Өзім журналист ретінде өмірімнің үлкен бөлігін Үкімет жұмысын насихаттауға, оның жасап жатқан жұмыстарын халыққа жеткізуге арнаған екенмін. Енді міне, менің өмірім де судай жылжып қоңыр күзіме келіп қалыпты. Алла бұйыртса, келесі жылы зейнетке шықпақпын.
Осы мақсатта осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын сол жағалаудан жайлы пәтер алу мақсатында халық арасында сенімділігімен аты шыққан құрылыс компаниясына барып, өзіме ұнаған, отбасым үшін де қолайлы бір пәтерге жұбайымның атынан және оның қатысуымен келісімшарт жасастық.
Әрине, жайлы пәтердің бағасы жеңіл болмайды ғой. Біздің жиған-тергеніміз аздап жетіңкіремеді. Бірақ кәсіпорынның бұл тығырықтан шығаратын жолы бар екен. Сол жетіңкіремеген қаржыны құрылыс әбден аяқталғанға дейін төлеп тұруға компаниямен келістік және ешқандай үстеме пайызсыз. Құрылыс бір жарым жылдың ішінде аяқталып, пәтер кілті қолға тиетін болды. Келісімшартта осының бәрі жазбаша хатталды.
Осы аралықта ел өмірінде біраз жағымды жаңалықтар да болды. Соның бірі − Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ел азаматтарына өздерінің зейнетақы шоттарында жинаған қаржысының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға жол ашылуы. Бүгінгі күні осының заңды тетіктерін Үкімет органдары, тиісті министрліктер әзірлеп те қойды.
Осы өзгерістер туралы халық арасында министрліктер, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және осы істі жүргізу үшін Үкімет тарапынан арнайы белгіленген оператор банк өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. Олардың баспасөз мәслихаттары мен брифингтерде айтқан сөздерін естіп, қуанғандардың бірі мен болдым. Өйткені олардың сөзіне қарағанда, мен өзімнің зейнетақы жинағында жатқан қаржымның шекті деңгейден артылған мөлшерін құрылыс компаниясы салып жатқан пәтерімнің жетпеген бөлігіне жұмсауға әбден болады екен. Мұны тіпті оператор банк басшылығы да қайта-қайта нақтылап айтты. Егер зейнетақы шотыңызда басы артық қаржыңыз болса, сіздің салынып жатқан баспанаңыз мейлі бизнес санатындағы үй болса да, оның өтеу мерзімі ұзартылған бөлігіне (рассрочка) де пайдалануға болады деген сөз де айтылды.
Құдайдың құдіреті-ай! Оның үстіне, менің пәтердің қалған ақшасын бөліп төлеу бойынша өтейтін қаржы көлемі зейнетақы қорынан алатын артық ақшамның сомасымен сәйкес келе кеткені. Бұл – мәселе толық шешілді деген сөз.
Дегенмен ерте қуанған екенмін. Енді тұрғын үй жағдайым бойынша жеке мәселемді нақты шешу үшін құрылыс компаниясының сату бөліміне барған кезімде бір көлденең дүние алдымнан шыға келді. Ондағы жігіттердің айтуынша, зейнетақы қорындағы қаржыны Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры мақұлдаған үйлерге ғана пайдалануға болады екен. Компаниядағылар маған осы жөніндегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген тиісті ережені көрсетті.
«Қазіргі күні азаматтар зейнетақы қорындағы басы артық қаржысын ипотекамен алған пәтерге және комфорт класты үйлерге ғана пайдалана алады. Ал бизнес класты үйлер әзірге оған жатпайды. Әрине, біз аталған мәселені шешуді жоғары жақтан сұрап отырмыз. Бірақ әзірше жауап жоқ. Ал негізінде сіз секілді сұрақпен хабарласып жатқандар көп» деп түсіндірді олар.
Бірақ мынадай сұрақ туады: зейнетақы шотымда менің басы артық қаржым бар ма? Бар. Тұрғын үй жағдайымды жақсартпақ ниетім рас па? Рас. Президенттің мен секілділерге көмек жасағысы келгені ақиқат па? Ақиқат. Ендеше, мен неге өз жинағымды өз жағдайым үшін пайдалана алмаймын?
Бұл – көп адамды толғандырып жүрген мәселе. Сондықтан зейнетақы қорындағы «артық» ақшаны пайдалану ережелері тағы бір пысықталып, кейбір азаматтардың үйлі болуына кедергі болып отырған осы бір проблема шешуіледі деген үмітіміз бар.