Аймақтар • 04 Наурыз, 2021

Қостанай облысында ақылы жолдар пайда болады

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл «Қостанайдан Екатеринбург бағытындағы Ресей шекарасына дейінгі автожол жүк көліктері үшін ақылы болады. Бұл мәселе жөнінде «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ-ы «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында қоғамдық тыңдау жиындарын ұйымдастырды.  Қостанай қаласы мен Қарабалық, Федоров, Қостанай, Әулиекөл аудандарында өткен қоғамдық тыңдауларда тұрғындарға алдағы уақытта тест режімінде пайдалануға берілетін ақылы жолдың жұмыс жүйесі, төлем әдістері мен атамыш салаға қатысты заң талаптары түсіндірілді.  

Қостанай облысында ақылы жолдар пайда болады

Ақылы жол облыс орталығы және Қостанай, Федоров, Қарабалық аудандары арқылы өтеді. Бұл аралықта үш бақылау аркасы орнатылған. Төлем жүйесі ашық болады. Яғни, шлагбаумдар орнатылмайды. Көліктердің өту тәртібі арнайы бақылау аркаларына бекітілген камералар арқылы бақыланады.

- Жол жүргізушілерден түскен қаржы қоры есебінен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ақылы жолдардың күтіміне мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бұл бюджеттегі қаражатты басқа да әлеуметтік маңызды қажеттіліктерге жұмсауға мүмкіндік береді, - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Тұрсын Әлімбеков.

Тағы бір республикалық маңызы бар күре жол – Қостанайдан Нұр-Сұлтан қаласына апаратын автожолдың Есіл ауданы шекарасына дейінгі тұсы да ақылы болады. Облыста пайда болатын ақылы бағыттардың екеуі де 2-ші және 3-ші санаттағы жолдарға жатады. Яғни, жол тек жүк көлігі үшін ғана ақылы болады. «ҚазАвтоЖол» мамандары жаңа жолдар жүргізушілердің қауіпсіздігі мен заманауи талаптарға жауап беретіндігін айтады. Барлық ақылы автожолда міндетті түрде түнгі жарықтандыру және жауапты учаскелерде малдың өтуіне тосқауыл болатын қоршаулар, сондай-ақ түнгі уақытта жол бағдарын анық көруге көмектесетін жарық шағылыстырғыштар мен катафоттар болады.

Мамандардың айтуынша, ақылы жолды енгізу  жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға айрықша әсер етпек. Мәселен, жолбойында демалатын орын, көлік тұрағы, қонақ үйлер, супермаркеттер, дәретханалар, дәріханалар бой көтереді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ақылы жолдар полиция бақылауында болады. Жол қызметі көлік жүретін бөліктің жай-күйін қадағалап, қысы-жазы көлік жолынның таза болуын қамтамасыз етеді және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсетеді.

 

Қостанай облысы