Денисов ауданының 19 жастағы тұрғыны Абылайхан Қуандық жол шетінде әбден әлсіреп, теңселіп құлауға шақ тұрған елікті құтқарып қалғанын айтты.
– Біз ауылда өстік. Бала кезімізде ауыл іргесіндегі орманға жиі баратынбыз. Содан ба, жануарларды жақсы көремін. 25 ақпан күні, жанымда інім Нұржан бар, екеуміз жеке көлігіммен Нұр-Сұлтан қаласынан оқудан қайтып келе жатқанбыз. Ата-анамыз ауылда тұрады. Кенет жол шетінде тұрған елікті байқап қалдық. Әбден күші кетіп әлсірегенін бірден аңғардық, бізден көмек сұрап тұрғандай көрінді. Жануардың тұмсығы мен көзіне айнала қалың қар қатып қалыпты. Басын көтере алмай, тұмсығы жер иіскеп тұр. Не айналасын көре алмайды, не тебіндеп жайыла алмайды. Әбден ашыққан. Көзі мен тұмсығына қатқан ап-ауыр қардан мойнын көтере алмай қалған, – деді Абылайхан.
Ағайынды екеу көліктен түсіп, есеңгіреп тұрған елікке жайлап жақындай бастайды. Әншейінде анадайдан үркіп, атырыла жөнелетін жүйрік жануар қасына таяп келген адамды сезуден қалған, аздап қорыққанымен, қашуға шамасы жоқ. Абылайхан артқы сирақтан шап беріп ұстағанда елік те жығылады.
– Мен жібермей ұстап тұрдым. Нұржан алдымен мұз болып қалған қатқақ қарды ұрып сындырып, еліктің тұмсығын аршыды. Ауырсынды ма, жануар бақырып жіберді. Одан кейін ақырындап көзін құрсап жауып қалған қатқақты алып тастады. Көзі шайдай ашылған жануар бір сілкініп алды да, беті ауған жаққа шаба жөнелді, – деді Абылайхан.
Жолаушылар жануарды қалай құтқарғандарын видеоға жазып алып, әлеуметтік желіге салған екен, қаралымы күн санап көбейе түсіпті.
Қостанай облысы