ол үшін салаға құйылатын инвестициялар көлемін едәуір ұлғайту қажет. Мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан «Бәйтерек» холдингі ішкі және Ресей нарықтарынан қаржы ресурстарын тартуды жоспарлап отыр. Әлеуетті инвесторлар ретінде коммерциялық банктер, сақтандыру және қаржы ұйымдары қарастырылуда. Осы жылы шамамен 300 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл кезекте тұрған 31,3 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді, – деді Ә.Омарқожаев.
Қызметтер бір орталыққа біріктіріледі
2021 жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар даярлауды тапсырған болатын. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қосымша тетіктер әзірлепті.
– Ең алдымен, «Отбасы банк» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылатын болады. Бұл тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алуды және кезекке қоюды бір орталықтан жүзеге асырмақ. Заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін орталық жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорымен біріктірілетін болады. Біз блокчейн және смарт бридж технологияларын қолдана отырып, бизнес-процестердің барлығын автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтарды есепке алу мен тұрғын үйді бөлуде адами факторға жол бермей, ашықтықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құжаттарға қол қою және тіркеу уақыты 3 есе, яғни 3 күннен 1 күнге қысқарады, – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Құрылыс салушыларға қолдау көрсетіледі
Тұрғын үй құрылысы көлемін арттыру мақсатында да бірқатар шара әзірленген. Қазір бұл бағыттағы басты проблеманың бірі – құрылыс компанияларын қорландырудың «қымбаттығы». Сондықтан бос кепілдің жоқтығынан банктерден коммерциялық кредит ала алмайтын құрылыс салушылар үшін жобалық қаржыландыру тетігі пысықталуда. Бірыңғай оператор осы мақсатта нарықтан 100 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Бұл белгіленген баға бойынша қосымша 9 мың пәтер салуға мүмкіндік береді.
– Өз бетінше, оның ішінде халықтың қаражаты есебінен тұрғын үй салатын құрылыс салушыларға кепілдіктер мен субсидиялар беруді жалғастырамыз. Өткен жылы осы құралдар арқылы жобаларға 145 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Осылайша, халықтың коммерциялық нарықтан 9 мың пәтер сатып алуға салған салымы қорғалды. Сондай-ақ құрылыс компаниялары үшін кредиттер құны орта есеппен 50 пайызға төмендетілді, – деді Ә.Омарқожаев.
Отандық үлесті арттыру керек
Тұрғын үй құрылысын дамытудағы ерекше бағыт – құрылыс индустриясын цифрландыру. Бүгінде холдинг цифрландыру бағытында «Құрылыс материалдарының маркетплейсі» жобасын жүзеге асыруда.
– Бұл тақырып қазір бұрынғыдан да өзекті. Өйткені бізде құрылыс материалдарын импорттау үлесі кейбір позициялар бойынша 60 пайыздан асады. Бұл құрылыстың өзіндік құнының жоғары болуына тікелей әсер ететін фактор. Маркетплейс отандық өндірушілерді, құрылыс салушыларды, логистикалық компанияларды делдалсыз тікелей байланыстырады және тұрғын үй құрылысының өзіндік құнын 15 пайызға дейін төмендетеді. Сонымен қатар құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу, өз өнімдерін кепілді өткізу мүмкіндігіне ие болады және өндіріс қуаты жүктемемен қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, қазақстандық қамту үлесінің артуына жол ашылады. Аталған жобаны әзірлеуді биыл аяқтаймыз, – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Қазақстан Тұрғын үй компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Алтай Күздібаев атап өткендей, «Құрылыс материалдары маркетплейсі» онлайн-алаңында елдегі отандық құрылыс материалын өндірушілердің барлығы өз өнімдері туралы ақпаратты орналастыра алады. Ал құрылыс компаниялары қажетті қазақстандық материалдарды делдалсыз ең жақсы бағамен сатып ала алады. 2020 жылы жобаның бірінші кезеңі шеңберінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 106 нысанның электронды сметасына талдау, парсинг алгоритмі жүргізілген. Сондай-ақ «Нұрлы жер» ахуалдық орталығында құрылыс материалдарының қажеттілігіне шолу жасалған. Соның нәтижесінде, бүгінде 106 нысанның құрылыс материалдарына деген сұранысы 51,4 млрд теңгені құрайтыны анықталды.
– Сондай-ақ біз «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс компанияларының құрылыс материалдарына деген қажеттілігі бойынша онлайн-витрина жасадық. Онда отандық құрылыс материалын өндірушілер қажеттіліктермен таныса алады және қажет болған жағдайда, тіркелуден өткен компанияларға коммерциялық ұсыныстар жібере алады. Құрылыс компаниялары жеке кабинетіне құрылыс материалын өндірушілерден коммерциялық ұсыныстар түскені туралы хабарлама алады. Онда коммерциялық ұсыныстарды қарастыруға, таңдауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта онлайн-витрина www.stroimaterial.kz адресі бойынша тестілеу режімінде іске қосылды, – деді А.Күздібаев.
Бұл жобаны жасаудағы мақсат – «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың ашықтығын арттыру және қазақстандық өндірушілерге құрылыс материалдарының қажеттілігі туралы ақпарат беру. Сондай-ақ отандық өндірушілерге құрылыс материалдары бойынша коммерциялық ұсыныстар жіберу. Түптеп келгенде осының бәрі тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық үлесті арттыру үшін жұмыс істемек. Қазіргі кезде отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету шамамен 65 пайызды құрайды. 2030 жылға дейін көрсеткішті 80 пайызға дейін ұлғайту міндеті тұр.