Парламент • 04 Наурыз, 2021

Коллектордың жосықсыз әрекетіне жол берілмейді

179 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыс барысында бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды.

Коллектордың жосықсыз әрекетіне жол берілмейді

Отырыста бірінші кезекте «Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласын­дағы салық саясатын жүргі­зу қағидаттары туралы келі­сімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Келісімге сәйкес 2024 жылдан бас­тап ЕАЭО елдері темекіге 1 мың дана үшін 35 евро индикативтік мөлшерлемені тиісінше 20%-ға ауытқу құқығымен қолдануы тиіс. Бұл ретте темекі өнімдеріне ак­циздерді кезең-кезеңімен үй­лестіру көзделеді.

Осы заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин егер ұлттық валютаның еуроға қатысты баға­мы өзгерсе, бұл темекіге акциздің мөл­шерлемесіне, сондай-ақ бөл­шек сауда бағаларына қалай әсер ететініне көңіл бөлу керектігін айтты.

Заң жобасын таныстырған Ұлт­тық экономика министрі Әсет Ерғалиев бағам күрт өзгер­ген жағдайда ЕАЭО-ға мүше елдер­дің әрқайсысы акциздердің инди­кативтік мөлшерлемесін қай­та қарауды сұрап, Еуразиялық эко­номикалық комиссияға жүгінуге құқы бар және шешім толық консенсусқа қол жеткізілген кезде, яғни ЕАЭО-ның барлық мүшесі келіскен кезде қабылданады. Осыған орай Нұрлан Нығматулин бұл жерде көп жағдай Ұлттық экономика министрлігі қыз­мет­керлерінің, сондай-ақ Еура­зиялық экономикалық комис­сия өкілдерінің бағамның барлық өзгерісіне қатысты жедел іс-әрекет етуіне байланысты бола­тынын атап өтіп, осы Келісім шең­берінде Қазақ­станның мүддесін, еліміздің міндеттемелерін де сақтау мақсатында уақтылы шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Жалпы заң жобасы темекі өніміне арналған акциздер мөл­шерлемелерін үйлестіру жолымен ЕАЭО шеңберінде темекі өнім­дері нарығының жұмыс істеуі үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл темекі өнімдерінің заңсыз айналымын тежеуге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Шартқа қатысты баяндама жа­саған Әділет министрі Марат Бекетаев құжаттың мақсаты тауар және қызмет көрсету белгілеріне, тауарлар шығарылған жерлердің атауларына қатысты құқықтарды алудың өңірлік жүйесін құру екенін айтып өтті.

Бұл жүйені құру ЕАЭО аума­ғында тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне және тауарлар шығарылған жерлердің ата­уына қатысты қорғауды алу рәсімін оңайлатады, бір еуразиялық өтінім беру арқылы өтініш берушілер үшін әкімшілік және қаржылық кедергілерді төмендетеді. Шартта тауар, қызмет көрсету белгілерін және тауарлар шығарылған жерлердің атауын құқықтық қорғау ерекшеліктері, оның қолданылу қағидаттары, құқық иеленушілердің құқықтары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттер берілген өтінімдерге қатысты жүзеге асыратын міндеттемелер мен өкілеттіктер көзделген.

«Шартта Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың тауар белгі­леріне және тауарлары шыға­рылған жерлердің атауларына құқықтық қорғауды беру тәртібі, өтінім берушілер мен құқық иеленушілердің құқықтары, сондай-ақ тиісті өтінімдерді қа­рау кезінде ұлттық патенттік ведомстволардың өзара іс-қи­мыл жасау тәртібі көзделген. Көр­сетілген объектілерді тіркеу­дің өңірлік жүйесін енгізу Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартта көзделген. Бұл жүйенің артықшылығы бір қорғау құжатын бес мемлекеттің аумағында бір уа­қытта алу мүмкіндігі болып отыр», деді министр.

Сонымен қатар өнеркәсіптік меншік объектілеріне қатысты тиісті қорғауды алу үшін ең маңызды факторлардың бірі – берілген өтінімнің басымдық күні екені мәлім болды. Бұл жүйе бір өтінім беру арқылы бес мемлекетте бір басымдық күнін белгілеуге мүмкіндік береді. «Шартты ратификациялау ұлттық тауар белгілері иелерінің құқықтарын шектемейді, сонымен бірге еуразиялық нарыққа бағдарланған отандық тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік ашады», деді Марат Бекетаев.

Одан кейін депутаттар екін­ші оқылымда «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне Қазақ­стан Рес­публикасында микро­қар­жылық және коллекторлық қызметті рет­теу мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасының мақсаты – қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейту. Аталған заң жобасына қатысты депутаттар бірқатар түзету енгізді. Олар: кредит беру тәуекелдерінің өсуіне және азаматтардың борыштық жүктемесінің шамадан тыс артуына жол бермеу, дау­ларды реттеу, борышкерлердің құқығын күшейту тетігін же­тілдіру, кредиторлардың қарыз алушылардың өтініштерін қарау және проблемалы берешекті реттеу мерзімдерін қысқарту (180 күннен 90 күнге дейін), микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсім­пұлдың) мөлшерін шектеу, сондай-ақ ипотекалық қарыз­дар­дың барлық түрі бойынша мерзімі өткен 180 күннен кейін сыйа­қылар мен комиссияларды есепке жазуға тыйым салу. Кол­лекторлық ұйымдардың жо­сық­сыз әрекеттеріне жол бер­меу үшін коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен өзара іс-қимыл жасауға тыйым са­луды, борышкерлермен өзара іс-қи­мыл жасау процесін бейне-аудио тіркеу міндетін белгі­леуді, коллектордың үшінші тұл­ғалармен өзара іс-қимылын жа­сауын шектеу ұсынылып отыр.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Атап айтар болсақ, депутат Қазыбек Иса «Ақ жол» ҚДП фракциясы депутаттарының Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалын оқыды. Сауалда Алаш қозғалысының қайраткерлеріне қатысты мәселе айтылды. «Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімі келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда кең. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерлігі ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ елі үшін құрбан болғандар! Сол себептен 2019 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірігіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеуінің негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімі ұмыт болған әр өңірден шыққан Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, басқа да нысандар атауларына қолдануды ұсынған болатынбыз. Алайда алынған жауаптар көңілге қонбайды. Жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшысының есімін атауымен шектелген. Мұндай әділетсіздікті біз үлкен саяси қателік деп есептейміз. Сондықтан «Ақ жол» партиясы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейінің қарсаңында, Алаш қайраткерлерінің есімдерін ономастика тұрғысында қолдануды жөн санап, аталған тізімді Үкіметке жіберіп отырмыз. Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары, 2019 жылы біз жолдаған хаттарды жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тапсырып, мыңдаған Алаш арысының қасиетті есімін жергілікті жерде ұлықтау шараларын бақылауға алуыңызды сұрайды», делінген сауалда.

Депутат Айгүл Нұркина Үкі­мет басшысына жастарды тұр­ғын үймен қамтуға қатысты депутаттық сауал жолдады. «Ел басшылығы жастар саясатына, атап айтқанда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге көп көңіл бөледі. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес Үкімет 2021-2025 жылдар аралығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын­ғы негізде жалға берілетін пә­тер­лер беруді жоспарлап отыр. Со­нымен қатар тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2022 жылдан бастап жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін пәтерлер құрылысын жыл сайын қаржыландыру қарас­тырылмаған. Осыған байланысты мемлекеттік бағдарламаға жұмыс істейтін жастар үшін жалға бері­летін пәтерлер құрылысын қар­жы­ландыруды 2025 жылға дейін ұзарту бөлігінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз» делінген депутат сауалында.

Одан кейін Қазақстанның халық партиясы фракциясының депутаттары Премьер-Министр­дің орынбасары Ералы Тоғжа­новқа бала күтіміне қатысты жәрдемақыны өсіру, бала күтіміне қатысты ақы­сы төленетін демалысты 2 жыл­ға дейін белгілеу, нәрестеге бері­летін қажетті заттар пакетін қай­та қарастыру бойынша сауал жол­дады.

Депутат Берік Бекжанов Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринға агенттік тарапынан елімізде астық тасымалдау тарифтеріне мониторинг жүргізу керектігін айтып, сауал жолдады. Сонымен қатар астық тасымалдау нарығында басымдыққа ие «Астық Транс» АҚ тарапынан астық тасымалы бағасының өсу фактісінің заңдылығы мен негізділігіне тексеру жүргізуді сұрады.